Рождествоның шығу тарихы

Oinet.kz 15-08-2020 841

Рождество Иисустың яғни Иса пайғамбардың дүниеге келген сәтімен байланысты мереке. Иисустың өмірін баяндайтын Евангелиялық куәліктер, басқа тарихи дәстүрлер де Христостың туылған сәтін нақты анықтап бере алмайды. Христиандықтың алғашқы үш ғасырында шіркеу туылған күнді тойлауды пұтқа табынушылықтың элементі ретінде қарап, оған қарсы болды деген деректер кездеседі. Алғашқы христиандар еврейлер болған еді және олар Рождествоны тойламады деп есептеледі. Десе де бұған қарама-қайшы пікірлер де жоқ емес. Мәселен, христиан апологеті Климент Александрийский мұндай тәжірибенің ІІ және ІІІ ғасырлар аралығында Мысырда болғанын және аталған мереке өзге жерлерде де тойланғанын атап өтеді. Христиандық қауымдастықтарға гректер енгеннен соң, эллиндік дәстүрлердің ықпалымен Рождество мерекесін тойлау басталып кетті.  Император Константиннің жеңісінен соң Рим шіркеуі 25 желтоқсанды Рождествоны тойлау күні етіп бекіткені айтылады. IV ғасырдың аяғынан бастап күллі христиан әлемі Рождествоны дәл осы күні тойлай бастады. Бұл мерзімнің таңдап алынуы да кездейсоқ емес. Себебі 25 желтоқсанда Күн құдайының мерекесі де тойланатын. Шіркеу осы әрекеттері арқылы халықты пұтқа табынушылық мерекелерінен алыстатып, аталған күнді И.Христосқа сиынатын мерекеге айналдыруға тырысты. Бұған қатысты дәлелді Киприан мен И.Златоусттың шығармаларынан кездестіруге болады. 25 желтоқсанды «Христостың туылған күні ретінде» алғаш болып 354 жылдың хронографы жазады. Рождество православие мен католиктік ілімде маңызы жағынан Пасхадан кейінгі екінші орынды иеленеді.

Рождество мерекесін тойлауда күнтізбеге байланысты айырмашылықтар жоқ емес. Нақтырақ айтқанда, Рим-католик шіркеуі және протестанттық шіркеулердің көпшілігі 25 желтоқсанды қазіргі қолданыстағы Григориан күнтізбесі бойынша атап өтеді. Ал Орыс, Иерусалим, Грузин, Серб православиелік шіркеулері және Афон (Қасиетті таудың автономды монахтық мемлекеті, Грекия), сондай-ақ шығыстық католиктік ілімдер 25 желтоқсанды Юлиан күнтізбесі бойынша мерекелейді. Яғни ол 7 қаңтарға сәйкес келеді. Ежелгі шығыстық шіркеулер Рождествоны 6 қаңтарда атап өтеді. Қазіргі кезеңде Рождество көптеген христиан елдерінде жалпыхалықтық маңызға ие мереке. Рождество отбасының, тұтас бір ұлттың басын бір арнаға тоғыстыратын мейрам десек болады. Бұл мерекені тойлауда әр ұлттың өз менталитетіне байланысты қалыптасқан ерекшеліктер бар. Барлығына ортақ құбылыс ретінде мыналарды айтуға болады: сыйлықтар жасау (мұндай сыйлықтарды беретін әр елдің өз «Аяз атасы» бар. Ол Аяз атаны әр ел әрқалай атайды), жалпыбұқаралық серуендеу, шіркеуге бару т.б.

Иса пайғамбардың дүниеге келген мерзіміне қатысты алуан түрлі деректер бар. Бір айта кетерлігі, Христостың туылған жылын сол кезеңге сәйкес келетін оқиғалар (императорлардың, консулдардың т.б. билік еткен жылы) реті арқылы анықтау да мүмкін болмады. Иса пайғамбардың өмірін, діни жолын, уағыз-насихатын баяндайтын Жаңа Өсиеттің 4 кітабы да оның өмірге келу мерзіміне қатысты тұщымды мәлімет бере алмайды. Иса пайғамбар дүниеге келген күн деп есептелінетін 25 желтоқсан мерзімі алғашқы болып Секст Юлий Африкандық тарапынан 221 жылы жазылған жылнамада көрстілген. Десе де пайғамбар өмірге келген жыл мерзіміне қатысты да пікір алуандылықтары бар. Мәселен, кейбір христиандық шіркеулер мәсіхті күз айларының бірінде туылған деп санайды. Иисустың туылған мерзімін анықтауға қатысты заманауи зерттеулер б.з.б. 12 жыл мен б.з.б. 4 жыл аралығындағы мерзімге тоқтайды. Дәл осы кезеңде көпшілікке мәлім жалғыз халық санағы жүргізілді. Бір айта кетерлігі б.з.б. 4 жылдан кейінгі даталар екі себепке байланысты ықтималдылығы төмен. Біріншіден, евангелиялық және апокрифтік мәліметтерге сүйенер болсақ, Иисус Ұлы Ирод патшаның билігі тұсында өмірге келді. Ал Ирод патша б.з.б. 4 жылы өмірден өтті. Екіншіден, кейінгі даталарды қабылдайтын болсақ, Иисус өзінің уағыз-насихаты мен дарға асылуы кезінде өте жас болған болып шығады. Қорыта айтқанда, христиан әлемінде Иса мәсіхтің өмірге келген мерзімін нақты анықтап бере алған ғылыми тұрғыдан сенімді дереккөзі жоқ. Барлық тұжырымдар тек болжам формасына ие.

