Истихара намазы қалай оқылады?

Oinet.kz 19-08-2019 1710

Screenshot_6.jpg

Адам баласының қателескіш, ұмытшақ, әбігер де әлсіз жартылғандығынан Құран аяттары хабар береді. Адам ата ұрпағының білімі мен ақылы да шектеулі. Сондықтан да алдымыздан маңызды таңдау, қиындық, қайғы-қасірет шыққанда біреуге арқа сүйеп, сенім артып, тезірек тығырықтан шыққымыз келіп тұратыны бар. Бірақ Аса Мейірімді Алла бір істі бастамақ болған пенденің күмәні мен күдігіне тоқтау салып, уайымы мен мазасыздығын сейілтетін кереметтей «КӨМЕКШІ» сыйлаған! Ол – көңілдердің жұбанышы болған истихара намазы (дұғасы).

  Истихара оқыған ұтылмайды!

Истихара – құлдың Раббысына барлық ісін, тіпті, өзін тапсыруы, мақсатының баяндылығын, берекесін бір Алладан сұрауы, Оған сүйенуі. Мұқтаждығын, әлсіздігін ашық білдіріп, бойсұнуы. Өйткені, Алла – күллі әлем қазыналарының, жүректер мен тағдырлардың  Иесі, көмес пен көрнеуді, сыр мен сыбдырды, жасырын мен әшкерені Білуші. «Адамға сенген мұрттай ұшады, Аллаға сенген құстай ұшады», «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады» деген аталы сөздер – истихараға жүгінгеннің ұлы жеңіске жететіндігін нұсқайды. Ол ұтылысқа да, шығынға да, өкінішке де ұшырамайды. Ғылыми жұмыс, сабақ мәселесінде мұғаліммен, профессормен ақылдасып, сәттілікке жетіп жүргендер қаншама? Ал, истихара – Алламен ақылдасу, кеңесу, Өзі разы болатын дұрыс таңдау жасауда көмек сұрау. Өйткені, бізге бәрінен де артық жақсылықты қалаушы – Алла ғана. Жаратушымызбен байланыста болу – берекенің кілті, сәттіліктің қайнар бұлағы. Мұны жүрекпен түсінген саңлақ сахабалар: «Әт-тахият пен истихараны оқу әдістерінен басқа ешнәрсе жазбайтынбыз» деген екен.

  Истихара дұғасының мәтіні

Жәбир ибн Абдуллаһ (Алла оған разы болсын)  былай дейді: Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бізге барлық істерде Құран сүрелерінің бірін мұқият үйреткеніндей (Алла Тағаладан) истихара сұрауды үйретіп, былай дейтін еді: «Егер сендерден біреуің қандайда бір істі бастамақ болса, парыз етілмеген екі ракағат истихара намазын оқысын да, кейін былай десін:

«Аллаһумма инни астахи-рука биъилмика, уә астақди-рука биқудратика, уә әсәлукә мин фадликал ъазим, фә иннәкә тақдиру уә лә ақдиру, уә таъламу уә лә аъламу, уә әнта ъалламул ғуйуб. Аллаһумма ин кунта таъламу әннә һәзәл амра хайрун ли фи дини уә маъаши, уә ъақибати амри (ъажилиһи уә әәжилиһи) фақдурһу ли уә яссирһу ли суммә бәрик ли фиһи, уә ин кунтә таъламу әннә һәзәл амра шаррун ли фи дини уә  маъаши уә ъақибати амри (ъажилиһи уә әәжилиһи) фасрифһу ъанни уасрифни ъанһу уақдур ли хайра хайсу кәнә суммә ардыйни биһ»

 «Иә, Алла! Маған іліміңнен игілік бергейсің. Құдіретіңмен мені қуатты еткейсің. Кең пейіліңмен мені қуанышты еткейсің. Расында менің құш-құдіретім жетпейді. Мен еш нәрсені білмеймін. Ал Сен барлық нәрсені білесің. Әрі Сен көместі де толық көрушісің. Иә Алла! Егер бұл істің дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында, (немесе былай дейді: қазіргі өмір тіршілігімде, келешекте) (бұл істің) мен үшін қайырлы екендігін білсең, оны маған нәсіп ете гөр,  әрі маған ол істі оңай етіп, кейін оны мен үшін берекелі ет! Ал егер бұл істің дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында (немесе былай дейді: қазіргі өмір тіршілігімде, келешекте) (бұл істің) мен үшін жаман екендігін білсең, оны менен алыстата гөр. Әрі мені де одан аулақ ет. Қай жерде болса да мен үшін жақсылықты нәсіп ет, мені сол жақсылықпен разы ете гөр»(Бұхари).

  Истихараны қандай істерге оқуға болмайды?

Кез келген адам дүниедегі барлық іске қатысты истихара оқи алады. Жәбір ибн Абдуллаһ (оған Алла разы болсын): «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге барлық істерде Құран сүрелерінің бірін мұқият үйреткеніндей, Алла Тағаладан истихара (сол істің жақсылығын) сұрауды үйрететін» деген (Бұхари). Алайда, уәжіп болған (міндетті) амалдарда бұл дұға оқылмайды. Мәселен, үтір намазы уәжіп саналады. Осы жағдайда «үтір намазын оқысам ба, оқымасам ба» деп дұға жасамаған дұрыс. Немесе бір жігітке үйлену уәжіп болды делік. Оның көңілі екі бірдей қызға түсіп тұр. Жігіт «үйленсем бе, үйленбесем бе» деген мәселеге емес, пәлен деген қызбен сөз байлассам ба, байласпасам ба» деген таңдауға истихара оқиды. Сондай-ақ, дініміз қайтарған (харам еткен) істерге де истихараның қатысы жоқ (арақ ішсем бе ішпесем, өтірік-ғайбат айтсам ба, айтпасам ба деген секілді).

