Шарасыздықтан алынған несиеге шариғат не дейді?

Oinet.kz 14-08-2019 1702

Screenshot_2.jpg

  Несие - өсіммен қарыз алу. Ал, өсімге Алла Тағала Құран Кәрімде қатаң түрде тыйым салған. Бұл туралы сахаба Жәбір былай дейді: «Алла елшісі өсім жеушіні де, жегізушіні де және жазушыны да, оған куәлік етушіні де лағынеттеді. Және олардың бәрі тең дәрежеде (күнәлі) екендігін айтты». Хадистен аңғарғанымыздай өсімге қатысы бардың баршасы бірдей ауыр күнәға ортақ болып есептеледі. Тек өте зәру, шарасыз жағдайда ғана рұқсат. Құран Кәрімде: «... Шын мәнінде, сендерге, Алла харам еткен нәрселерді ашық баян етті. Бірақ, егер, шарасыз болсаңдар ол басқа...»,- деп тек амалы қалмаған жағдайда ғана келісімін берген. 

 Белгілі дінтанушы Досай Кенжетай: - Банктен несие алу — харам. Алайда ол қазіргі жағдайда банктен несие алмай өмір сүру мүмкін емес. Өмірлік қажеттілік адамдарды несие алуға мәжбүрлейді, олардың басқа шарасы жоқ. Өйткені өмір сүріп жатқан қоғамыңның тұрмысынан сырт болу мүмкін емес. Міне, осындай қиындықтар мен мұқтаждықтар діндар мұсылмандарға ислам шарттарына сәйкес өмір сүруге мүмкіндік бермей отыр. Оларды бұлжытпай орындау үшін белгілі жағдайлар қажет. Ал жағдай жоқ болмаса, мың жерден «өсімге несие алуға болмайды» десең де, ешкім сөзіңе құлақ аспайды», - деген пікірде. 

 Имам ағзам Абу Ханифаның басты принципі бойынша, қандай да бір нәрсе белгілі жағдай болған кезде жүзеге асады. Түрлі жағдайларда жүзеге асқан әрекеттердің үкімі де бірдей бола алмайды. Ең басты шарт – жағдай жасау.

 Сондықтан «несие алу харам» деген ұғымды жағдай мен уақыт төңірегінде қарастырған жөн,– дейді Досай Кенжетай.

 Дегенмен, имамдар қанша харам, ауыр күнә деп дүре соқса да, қара халықтың өсімге деген сұранысы төмендеген емес.  

Не үшін үйлену керек?
«Жұмақтың кілті» үшін неге таласпаймыз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу