Құстар ағаштарды зиянкестерден қорғайды

Oinet.kz 12-07-2019 2029

Screenshot_7.jpg

    Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи парктің жерлері облыстағы Қазығұрт, Төле би және Түлкібас аудандарының таулы аумақтарын алып жатыр. Ол аумақта құстардың 300-ге жуық түрі мекендесе, оның 30 түрі  «Қызыл кітапқа» енгізілген. Кең байтақ даламызда ұшып жүрген біраз құстар егістіктің, бау-бақшаның, орманның зиянкестері – насекомдармен, кеміргіштермен қоректеніп, ауыл шаруашылығына айтарлықтай пайдасын тигізеді. Олар орман ағаштарының жапырақтарындағы, қабықтарындағы, бүршіктеріндегі зиянкес насекомдарды теріп жеп, ағаштардың ауырып, қурап, өліп қалмауына септігін тигізеді. Мысалға, кіп-кішкентай нәуірзек құсы бір күнде 80 гр.-нан 120 гр.-ға дейін зиянкес шыбын шіркейлер мен олардың личинкаларын құртса, жұмыртқа басып балапандарын ашып шыққан соң 180 гр.-нан 250 гр.-ға дейін зиянкестерді жояды екен. Бұл дегеніміз, орманымызда күнделікті 1000 данадан 10000-ға дейін әр түрлі зиянды шыбын-шіркейлер мен олардың личинкаларын жойып отыру. Ал шыбыншы қара торғай мен көкек құстары нәуірзектен үш-төрт есе артық қоректенсе, тоқылдақ құсы бір күнде орман ағашының қабығының астына тығылған 40000-ға жуық қабық құрттары мен олардың личинкаларын теріп жеп, ағаштарды зиянкестерден тазартады екен.

1906 жылы бекітілген Халықаралық құстарды қорғау конвенциясы бойынша 1 сәуір – Халықаралық құстар күні. Мысалы, Ұлыбританияда жыл сайын құстар фестивалі өткізіледі. Ол бір ай бойына жалғасады. Ондағы әрбір алтыншы тұрғын құс қорғау қоғамының мүшесі. Біздің оңтүстікте дәл осындай мерекелік іс-шара бір айға созылмаса да, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына кіретін Түлкібас ауданындағы Машат шатқалында көктемнің қолайлы мерзімінде «Құс базары» атты учаскеде көпшіліктің қатысуымен шаралар өткізіледі.

Құсқа деген халықтың көз­қарасы, оларды жақсы көрушілік қуантады. Олардың сүйкімділігіне қарай  көп адамдар перзенттерінің есімін де солардың атымен атаған. Ел ішінен Құралай, Бұлбұл, Қарлығаш, Тоты, Қырғи, Тұрымтай, Алғи, Бүркіт, Қаршыға деген есімдерді жиі естиміз. Сұлулыққа бас иген қазақ халқы құстың батылдығын, жүректілігін де қастерлейді. Қыран, бүркіт, сұңқар, қаршыға секілді құстарды баулып, олардың өнерін көруге құмар. Адамзаттың асыл қасиетін соларға теңейді. Мұның жас ұрпақты ерлікке баулу үшін үлкен тәрбиелік мәні бар.

Аң мен құстарға қарап ауа-райын да болжайды. Мысалы, қарлығаш аспанда самғап ұшса – ауа райының ашық, ал төмендеп ұшса – жауын болатыны халық арасында кең тараған. Құстардың эстетикалық мәні өз алдына бір төбе. Бұлбұл үні, торғайдың әні талай сазгерлердің шығармаларына арқау болып келеді. Тіпті құстар туралы туған әндер қаншама?! «Ақ сұңқар», «Алтын қаз», «Қара торғай», «Қарлығаш», «Аққу», «Тоты», «Бұлбұл», «Бозторғай», «Гәкку» сияқты әндер мен күйлер құстарды сүюден, оларға деген сүйіспеншіліктен, қамқорлықтан туған туындылар.

Қазақ халқының құстарды қорғауда қалыптасқан мол дәстүрі бар. Құстың ұясын бұзбау, жұмыртқасын сындырмау, балапанын жәбірлемеу, ата-аналарының қашаннан бергі балаларына айтатын өсиеті. Республикамыздың оңтүстігінде наурыз айында ұшып келетін наурызекті жұрт ерекше қарсы алады. Оны – жыл басы, көктем хабаршысы, жақсылықтың нышаны деп құрметтейді. Наурызек – қауырсындарының түсі сұр-қара түсті болып келетін, кеудесі сары түстес кішкентай ғана құс. Осы құстың келу құрметіне арнап бүкіл ауыл болып наурыз көже істейді. Құстарға жем шашады.

    Ескен Орақбаев,

    Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жануарлар дүниесінің өсімін молайту бөлімінің бастығы, 

    Мұрағаттан, 2016 ж

Нобель сыйлығы қалай пайда болды?
Жанатын сыра жайлы естігенсіз бе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу