Жүкті әйелдерге Алла мынадай сый жазды

Oinet.kz 17-07-2020 2814

«Көп туатын, сүйкімді әйелдерге үйленіңіздер» (Хадис)

Жас жұбайлар некеге тұрғаннан кейін, Алладан олардың шаңырағын сәбимен берекелі етуін сұрайды. Алла Тағала олардың тілектерін орындайды. Осы тілектің орындалуына апаратын бірінші кезең – жүктілік. Осы туралы Құранда: «Ерінен бала көтеріп, ері оған риза болғанда әрқайсыларың қуанбайсыңдар ма? Сонда оған (әйелге) жүктілігінің әр күні үшін күндіз ораза тұтқанның, түнде Аллаға құлшылық еткеннің сауабы жазылады» - делінген.

Жүкті әйелдің мәртебесі – өте жоғары. Пайғамбарымыз (ﷺ) бұл туралы: «Әйел құрсақ көтерсе, оған Алла жолында күнімен ораза ұстап, түнімен намаз оқығанның сауабы жазылады. Ал босанар уақыты жақындап, қиналған сәтте, Алланың ешбір жаратылысы ол әйел үшін қаншалықты сый-сияпаттың әзірленгенін білмейді. Дүниеге нәресте әкеліп, көкірегіндегі сүтімен баласын емізген әр сәті үшін, нәрестенің әр емгені үшін де марапатталады. Өліні тірілткендей болады. Баланы емізуді доғарған уақытта, періште оның иығынан түртіп, «сый-сияпат алуды жалғастыр» дейді» - деген.

Жүктілік жағдайы тек әйел баласына ғана бұйырылған бақыт. Өйткені, жүктіліктің ізгіліктері де, жүкті әйелге уәде етілген сауап та көп.

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Жүктілік кезінде немесе толғақ кезінде яки содан кейін (нифас (босанғаннан кейін келетін қан) күйінде) жан тапсырған әйел дін үшін шейіт болған адамның дәрежесіне жетеді» (Ахмад, Мәлік, Ибн Хиббан).

Тағы бір хадисте Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізілген: «Күйеуінен аяғы ауыр болып, күйеуі оған разы болса, оның жүктілігінің әрбір күніне Алла жолында күндіз ораза ұстап, түнде намаз оқығандай сауап жазылса, әрбірің риза болмайсыңдар ма? Толғақ басталғанда тіпті аспан мекендеушілері (періштелер) мен жерді мекендеушілер де Алла Тағаланың Өз қазынасынан ол әйелге қандай сауап дайындап қойғанын білмейді. Босанғаннан кейін сәбидің емген әр жұтым сүті үшін сауапқа кенеледі. Бала жылап, оған ұйқы бермесе, оған Алла жолында дені сау жетпіс құлды азат еткендей сауап жазылады. Менің қандай әйелдер жайында айтып тұрғанымды білесіңдер, Аллаға, өзінің күйеуіне мойынсұнушылықта өмір сүретін және жасаған ізгі амалдарын ұмытатын әйелдер жөнінде айтып отырмын». (Хасан ибн Суфьян баяндаған, әт-Тәбәрани риуаят еткен).

Әбу Умама Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізген: «Аяғы ауыр, бала туатын, бала емізуші, балаларға мейірін төгетін әйелдер күйеулеріне жақсы қараса және намаз оқыса, міндетті түрде Жәннатқа кіреді» (Мұны жеткізгендер: Хаким, 7331, Әт-Тәбәрани, 898, Ахмад, 22227)

Сондай-ақ, ол былай деген: «Әйел адамның бала көтерген кезінен бастап, баласын емшектен шығарғанға дейінгі кезі ислам мемлекетінің шекарасын қорғайтын адамның халімен парапар. Егер ол сол аралықта қайтыс болса, дін үшін шейіт болған адамның сауабын алады».

Сол себепті, әйел адамның жүктілік пен босанудың қиындықтарына сабырмен, шыдамдылықпен төтеп баққаны жөн. Себебі, оған сол төзімділігі үшін орасан зор сауап уәде етілген.

Сахаба Мәил ибн Ясар (Алла оған разы болсын), Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін риуаят еткен: «Сүйетін және жиі бала туатын әйелдерге үйленіңдер. Қиямет күні мен өзге пайғамбарлардың алдында үмбетімнің көптігімен мақтанамын» (Ахмад).

Тағы бір хадисте былай делінген: «Егер әйел сауап аламын деген үмітпен бақытсыздыққа (баласынан айрылып қалғанына) сабырмен шыдап бақса, сол шетінеген сәбиде анасын Жәннатқа жетелейтін болады» (Ахмад).

Сонымен қатар: «Әйел адам сәбиін емізген кезде нәресте сүттің әрбір тамшысын жұтқан сайын, анасы бір адамның өмірін құтқарғандай сауапқа ие болады. Ал, ол сәбиін емшектен алған кезде періштелер: «Қуана бер, бұрынғы күнәларыңның бәрі кешірілді!» − деп, арқасынан сипайды» (мұнда кіші күнәлар жайында айтылып тұр, бірақ, соның өзі үлкен сый).

«Жүкті, туатын, емізетін, балаларға мейірімді әйелдер, егер олар күйеулеріне нашар қарым-қатынас жасамаса және намаздарын орындаса, міндетті түрде Жәннатқа кіреді». Кейбір ғалымдар осы хадиске байланысты «әйелдер туатын, емізетін, балаларға мейірімді болған қалыптарынан ажырамағанға дейін ең жақсы, ең берекелі әйелдер саналатын болады» деген екен. Тағы бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендерге Жәннаттың тұрғындарынан болған әйелдеріңді айтайын ба? Бұлар жақсы көретін, көп туатын, күйеулеріне пайдалы болғандар. Мұндай әйел егер күйеуі ашуланса, қолын оның қолына қойып: «Сен маған разы болмайынша көзімді ілмеймін» деп айтады» деген.

Жүктілік кезіндегі әйелдерге пайдалы кеңестер

Жүктілік кезінде сақтық шараларын қабылдап, денсаулықты күту керек. Өйткені, әйелдің титтей болса да әлсіреуі баланың денсаулығына әсер етуі мүмкін. Жүктілік кезінде іштің қатып қалмауын қадағалау қажет, себебі, бұл әйелдің түсік тастауына әкеп соғады. Жүктілік пен емізу кезінде ішті жүргізетін де дәрі ішпеген жөн. Сол сияқты, іштің өтуінен де сақтану қажет, бұл әйелді әлсіретеді. Сондықтан, тамақтың теңдестірілген болуын және құрамында ас қорытуды жақсартатын өнімдердің болуын мұқият қадағалау керек. Салат және қияр секілді жасыл көкөніс көбірек жеңіз. Пайдаланбас бұрын жақсылап жуылғанына көз жеткізіп алыңыз. Аяғы ауыр әйелдің сүт өнімдерін көбірек пайдаланғаны дұрыс, себебі, олардың құрамында болашақ дүниеге келетін сәбиге қажет ақуыз бен минералдар көп.

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрманың жүкті әйел мен оның болашақ сәбиі үшін маңыздылығы мен пайдасын ерекше атап өткен. Құранда Исаның (оған Алланың сәлемі болсын) анасы Мәриәмға (Алла оған разы болсын) босанатын кезінде және босанғаннан кейін күш беру үшін құрманың сыйға тартылғандығы бекер айтылмайды. Құрманың құрамында жүктіліктің соңғы айларында жатыр бұлшық етін нығайтатын заттар бар. Ал, бұл әйелдің аман-есен босануына септігін тигізеді. Құрма емшек сүтін сәбиге қажетті заттармен байытып, оның иммунитетін нығайтады. Заманауи ғылым дұрыс тамақтанудың рационына құрманың да міндетті түрде кіруі керектігін дәлелдеді. Оның құрамында қант, май мен ақуыз, қажетті дәрумендер бар, сондай-ақ, ол табиғи талшықтарға бай. Асқазан қатерлі ісігінің алдын алу үшін құрманың әсері зор екенін медициналық зерттеулер дәлелдеп берді. Құрма құрамындағы заттардың әр түрлілігі бойынша басқа жеміс-жидектерден асып түседі. Оның құрамында май, күкірт, темір, калий, фосфор, марганец,мыс, тағы басқа да пайдалы заттар бар.

Сонымен бірге, харам етілген және күмәнді тағамнан аулақ болу қажеттігін де қаперіңізде тұтыңыз, мұның да болашақ сәбиге әсері бар.

Шейх Әшраф Әли Сәнуи былай жазады: «Егер бала туылғанға дейін оның әке-шешесі өзгеріп, тура жолға түссе, баланың тақуа болмауына ешқандай себеп жоқ. Жүктілік кезіндегі ата-ананың іс-әрекеттері әлі дүниеге келмеген балаға қатты әсер етеді. Бір тақуа кісінің баласы тіл алмайтын қияңқы болған. Бірде сол кісіден біреу: «Қызық, сіз өзіңіз сондай тақуасыз, балаңыз неге сонша тілазар?» − деп сұраған. Сонда әлгі тақуа кісі былай жауап берген: «Бір күні кешкісін мені бір ауқатты адам (оның табысы күмәнді болатын) үйіне кешкі асқа шақырды. Тамақтан кейін менің нәпсім оянып, әйеліммен жақындастым. Содан әйелімнің құрсағына бала бітті. Бұл бала  – күмәнді тағамның жемісі».

Сол себепті, әсіресе, жүктілік кезінде тек қана халал жолмен табылған ақшаға алынған халал ас ішудің маңызы зор. Тағамның құрамында не барына күмәндансаңыз, жемеңіз.

Егер әйел адам жүктілік кезінде сырқаттанып қалса, міндетті түрде дәрігерге хабарлау қажет. Себебі, кейбір дәрілер жүкті әйелдерге зиян.

Туыстарыңызға аяғыңыз ауыр екенін айтуға ұялудың қажеті жоқ. Олар сіздің мойныңызға ауыр жұмыс артпауы керек. Бұл уақытта әйел адамға ауыр заттар көтеруге, секіруге, жүгіруге немесе басқа да физикалық ауыр жұмыспен айналысуға болмайды (әсіресе, бастапқы үш ай ішінде), өйткені, қан кетіп, әйелдің түсік тастау қаупі бар.

Әйел адам баланың тәрбиесінің ананың құрсағынан басталатынын есте сақтағаны жөн. Бұл оның ойы, басынан өткізген сезімі, оқыған кітаптары мен көрген бағдарламалары, оны қоршаған орта арқылы жүзеге асады. Сол себепті, жүкті әйел өзінің қандай сезімде екенін қадағалауы тиіс. Мәселен, жағымсыз, қорқынышты нәрселерден аулақ болып, керісінше, көңілге жағымды, әсем нәрселерге қарау керек.

Сондай-ақ, зарарлы әдебиет немесе бағдарламаларды тамашалаудан, жаман ойлардан, зиянды әдеттерден, күнәлі істерден іргеңізді аулақ ұстауыңыз қажет. Себебі, мұның бәрі әлі жарық дүние есігін ашпаған сәбиге, оның мінезіне ықпал етуі ғажап емес. Әйел адам тақуа жандардың арасында болып, жақсы кітаптар оқығаны (әсіресе, Құран оқып, тыңдағаны дұрыс) және Алланы еске алатын және дін туралы айтылатын жерлерде уақыт өткізгені жөн. Сабырлы, көңілді күйде болып, жағымсыз жайттардан бойыңызды аулақ ұстауға тырысыңыз. Қоршаған ортаның сәби үшін маңызы зор екенін жадыңызда сақтаңыз.

Жүктілік кезіндегі әйелдерге пайда берер дұғалар.

Жүктілік кезінде Алладан қорғаныш сұрап, жиі дұға жасау керек. Сонымен қатар, намазды тұрақты түрде, уақытылы оқуды қадағалау қажет. Төмендегі зікірді (Алланы еске алу сөздерін) жиі қайталап жүріңіз:

«Аллаһумма ләкәл хәмду уә ләкәш-шукру»

«Я, Алла, барлық мақтау-мадақ Өзің лайық, бір Өзіңе ғана алғысым шексіз»

Жүктілік кезінде мына аяттар мен дұғаларды оқуға болады: аят әл-Курси, «Ясин» сүресі, «Мәриәм» сүресі, «Мухаммад» сүресі. Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызы Фатиманың толғағы басталғанда, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған Умму Сәләм мен Зәйнәб бинт Джахшты жіберіп, оларға Аятуль-Курсиді, «А’раф» сүресінің 54-ші аятын және «Фәләқ», «Нәс» сүрелерін оқуды әмір еткен (Ибн Сунни, 232-бет, №625).

 «Рабби хәб-ли милләдунка зуррийятан тойибәтән иннәкә сәмиғуд-дуға»

«Раббым! Маған қасыңнан игі ұрпақ бер. Шәксіз Сен тілекті естушісің!»(Зәкария пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) дұғасы, «Әли Имран» сүресі, 38).

«Раббәнә уәжғалнә муслимәйни ләкә уа мин зуррийятинә уммәтән м-муслимәтәл-ләкә уа әринә мәнәсикәнә уа туб ғаләйнә иннәкә әнтәт тәууәбур-рахим»

Раббымыз, екеумізді де Өзіңе бой ұсынушы қыл, ұрпақтарымыздан да Өзіңе бой ұсынушы бір үммет қыла гөр, әрі бізге хажамалдарымызды көрсетіп, тәубелерімізді қабыл ал, әлбетте Сен Өзің тәубені қабыл етуші, ерекше Мейірімдісің!»(Ибраһим мен Исмаил пайғамбарлардың (оларға Алланың сәлемі болсын) дұғасы; «Әл-Бақара» сүресі: 128)

«Рабби хаб-ли минәс-салихиин»

«Раббым, маған жақсысынан бір ұл бер!» (Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) дұғасы; «әс-Саффат» сүресі: 100)

«Раббәнә хәбләнә мин әзуажина уа зуррийятинә қурррата ағюнин уажғальнә лильмуттақинә имәмән!»

«Раббымыз! Бізге жұбайларымыздан, ұрпақтарымыздан көзайымдық бер. Сондай-ақ бізді тақуалардың алды қыл!» (Құран, 25, 74).

«ХасбунаЛЛаху уаниғмаль уакиль»

«Бізге Алла жетіп асады, Ол –нендей жақсы ие»(3, 173)

Алла Тағала болашақ аналардың барлығына нұрын төгіп, дені сау және салиқалы ұрпақ нәсіп еткей! Әмин.

Батырбек ҚАСЫМАЛИЕВ

Жамбыл облысы, Меркі ауданының бас имамы.

asyldin.kz


Əулие болу оңай ма?
Арман Қуанышбаев: «Біздің әйелдер көп әйел алуды қабылдай алмай жатыр»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу