Орыс революционері Морозов 16 тілді қалай меңгерді?
Николай Александрович Морозов — орыс революционері, академик, жазушы, ақын. Сонымен қатар, парасатты, кемеңгер тұлға.
Ұзақ жылдар бойы темір торына түсіп, өмірінің қысылтаяң шағын абақтыда өткізген Морозов өзін ілім-ғылымді үйренуге арнайды. Оған Шлиссельбург бекінісінің түрлі әдебиетке бай кітапханасымен қолдануға, сондай-ақ, жолдастары мен туысқандарынан кітаптар алып тұруға рұқсат етіледі. Ол бұл мүмкіндікті босқа жібермей, қысқа уақыттың ішінде 16 шет тілдерін үйреніп алады.
Темір торына түсіп, абақтыда өмір сүрген адам қалай 16 шет тілдерін үйреніп алды? Оның естеліктерін мұқият оқып, бұл сұрақтың жауабын іздеуге болады.
«Жүріс-тұрыстан әбден қалжырағаным ба, камераның қабырғасына бекітілген темір үстелдің алдындағы темір орындыққа отыра қалдым. «Неміс тілін үйрететін кітап жіберіңдер», — деген өтінішпен достарыма жазған-тұғынмын... Аз өтті ме, көп өтті ме, әйтеуір, хат жазысып тұратын адамдарым Робертсонның әдісінің негізінде жазылған Больцтың неміс тілін үйрететін кітабын жіберді, ал мен әдеттегідей барлығын тастап, неміс тілін меңгеруді бастадым.
Бір аптадан кейін Больцтың оқулығын оқып біттім, сол мезетте-ақ неміс тілінде көркем әдебиетті оқуға кірістім. Алдымен, Шпильгагенның романдары, одан кейін Андерсенның ертегілері мен Ауэрбахтың романдары оқылды. Сөздікті мүлде қолданбадым десем де болады. Романды қолға алып, мен күбірлей отырып, басынан аяғына дейін оқыдым. Оқығанымның тек мағынасын түсінуге тырыстым, ал бұрыннан білетін сөз тіркестерінің мағынасына қарай отырып, роман оқығанда кездескен сөз тіркестеріндегі танымайтын сөздердің мағынасын аңғаруға тырыстым. Осылайша мен өзімнің неміс тіліндегі алғашқы романым «Durch Nacht Zum Licht» («Из мрака к свету») аяқтадым. Бұл романды орыс тілінде гимназист болғанымда бір мәрте оқып, ұмытып қалған едім, қаншама жыл өткеннен кейін неміс тілінде қайта оқығанымның өзінде романның мазмұнын егжей-тегжейлі түсіне алмадым, сондықтан қайта бірнеше рет оқуға тура келді. Екінші рет неміс тілінде оқып болғанымда, кітаптың ішіндегі танымайтын фразалардың жартысын түсініп алдым, ал үшінші рет оқығанымда — кітап толығымен аяқталды десем болады.
Неміс тілінде оқыған алғашқы романым толығымен аяқталғанда, жаңа романды оқуға кірістім, екінші рет оқығанымда, романды егжей-тегжейіне дейін түсіне алдым. Бұдан кейін тағы ондаған романды екі реттен оқып шықтым. Кітап оқығанда көптеген неміс тіліндегі сөздердің мағынасын ешқандай қиындықсыз түсінетіндей дәрежеге жеттім, ал келесі оқылатын романдар, хикаяттар мен ертегілерді тіпті бір реттен оқу жеткілікті болды.
Осылайша бір ай бойы өзге іс-әрекетті тоқтатып, бар көңілімді неміс тілін үйренуге қойып, мен неміс тілін меңгердім, сондай-ақ көптеген көркем әдебиет туындыларын оқып, өзімді-өзім көңілімді көтердім.
Жастарға үлкен грамматиканы оқытып, сөздерді жаттатқызып шет тілдерін үйретіп жатады. Шынымды айтсам, өте аянышты көрініс. Өйткені бұны жеңіл әрі қызықты оқу процесімен алмастырып, үлкен нәтижеге қол жеткізуге болар еді ғой!
Робертсонның әдісін қолдана отырып,Өзім ойлап тапқан дыбыстық аналогияларды қолдана отырып, маған мүлде таныс емес ағылшын тілінің дыбыстардың айтылымын меңгеріп алып, кейін Англияға тап болғанымда, жергілікті ел-жұрт менің ағылшын тілде сөйлегенімді жақсы түсінді, тек кішкене айтылыммен жұмыс істеу керек болды.
Алғашқы рет ағылшын тілі оқулығын көргенімнен екі-үш апта өткеннен кейін, мен ағылшын жазушыларының романдарын өздерінің ана тілінде сарыла оқып, тіпті Вальтер Скотт пен Джордж Макдональдтың шығармаларын өздеріне тән шотландтық сөз саптауымен бірге түсіне алдым. Одан кейін мен Больцтың оқулықтарымен, жоғарыда айтып өткен кітап оқу әдісімнің көмегімен итальян тілін меңгеріп, сол тілде Пьеро Мандзони, Сильвио Пелико және тағы да басқа итальян жазушыларының шығармаларын оқыдым.
Итальян тілінен кейін, Орталық және Оңтүстік Америкаға саяхаттағанда керек болып қалар деген оймен испан тілін меңгеруге кірістім. Бірақ солуақытта орыс тіліндегі испан тілін үйрететін оқулық Ресейде жоқ-тұғын. Кейін француз тіліндегі испан тілін үйрететін оқулық үлкен қиындықпен табылды. Бірақ испан тілін меңгеріп, мен бұл тілде Ресейде бар испан тіліндегі жалғыз кітап — Мигель де Сервантестың «Хитроумный идальго Дон Кихот Ламанчский» (исп. El ingenioso hidalgo Don Quijote de la Mancha) романын ғана оқыдым.
Қандай да бір шет тілі білімін, тіпті өз ана тіліңнің білімін жоғары деңгейде ұстап тұру үшін әлсін-әлсін тәжірибе жүзінде қолданып тұру керек. Әйтпесе, меңгерілген тіл біртіндеп ұмытыла бастайды. Бірақ шынысы керек, меңгерілген тіл толықтай ұмытылмайды.
Ұмытылған сөздердің жаңғырығы әрдайым сенің ой-санаңның түкпірінде қалады және қайтадан ұмытылған тілді жүйелі түрде үйренуді қолға алғаныңда, мен қаншама рет байқағандай, сен де ұмытылған сөздердің жеңіл әрі тез еске түсетінін байқайсың. Бірақ сонда да, лингвистикадан хабары жоқ адамға үш шет тілінен артық тілдің білімін жоғары деңгейде тұрақты түрде ұстап тұру өте қиын, сондықтан қарапайым адамға ағылшын, неміс және француз тілдерін жоғары деңгейде ұстап тұрудың өзі жеткілікті. Өйткені бұл тілдерде көркем әдебиет те, ғылыми-техникалық әдебиет те, өзге де әдебиеттің тілдері жазылған, жазылады және келешекте де жазылатын болады да!
Ақырында маған кезінде абақтыда отырып, үйренген тілдердің арасында ағылшын, неміс және француз тілдерінен басқа тілдерді үйренуді қоюға тура келді. Мен ағылшын, неміс және француз тілдерінің білімін шыңдадым. Кейіннен бұл бір шешімімнің арқасында ағылшын, неміс және француз тілдерін жоғары деңгейге жеткізіп, әрқайсысында ғылыми және әдеби журналдарда шығатын мақалаларды қоспағанда, ең кемі бірнеше жүздеген том беллетристиканы оқыдым».
(Морозов Н. А. Повести моей жизни)