Шымкент қаласына жаңа әкім тағайындалды
05-09-2023
Мектеп бітірген соң түлектердің арман қуып әр қалаға оқуға кететіні заңдылық емес пе? Сыныпта Зарина дейтін құрбым бар еді. Мектепті алтын белгіге бітірді. Шет тілдеріне деген икемі жақсы болатын. Құрбым өз білімімен Оңтүстік Кореяға оқуға түсті. Алғашқыда оны жат жерге қимағаным рас. Кейіннен әлеуметтік желілер арқылы сөйлесіп тұрдық. Жазда Қазақстанға үш-төрт аптаға келіп кететін. Бір сөзбен айтқанда достық қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Өткен жылы Зарина Сеулдегі оқуын сәтті аяқтап, туған жері Шымкентке оралды. Құрбымды көріп, көзайым болған мен оны келе салысымен түскі тамақтануға шақырдым. Қазақтың ұлттық тағамдарын сағынған болар деген оймен оны ұлттық асханаға қонақ етейін дедім. Бірақ ұлттық ас мәзіріндегі бірде-бір асхана, мейрамхананы есіме түсіре алмадым. Не болса да қалаға шығып аралап көрейік, жақсысына барамыз дедім. Екеуміз кездесіп, біраз әңгімелесіп алдық. Ал содан қаладан ұлттық асхананы шыр айналып іздедік. Әрине, қазақтың бешбармақ, нарынын дайындайтын мейрамханалар көп. Бірақ олар қымыз-қымыран секілді сусындар, бауырсақ, әсіп, ірімшік секілді дәмділерді ұсынбайды. Бір байқағаным қалада өзге ұлттың асханалары өте көп екен. Әсіресе «ташкенттік палау», «ұйғыр лағманы», «түрік бөрекі», «жиззах самсасы», «қытай, корей тағамдары» деген тақтайшалардан көз сүрінеді. Құрбым маған қарап: «Кәрістің тамағынан құтылдым ба десем, мұнда да көп екен ғой» деп әзілдеп қояды. Сонымен не керек, құрбымды ертесіне нағашы әжемнің үйіне, аяғни ауылыма ертіп бардым. Әжем немересін көріп қуанып, ет асты. Сол күні біз қымыз ішіп, ауылдың құрт-майынан дәм ауыз тидік.
Айтайын дегенім, неге өз туған жерімізде ұлттық асханаларды көбейтпейміз. Бізде керісінше қазақтан басқа ұлттың асханаларын бәрін кездестіруге болады. Қаладағы кәріс асханасында аспаз болып жұмыс істейтін бір кәріс апаны танушы едім. Ол «бізге әсіресе адамдар қыстың күндері иттің етінен жасалған тағамдарды жеуге көп келеді. Кәрістер ғана емес қазақтарда бізге жиі бас сұғады» дейтін. Ия расында да қытай, кәріс, орыс асханаларына бара қалсаң қазақтың азаматтарын жиі кездестіресің. Демек өзге ұлттың асханаларына халықтың сұранысы жоғары деген сөз. Әйтпесе бір ғана қалада олар осыншама қаптап кетпес еді ғой. Шыны керек, ұлттық асхана ашуда біраз қиындықтар бар секілді. Мәселен әсіресе жастар ұлттық тағам ретінде бешбармақ пен қуырдақты ғана таниды. Ал қазақта одан өзге ұмытылып бара жатқан бұқпа, май шұрқан, қарын бөртпе, жұқпа көже, жент секілді тағамдар жеткілікті. Міне осы тағамдарды дайындайтын аспаздар тапшы. Бүгінде ауылдағы әжелеріміздің аузында ғана жүрген бұл тағамдардың рецептін көбісіміз біле бермейміз. Егер де осы істі жандандырып, ұлттық асханалардың бизнесін дөңгелетер болсақ, сіз де, біз де ұтылмасымыз анық.
Марал Қалиханқызы,
Шымкент қаласы