«Жұмақтың кілті» үшін неге таласпаймыз?
Қасиетті ұғым отбасының екі тірегі – әке – шешеге ықылым заманнан бері ерекше құрмет көрсетіліп келеді. Алла Тағаланың өзі Құран Кәрімде ата-анаға жақсылық жасауды бұйырып, «Жұмақтың кілті ананың аяғының астында» екенін ескерткен. Сондықтан да Құран Кәрімде көптеген ізгі іс, ақыл-кеңес ата-ананы аялауға арналады. Хазреті Имам Нәсәфи былай деген екен: Ата-ананың (әке-шешенің) баласында сексенге жуық ақысы бар. Олардың 40-ы тірі кезінде, 40-ы қайтыс болғаннан кейін орындалады. Тірі кезіндегі он ақысы дене мүшемен, оны тілмен, оны жүрекпен (көңілмен), қалған оны ақшалай өтеледі. Перзенттің көзі тірі кезінде әке-шеше алдындағы қырық парыздың бірі - оларды ренжітпеу, өкпелетпеу, разылықтарын алу.
Бүгінгі «тас қоғам» ұл-қыздың ата-анасы алдындағы парыздарын ұмыттырып бара жатқандай. Перзент ананың, әкенің алдындағы қарызынан өмір бойы құтыла алмайды. Барлығымызды анамыз тоғыз ай он күн құрсағында көтерді ғой. Бұл бірінші үлкен қарыз. Ал ана үшін бір перзентті дүниеге келтіру, тууы өмір мен өлім арасында тұрады. Бұл екінші үлкен қарыз. Бір жапырақ қызыл еттен сізді адам етіп, өсіп-жетілдіру бұл үшінші үлкен қарыз. Міне сондай қиыншылықпен, тауқіметпен сіздің өмірде кірпіш болып қалануңызды қамтамасыз етті. Осындай жақсылыққа бүгінгі ұл-қыздың қайтарымы қандай? Қарттар үйі ме?
Статистика агенттігінің мәліметі бойынша еліміздегі қарттар үйі 67-ге жетіп, онда 12 мың адам тұрып жатыр. Тіпті, жақында Алматы қаласынан жеке меншік «қарттар үйі» ашылыпты. Мұсылман ел Қазақстанда «керексіз ата-аналардың мекемесінің» артып отырғандығы жанға батады екен. Баспасөз беттерінің бірінде «Қарттар үйін» паналап отырған бір кемпірдің әңгімесі жарияланыпты. Байғұс ана жалғыз ұлының астында қымбат көлік, екі қабатты үйі бар екенін мақтанып айтыпты. Енді, қайсін іштен шыққан шұбар жыланын жамандауға аузы бармаған шығар. Айналайын, перзент-ай, сол көлікте қуанып анаң отырмаса, төрт дөңгелектен, анаң немерелерін құшақтап сол зәулім үйіңнің бір бұрышында отырмаса қырық бөлмеден не пайда? Ата-ананың көзі жасы бала үшін кешірілмейтін күнә емес пе? Қартайғанда бейнетінің зейнетін көрмесе қарттар үшін сол қайғы.
Ата-анасынан безінген безбүйрек ұрпақты қайтсек мейірлендіреміз? Ол үшін адамдардың бойындағы иманды күшейту қажет. Сауд Арабиясындағы мына бір болған оқиғаны жастар үшін сабақ болсын деген ниетте жазғым келіп отыр.
Жақында Сауд Арабиясында бір құрсақтан шыққан екі ағайынды жігіт бірін-бірін сотқа беріпті. Олар аналарын бөлісе алмағанға ұқсайды. Яғни қарияны екеуі де қолына алғысы келген екен. Кейуананың үлкен ұлы кіші ұлы қаладан оқуын аяқтап келгенше анасына қамқорлық жасап келген екен. «Еркетайы» білімін жетілдіріп келген соң анасын өз қолына алғысы келеді. Алайда ағасы «Жұмақтың кілтін қалайша жіберемін» деп бұған келіспепті. Сонда олар таңдауды анасына берген екен. ана үшін барлық перзенті бірдей емес пе, қалайша бөліп-жарсын? Сондықтан ағайындылар әділдік іздеп сотқа жүгінеді. Сот анасы кіші ұлдың қамқорлығында қалуы керек деген үкім шығарады. Сонда үлкен ұлы (ағайындылар бір қалада тұрса да ) анасын қимай ұзақ жылап, шығарып салған екен.
Әр адам анасын осылай жақсы көріп, жұмақтың кілті деп санап, әулиесіндей көрсе ғой шіркін, қазіргідей «Қарттар үйі» деген ұғым да болмас еді.
Асқар Серікәлиев, Алматы облысы,
2016 ж