Ғалым ибн Хажар әл-Асқалани былай деген: «Жүрекке келіп-кететін нәрселердің 3 тәртібі болады:

1. Осыны жасасам ба, жасамасам ба деп қатты ойланып кетеді.

2. Осыдан бір апат (бәле) келіп қала ма екен деп ойға батады.

3. Осы екеуінің қайсысын атқарсам маған береке келеді, мынаусынан жамандық келіп қала ма екен деп уайымға түседі. Міне, осы үш жағдайда истихара оқылады. Және бұл үш ойдың ешқайсысына күнә жоқ».

  Истихара қалай оқылады?

 Истихара дұғасын оқымас бұрын, парыздан бөлек екі ракағат намаз оқылады. Кейбір ғалымдар (оның ішінде имам Науаи да бар) арнайы истихара үшін екі ракағат намаз оқымай, уақыты кірген сүннет намаздан кейін истихара дұғасын оқи беруге болады деген. Алайда, әу баста осы бесін намазының сүннетінен кейін истихара дұғасын оқимын деген ниеті болуы тиіс. Егер, бір тауар сатып алу, бір кісіге сыйлық жасау, пәтер жалдау, сапарға шығу секілді шұғыл істер пайда болғанда, намаз оқуға мүмкіндік болмаса, дұғасын ғана оқуға да рұқсат етіледі. Әрине, намаздан кейін оқу – абзалы.

 Истихара дұғасын намаздағы сәлемнің алдында немесе кейін оқуға байланысты да бірнеше пікірлер бар. Ибн Хажар әл-Асқалани сынды ғалымдар дұғаны сәлемнен бұрын оқу керек дегенді айтса, басқа топтағы ғалымдар сәлемнен кейін айтудың абзалдығын тұжырымдайды. Қысқасы, екі жағдайда да рұқсат етілген. Алайда, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көптеген дұғасы сәлемге дейін, яғни намаздың ішінде болғандығын да қаперіңізге ала отырыңыз.

Истихараның алғашқы аятында «Кәфирун», екінші аятында «Ықылас» сүресін оқу құпталады.

 Истихара қандай уақытта оқылады?

Истихара оқуға бекітілген арнайы уақыт жоқ. Тыйым салынған уақыттардан (таң намазынан күн көтерілгенше, екінті және ақшам намазының аралығы) басқа барлық уақытта оқуға болады. Алладан дұға сұрайтын болғандықтан, түннің үшінші бөлігіне қалдырғанымыз да жөн. Өйткені, Алла Тағала бұл уақытты ерекше атап, береке жаудырған, тілектерді қайтармайтындығына уәде берген. «Түнде үтір намаздарыңды соңғы намаз етіңдер» деген хадиске сүйенсек (Бұхари, Муслим), истихараның үтір уәжіптен бұрын оқылғаны жөн.

  Истихараның нәтижесін қалай білеміз?

Адам истихара қылғаннан кейін, Алланың оның жүрегін бір іске байлап қойса (адамның көңілі, жүрегі қалап тұрады), сонда береке бар. Ол істің ең үлкен сипаты – жеңілдікпен көмкерілген болады. Адамның жүрегі тыныштық табады. Ғалымдар «егер, адам истихарадан бұрын «осыны жасасам маған жақсы болады» деп шешім қабылдап қойған болса, истихарадан кейін де соны жасай бергені дұрыс» деген. Тағы бір ескеретін мәселе, истихарадан кейін атқарылған амалдар әрдайым қуанышқа, бақытқа кенелте бермейді. Мәселен, жігіт те, қыз да ықыласпен истихара оқып, отбасын құрып, кейіннен ұрыс-керістер көбейіп кетті делік. Егер, екеуі де ықыласты болған болса, мұнда да біз білмейтін үлкен бір қайырдың болуы мүмкін (Алла жақсырақ білуші). «Сендер бір нәрсені ұнатпағанмен, ол сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Ал сендер бір нәрсені жақсы көргенмен, ол сендер үшін жамандық болуы мүмкін. Алла біледі, сендер білмейсіңдер» («Бақара» сүресі, 216-аят).

 Истишара – истихараның ажырамас серігі

Истихара оқығанның көңілі қалмайды, өзгемен ақылдасқанның қайғысы болмайды.  Яғни, истихара оқыған адамның келесі жүгінері – истишара, яғни істің білгірлерімен ақылдасу. Ол адам саған шын жанашыр және сол істе тәжірибесі болуы тиіс. Хадисте ақылдасуда береке бар екендігі айтылған.  Ұлы Алла ақ пен қараны ажыратуда ең кемел болған Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «(Ей, Мұхаммед)... Әрі іс жөнінде олармен кеңес» («Әли Имран» сүресі, 159-аят) деген аят түсірді.

Осылайша Жаратушы адамдардың арасындағы ең ақылды, кемел, ең дана адам болғандығына, Алладан уахи алатындығына қарамастан, Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айналасындағы адамдармен ақылдасуды бұйырады. Жаратушы бұл арқылы пайғамбар болмайтын қоғамда бір-бірімен кеңесудің маңыздылығын үйретеді. Алла Елшісі де (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үнемі адамдармен кеңесетін, сахабаларды жинап, мәселелерді ақылдасатын. 

Дереккөз: http://mazhab.kz

«Жұмақтың кілті» үшін неге таласпаймыз?
Әкесін тура жолға салған бүлдіршін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу