Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Әр үйдің сыры басқа. Қабырғасы биік қаланған ұят ұғымы кейде негізсіз ұғыдармен толыққан. Тарамдалған тағдыр жолын «айтылмаған сөздер» тәлкекке салып жатады. Отбасылық психолог Назгүл Беспаевамен шаңырақтағы стереотиптер жөнінде диалог құрдық. Қазақ қоғамындағы өзекті мәселелердің ұшқынын назарларыңызға ұсынамыз!
Суретте Назгүл Беспаева
– Назгүл Дүйсембайқызы, сіздің көмегіңізге отбасылар көбінесе қандай жағдайда жүгінеді?
–Мен жеке тұлғаны қалыптастырушы психолог, мотивтор, журналист, тренер ретінде маманданғанмын. Өзім игерген жан-жақты кешенді білімдерімнің арқасында пациенттеріме жәрдемдесе аламын. Менің көмегіме адамдар отбасылық проблемалар, бала тәрбиесі, жұмыстағы қатынас жөніндегі мәселелер туындағанда жүгінеді. Алайда маған көбіне нәзік жандылар шағымданады. Күйеуінің ішімдікке, құмар ойынына әуес екенін яки енесімен қатынасында туындаған мәселелер, ешнәрсеге зауқының жоқтығы, өзінің тұлғалық болмысын жоғалтуы тұрғысынан психологиялық күйін реттеуге ұмтылады.
Ер кісілер жұмыстағы яки қаржылай мәселелеріне шешім іздеп психологқа жүгінеді. Кей азаматтар ой кеселдеріне (өркөкіректік, мінездік кемшіліктер) байланысты шешім іздейді. Еркектер психолог маманнан кеңес аларда «Отбасыңыз бар ма?» деп сұрап диалог бастайды. Әрі қарай келісім табу оңай фактор. Бізде шет мемлекеттердегідей жұптасып отбасылық психологқа келетін ерлі-зайыптылар жоқтың қасы. Екі жақтың пікірін ескеру арқылы өте жақсы, анализденген шешімді таңдау мүмкіндігі туындайды. Отбасыдағы туындаған келіспеушілікке жауап ортақ табылса, жақсы. Біздің қоғамға отбасылық психологқа ерлі-зайыптылар бірге баруын үдеріске айналдыру керек.
– Қазіргі заманда отбасы мүшелерінің жан әлемі қалай үйлесім таба біледі? Карантин режимінде шайқалған шаңырақ, тұрмыстық зорлық саны артты. Бұған қандай факторлар әсер етуі мүмкін деп ойлайсыз?
– Күні бойы бір үйде отырған жұбайлар бір-бірін жаңадан зерттеп жатқандай. Карантин режимінде тұрмыстық қажеттілікке баса назар аударып, материалдық игіліктерге көңіл бөлу дау тудырған болар. Бұл жағдаятты негізінен «мүмкіндік» деп бағалап, отбасылық қатынасты реттеуге болар еді. Карантин – тіршіліктің күйбеңіне бой алдырған отбасылар үшін бір-бірін тани түсуге бастар жол іспетті.
Ер заматтар әйелінің таңнан кешке дейін қаншама жұмыс істейтінін сезініп, көре алды. Әйелдің заты қалауының басым бөлігі өзінің айналасындағыларға қажет болғандықтан таңдалатынын ұқты. Әр отбасы балаларының, жарының қандай екеніне, не қалайтынына мән беріп, көмектесу үшін шешім іздеп дағдыланады. Мысалы, әйелге балықтың қабыршағын аршыған ұнамайды. Ол соны жұмысқа баратын еріне «шаршаған шығар» деп жеткізе алмайтын. Ерінің қолы бос екендігі түрткі болып, әйел ойын ашық айтып көрді. Әрі ойын ашық жеткізгеннің қиын емесін ұғады. Ерлі-зайыптылар сұқбатында пікірдің ашықтығы отбасының татулығын арттырады. Қалай қабылдар екен деп, алаңдамай кісі сезімін ашық жеткізсе, түсініспеушілік болмайды.
Әлемді, еліңді өзгертуге қауқарсыз болсаң да, өзіңді өзгертуге мүмкіндік бар. Өзгерісті ойдан бастасаң, бойдағы өзгеріс ортаңа әсер етеді. Ішкі күйді бөлісіп үйрену керек. Адамдар – бізге ұстаз. Әрбірінде бөлек үн бар, соны естіп үйрену керек. Қандай жағдай болмасын, адам өз пікірін жоғалтып алмауы керек.
"Мадонна-Жезөкше" комплексіне кескін
–«Мадонна-Жезөкше» комплексінен арылғысы келген пациенттеріңіз болды ма? Бұл жағдаяттан адам жаны қалай азат болады?
–Зигмунд Фрейдтің «Мадонна-Жезөкше» комплексі деген теориясы бар. Бұл теория бойынша, балалар 3-5 жас аралығында келгенде «эдип» комлексіне ұшырайды. Эдип комплексі – баланың өзінің қарсы жынысына мысалы, ер бала анасына, қыз бала әкесіне – ғашық болып, қызғану комплексі. Бұл комплекс бала кезінде дұрыс өтпейтін болса, өмір бойы жалғасын табады. Яғни, мұндай комплексі бар ер адам әйел адамға тек екі тұрғыда қарай бастайды: қасиетті, қадірлі ана немесе жезөкше. Бұл психологиялық патология. Бұл жағдайдағы еркектер көбінесе әйел адамның сексуал ерекшелігі жайында бір-біріне қарама-қайшы сезімдерге ие болады. Мұндай қарама-қайшы сезімдер ер адамдарды «сүю» және «жыныстық қатынаспен айналысуды» екі бөлек нәрсе деп түсінеді. Осындай көзқарас қалыптасқан соң, «мадонна-жезөкше комплексі» ер адамның санасында бар болып шығады. Яғни, мұндай еркектер үшін махаббат пен секс бір-бірінен бөлек нәрселер. Бұл көзқарастағылар «жақсы – пәк» әйелдер сүю үшін, «жаман – секси» әйелдер тек төсек қатынасы үшін жаратылған деп ойлайды. Кейбір еркектер бүкіл өмірін осынау айырмашылық арқылы қалыптастырады. Сондықтан да олар махаббат пен сексті ұштастыра алмайды.
Бұл – бізде бар болғанмен, ашық айтылмайтын тақырыптың бірі. Қысқа киінген қызды «жезөкше» деп тану – ақымақтық. Кейде жабық киімді адамардан да оғаш әрекеттер байқалатынын естіп жатамыз. Киімге қарап, қатынас жасау дұрыс емес. «Мадонна-Жезөкше» комплексінен арылу үшін ол туралы халықтың түсінігін қалыптастыру керек. Мемлекеттілікті арттыру үшін, қыз баланың сыйын білу керек. Отбасыда қыз бала туылса, шаңыраққа жоғары энергия көзі келеді. Ол мүмкін отбасының материалдық күйін жақсартар немесе отбасының татулығы артар. Қыз бала-энергия көзі. Қызды халқымыз төрге отырғызып, қабағына қарап мәпелеген. Әйел адам күліп жүрген үйдің атмосферасы өте жақсы болады.
Маған «Мадонна-Жезөкше» комплексінен арылуды қалап, ешкім жүгінбеді. Бәлкім қоғам ол комплекстің бар екендігін мойындауға дайын емес. Кінәні өзінен іздеп, психологқа қаралу елімізде енді ғана үдеріс болып қалыптасуда. Проблеманың бар екенін ұғу – ол мәселенің жартылай шешімі. Өмірді жеңілдету үшін өзінде бар көзқарастардың қоғамдық балансын реттеу, адамдарды болмысымен қабылдауды үйрену, тән таңдауы мен жан таңдауының аражігін ұғу керек. Адамдарды тек біржақты бағалаусыз өмір сүруді үйрену керек. Адам – шекарасыз, бәрін қабылдауды үйрену керек.
– Қазірде психология саласына қызығушылар көп. Журналистер, блогер, бизнесмен, тіпті ақындар да психологиялық тренинг өткізіп жүр. Бұл үдеріс қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?
– Қазір әлеуметтік желіде психологияны оқытушы курстар тым көп. Осы тұрғыда қандай да бір заң тұрғысынан реттілік орнату керек. Мысалы, журналист, блогерлер тренинг өткізуіне арнайы тағайындалған критерийлер аясында арнайы құжат алса. Ол – оратор, мотиватор, жетістікке жеткен адам яки құжат жүзінде нақтылығы бар психолог тренинг өткізсе сапа артар еді. Қазір жаппай психологиялық сабақ өткізу салдарынан халықта күдік пайда болды. Қайшылықты пікірлерден тіпті психология туралы жағымсыз стереотиптер қалыптасуда.
Психолог маманы ретінде айтарым, бір құмалақ бір қарын майды шірітпеу керек. Өзге діннің ықпалындағы, тіпті өзі дұрыс қорытпаған ақпаратын аудиторияға ұсынушылар халыққа күмән сыйлайды. Мен бірдің кесірі мыңға тигенін қаламаймын.
– Бақытты отбасы-ұрыстан ада отбасы. Психологиялық тұрғыда "ыдыс аяқ сылдырламайтын" отбасы бар ма?
Бақытты отбасы кескіні
–Бұл пікір де стереотип деп ойлаймын. Отбасы болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Екі жас бірін-біріне үйрену үшін уақыт қажет. Бір отбасыға 5 не 10 жылға дейін уақыт кетуі ықтимал. Әйел мен ер қиындық пен қателікте бір-біріне сүйеу болуы керек. Менің түсінігімде, бақытты отбасы – ері мен әйелі өзара қолдау көрсетіп, бірге дамуды мұрат етуі, өздерін терең тануға ұмтылуы.
Шаңырақ құрған әйелді матап ұстауға ұмтылмау керек. Өмір жалғасады. Демек, әйел өзін дамуға қатысты әрекет жасау керек: биге қатысу, ән айту, тіл үйрену арқылы әйел дегредацияға ұшырамайды. Ол процессті көріп өскен бала да өжет, жасампаз болып ер жетеді.
Бала бағу – ол үйден шықпай отыру деп ұқпау керек. Тәрбие тал бесіктен шаңырақтағы жүйе арқылы сіңіріледі. Кей ер адамдар әйелі опасыздық жасауы мүмкін екенін алға тартып, үйден шығармауға шешім шығарады. Адам өзі қалай болса, өзгелерді солай танығысы келеді. Бұл – ішкі сенімсіздіктің хәлі дер едім. Сенімді қалыптастыру – рухани деңгейдің айнасы. Суды қатты қыссаң, уыстан шығады. Адамның еркін шектесе, жаны азаттық аңсайды.
– Опасыздық отбасыдағы келеңсіздіктен туындайды ма? Әлде басқа себебі бар ма?
–Отбасыдан жылу сезіне алмаған адам махаббатты сырттан іздейді. Бұл ішкі хәлдің мәселесі. Сырттан іздеген сезімді адам өзінің жанынан табуы керек. Өзі жасап, сезімін басқарып үйренуге ұмтылу қажет. Көңілдестен комплимент естуді, сүйікті болуды, қуануға себеп болар дүние күтіп жүрсеңіз, ойыңызды өзгертіңіз. Оны өзіңіз де жасай аласыз. Өзіңізді еркелетіңіз, тәтті дәмдер алып беріңіз, құшақтаңыз. Махаббатты өзіңізден табыңыз.
Қажет еткен нәрсені жұбайынан таппай, өзін «жертва» сезінуге жол бермеу керек. Махаббат тек төсек қатынасынан тұрмайды. Отбасы – жауапкершілік. Өзіңді терең сезініп жақсы көрсең, опасыздық орын алмайды.
– Педофилия қоғамда көп қылаң беріп жүр. Баланы «сәбиқұмардан» сақтау үшін ата-ана қандай әрекет жасай алады?
–Маған жүгінген көп пациенттер «сәбиқұмардың» озбырлығына ұшыраған екен. Бала жасық болғандықтан жеткізуге қорыққан. Көршісінің балаларынан, арақ ішкен жұмыскерлер, атасы, ағасынан зәбір көрген қыздар көп. Балаңыздың қауіпсіздігі үшін 3 жасынан бастап «іш киім ережесін» үйретсеңіз болады. Ереженің мағынасы – балаға «іш киім жауып тұрған денеңнің бөлігіне ешкім тиіспеуі керек, сен де біреудікіне тиіспе» деп түсіндіру. ⠀
Балалар дұрыс физикалық контактты дұрыс емесінен ажырата алмайды. Сондықтан балаға «егер бөгде адам сенің жыныс мүшеңді ұстап, көргісі келсе, ол дұрыс емес» деп үйрету керек. «Іш киім ережесін» түсіндіргенде балаңызбен осы тақырып жайлы жалпы әңгіме айта бастайсыз. Балаңыз бір адамның әрекетін қалай бағаларын білмей, дұрыс па жоқ па деп күмәнданса, сізден келіп сұрай алатынына көзін жеткізіңіз.
Балаларға зорлық жасайтын адамдардың басты әдісі –құпия сақтауға итермелейді. Баланың үнсіздігі арқылы өзінің әрекетін жасыруға талпынады. Сол себепті балаға жақсы да, жаман да құпия болатынын түсіндіру керек. Баланың көңілін түсіретін, қорқыныш, шарасыздық тудыратын кез-келген құпия – жаман құпия, және оны сақтап жүруге болмайды. Сенетін адамға – ата-ана, дәрігер, мұғалім, аға-әпкелерге айту керек. Баланың сезімі мен іс-әрекетіндегі өзгеріске сергек болған жөн. Егер бала бұрын жүгіріп барып құшақтап, ойнап жүрген адамға енді барғысы келмей қашқақтаса баланың ойын сыйлаңыз.
– Уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!
Әңгімелескен: Балерке ӘСІЛХАН