Жастарға аборт жасатуға рұқсат па?
Қазақстанда жасөспірімдер арасында жүктілік пен жасанды түсік жасату Еуропа елдеріндегіден де көп. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Исмағамбетова айтты.
Өткен аптада Денсаулық сақтау министрлігі кәмелеттік жасқа толмаған қазақстандықтардың 16 жастан бастап ата-ана келісімінсіз медициналық қызмет тұтынуға, оның ішінде аборт жасатуға рұқсат беруді ұсынған еді. Министрліктің пікірінше, бұл ерте жаста бала туу санын азайтуға көмектеседі. Тіпті тастанды балалардың азаюына да септігін тигізеді екен.
– Жоспарланбаған жүктілік баланы қорғансыз күйде тастап кетудің бірден бір себебі. Біз заңнамаға енгізгелі отырған норма осы мәселелердің алдын алады. Құқықтық механизм заңнамада көрсетілген. Көрсетілген медициналық қызметтің сапасы үшін әрине, медициналық қызметкер жауап береді. Ал жасөспірім медициналық қызмет алуға құқылы болады, – деп түсіндірді А.Исмағамбетова.
Аталған норма әзірге талқыланып жатыр, ол «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінде қарастырылған. Норма қабылданған жағдайда, жасөспірім абортқа келісім беретін құжатқа өзі қол қояды.
Айжанның айтуынша, бүгінде Қазақстанда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарда психоәлеуметтік консультациялық көмек көрсететін арнайы заңды тұлғалар, жастар ұйымдары жұмыс істейді. Жалпы саны 105 орталық бар. Жастардың осындай орталықтарға барып, ақыл-кеңес алғаны дұрыс.
Министрліктің мәліметінше, соңғы үш жылда жасөспірімдер арасында жүктілік пен аборт статистикасы төмендеп келеді. Дегенмен, бұл көрсеткіш Еуропа елдерімен салыстырып қарағанда айтарлықтай жоғары екен.