Ежелгі кезеңнен бастап жылсанаудың көптеген түрлері болды. Мәселен, шығыстық, иудейлік, ежелгі гректік, майя т.б. күнтізбелер көпшілікке мәлім. Ерте кезеңде әр жыл санау үлгісі қаланың негізі қаланған, билеуші таққа отырған кезеңдерден басталып жататын. Осыған байланысты жылдарды есептеуде бірізділік болған жоқ. Қазіргі біз қолданып жүрген христиандық жыл санау үлгісінің де қалыптасуы біршама кезеңнен өтті. Орта ғасырларда христиан әлемінде түрлі ғұрыптарды, мерекелерді өткізуге қатысты алуандылық қалыптасты. Ендігі кезекте ғұрыптарды, мәтіндер жазбаларын, догматтарды, діни мерекелерді бірізділікке түсіру қажеттілігі туындады. Алып Рим империясының түрлі бөліктерінде діни мерекелер мен ғұрыптарды басқа өңірлерден өзгеше түрде өткізіп жатты. Осындай мәселелік сұрақтардың бірі Пасха күнін тойлауға қатысты да болып шықты. Шын мәнінде Исаның туылған жылынан басталған күнтізбенің қолданысқа енуіне пасха мерекесі себепкер болған.  Христиан шіркеуі жылдағы дағдысы бойынша пасха мерекесінің мерзімін анықтауға кірісіп кеткен еді. 525 жылы Рим папасы Иоанн Павел І кезекті рет Пасха кестесін толтыруға қамдана бастады. Бұл жұмысты ол рим аббаты, шыққан тегі скиф болып табылатын Дионисийге сеніп тапсырды. Дионисий жұмысқа белсенді түрде кірісіп, жаңа пасхалық кестені жасап шығарды. Бірақ ол өзі жасаған кестенің Диоклетиан дәуірімен сәйкес келетінін байқады. Диоклетиан – Рим императоры болған және христиандарды көп қуғындаған жан. Оның билікке келген тұсынан басталатын жыл санау IV-VI ғасырларда Еуропа мен Таяу Шығыста танымал болған. Бірақ Дионисий Диоклетиан дәуірімен сәйкес келетін пасхалия кестесін қолданғысы келмеді. Сөйтіп ол жаңа ұсыныспен Рим папасына шығып, пасхалия кестесін Иса пайғамбардың дүниеге келген мерзімінен бастауды жөн санады. Дионисий өз есептеулерінде ықтимал деректерге ғана сүйене алды. Себебі Исаның нақты қай жылы туылғанын көрсететін деректер болған жоқ. Христостың дүниеге келген күні ретінде Дионисий дәстүрлі түрде қалыптасып қалған 25 желтоқсанды алды. Осы кезден бастап Иса пайғамбар дүниеге келгенге дейінгі кезеңді «біздің заманымыздан бұрынғы», ал Иса пайғамбардың өмірге келген кезінен басталған кезеңді «біздің заманымыз» деп атау қалыптасты. Десе де алғашқыда Дионисийдің есептеулері Пасхалия шеңберінде қалып қойды. Римде «қаланың негізі қаланған күннен» және «дүние жаратылған кезден» басталатын жылсанауларын қолдану жалғаса берді. Тек VIII ғасырда ғана англосаксондық монах Беда Достопочтенный өзінің тарихи еңбегінде әртүрлі хронологияларды Иса пайғамбардың дүниеге келген сәтінен басталатын жылнама негізінде жазды. Франк мемлекетінде де осы жылсанау үлгісі қолданыла бастады. Бір айта кетерлі, Рим шіркеуі бұл жылсанау үлгісін ресми құжаттарында тек XV ғасырдан бастап міндетті формада қолдануды бастады. Тағы бір қызық жайт, көптеген мемлекеттер аталған жылсанауды Рим шіркеуінен ертерек қолданысқа енгізіп жіберді. Батыс Еуропада бұл жылсанауға ең соңғы болып көшкен – Португалия (1422 ж.) еді. Қазір Иса пайғамбардың дүниеге келген кезінен басталатын жылсанау әлемнің барлық мемлекетінде қолданылады. Мұсылман мемлекеттері де хижра күнтізбесін пайдаланғанымен, сыртқы саяси қатынастарда осы жылсанауды қолданады. Орта ғасырда христиандық бірыңғай жылсанаудың енгізілуі Батыс әлемінің консолидациясының маңызды әрі шешуші қадамы болды. Ал қазіргі уақытта бұл жылсанауды қолданудың діни мотивтері ұмытылып, қалыпты формаға еніп кетті.

Адамға үйленбегендер... (фото)
Ұйықтап жатып сөйлеудің себебі неде?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу