Діни фанатизімге салынып, әркімге бір еліре еліктемеу керек

Oinet.kz 25-07-2022 2262

СЕНІМ және ДІН - осы екі ұғымның ара-жігін ажыратуға тырысып көрейік. СЕНІМ дегеніміз - Ұлы Құдірет иесі Жаратушының бар екендігіне сену, илану. Басқаша айтар болсақ, СЕНІМ - ол біздің санамыздан тыс, ақыл-ойымыздың шеңберіне симайтын тылсым күштің, яғни бір Жаратушы Құдіреттің бар екендігін мойындау.

Screenshot_9.jpg

Ал енді ДІН дегеніміз не? Қысқа қайырар болсақ, ол  ЖАРАТУШЫҒА апаратын ЖОЛ. 

Иә, сан салалы, алуан түрлі жол. Мысалы, христиан, ислам, буддизм, иудаизм, конфуцианство, даосизм т.б. және олардың толып жатқан тармақтары болып жіктеліп, бөлініп кете беретін сан салалы соқпақ. Дінтанушыларың кейбір зертеулеріне сенер болсақ, осы күнде олардың ұзын саны үш жүз елуден асып жығылатын көрінеді.

Қазіргі кезде қарап отырсақ, көптеген адамдар құдайға емес, сол құдайға апаратын жолға, яғни діннің өзіне сенетін, табынатын тәрізді. 

Өйткені, мұндайлардың әр қайсысы тек біздің жолымыз ғана ақиқат, жұмаққа апаратын тура, түзу жол деп өз ұстанымдарын барынша дәлелдеп бағуда.

Оның салдары ұрыс-керіс, дау-дамайларға, тіпті ғасырлардан ғасарларға созылып келе жатқан алапат соғыстарға ұласуда.

Енді осыған орай айтайын дегенім, иманның негізгі шарттары, қағидалары адам баласын қатегездікке емес қайырымдылыққа; жауыздыққа емес, бауырмалдық пен жанашырлыққа, ізгі амалдарға бейімдеу емес пе еді?

Сенімнің негізгі қажеттілігі - адамды адам кейпінде сақтап қалу ғой.

Ал кейбір фанатизмге салынған адамдар сенімнің мазмұнына үңілгеннің орнына, қарама-қайшылыққа толы діни догмаларды орындаймыз деп жүріп, адамға тән мейірім мен аяушылық сезімнен ада болып бара жатқан сияқты.

Діни түсініктер мен көзқарастарды бір-біріне қарама-қарсы қоймай-ақ, жалпы адами құндылықтарды бойға сіңіру арқылы Жаратқанға жол табуға болады ғой.

Қорыта айтар болсақ, Сенімге, яғни Жаратушыға табынамыз ба, әлде дінге табынамыз ба деген сұраққа жауап беруге тура келетін тәрізді.

Сенімге табынсақ, адамзат баласында бірлік болады, өйткені әр қайсымыз әр түрлі атпен атағанымызбен табынатын Жаратушымыз жалғыз. 

Дінге табынсақ, әркімнің дүние танымы әр басқа болғандықтан, қарама қайшылықтарға тап боламыз. Оның салдары арғы бергі тарихтан белгілі.

Сенім болғанда да, бізге керегі жаттанды соқыр сенім емес, ғылымға негізделген дәлелі бар сенім. Жалпы сенімнен ада адам баласы болмайды. Сенім біз құдайсыздар деп ат қойып, айдар тағып  жүрген атеисте де бар. Ол жаратушының жоқ екеніне сенеді. Сол ұстанымы мен күдігінің арқасында, атеистер өздері аңғармаса да, табиғи құбылыстарды зерттеу арқылы, небір жаңалықтар ашып құдайдың  шексіз құдіретін осы уақытқа дейін үздіксіз дәлелдеуде. Осы тұрғыдан қарағанда кейбір кезде діндар адамға қарағанда атеист құдайға бір табан жақынырақ па деп те қаласың.

Дана халқымыз жақсы көрген адамын "бұл кісі өзі бір құдайға қараған адам" деп ардақтап, құрметтеп жатады.

Ал жаман адамды құдайдан безген, арсыз, қасиетсіз деп қарғап-сілеп даттап жатады. 

Осының өзі біздің ежелден бері қалыптасқан ұлттық дүние танымымыздың  айшықты көрінісі, бұлтартпас дәлелі емес пе?

Бір жаратушы Ұлы құдірет иесіне деген Сенім адам баласының бойында болуы шарт. Бірақ асыра сілтеп діни фанатизімге салынып, әркімге бір еліре еліктемеу керек.

ДІНГЕ емес, ҚҰДАЙҒА сенейік, ардақты ағайын!

Мұқтарбек Тұрысбекұлы

Аузы сасық құл сатып алған патша
Анасы үшін жұмаққа барудан бас тартқан жігіт
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу