Черчилльдің «ішкі дауысы»
11-01-2024
Әлем көрермендерін өзіне қаратқан Голливудтың кинематография саласында «қарғыс атқан фильмдер» деген ұғым бар. Бұл қандай фильмдер? Және адамзат үшін жаман қасиет «қарғыстың» фильмдерге не қатысы бар? Қазақта «Қарғыс алма, алғыс ал» деген нақыл сөз бар. Қайсымыз болса да құлаққа ауырлау естілетін осы бір сөзден аулақ жүруге, біреудің ала жібін аттамай, қарғысын алмай жүруге тырысамыз. Шындығында, қарғыс тектен-текке айтыла бермейді. Ол ашу-ызадан туындайды. Ата-бабамыз адамның, жануардың, тіпті өсімдіктің де көз жасы, наласы, қарғысы болады дейді. Ғалымдар оны парапсихологиядағы тіршілік иесінің жәбірлеушіге қарсы кері әсерлі қуаты күші деп санайды. Мына өмірде адамдар ғана емес фильмдер де қарғыс арқалайды екен.
Виктор Флемингтің «Оз елінің сиқыршысы» фильмі 1939 жылы түсірілген. Сиқырлы Оз елінде жақсылық атаулының жолын кесіп жүретін мыстан мен адамдарға мейіріммен қарайтын перизаттар өмір сүреді. Фильмде осы кейіпкерлердің өзара соғысы жайлы баяндалады. Балалар мен ересектердің де талғамынан шыққан туындының түсірілім барысында түрлі оқыс оқиғалар орын алған көрінеді. Мыстанның рөлін сомдаған актриса Маргарет Хэмилтон түсірілім кезінде тірідей жанып кете жаздаған. Оқыс оқиғаның салдарынан беті оңбай күйіп қалған актрисаның жүзі шынымен де мыстаннан аумай қалды. Сол кезде ел арасында «Оз елі шынайы өмірде бар, Маргаретті сол сиқырлы елдің мыстаны қарғады» деген ақылға қонымсыз қауесеттер тарап жатты. Әлем театрларында Оз елі туралы сахналанған көріністер өте көп қойылған. Солардың әрқайсысынан жазатайым оқиғаларды кездестіруге болады. Әсіресе, мыстанның рөлін сомдаушы актрисалардың біресе аяқ-қолы сынып, біресе денесін күйік шала берген. Бұл кездейсоқтық па әлде, шыныменде сиқырлы Оз елі бар ма? Бар болса тылсымға толы әлемнің тұрғындарына актрисалардың қай қылығы ұнамай қалды екен? Бұл сұрақтардың ешқайсысына әрине ғылыммен жауап бере алмаймыз.
Қорқынышты фильмді түсіру үшін режиссерлар қандай қадамға бармайды десеңізші. Көрерменнің үрейін туғызған фильмдердің бірі «Полтергейст» трилогиясы 1982-1988 жылдар аралында түсірілді. Бірнеше бөлімнен құралған фильмнің «өмірбаяны» тіптен қорқынышты. Түсірілім барысындағы алты жылда төрт актердің өмірін жалмаған киноны халық «қарғыс ұрған» дейді. Басты рөлді ойнаған 12 жастағы актриса Хезер О Руктың өліміне қайғырмаған жан болмады. Ол фильмде тылсым күштердің құрбанына айналған Кэрол Энді сомдаған еді. Кинодан кейін Хезер тұмау деген диагнозбен ауруханаға түсіп, ертесіне жүрегі мәңгіліке тоқтап қалды. Сондай-ақ Кэролдің әпкесін ойнаған 22 жастағы Доминик Данн көп ұзамай қызғаншақ жігітінің қолынан қаза тапқан. Ал фильмдегі детектив Джулиан Бек түсірілімнен кейін ауыр дерттен көз жұмады. «Полтергейстің» қара жамылуы мұнымен тоқтаған жоқ. Фильмде дәрігер Уилл Сэмсонның үй ішінен әруақтарды қуып, рәсім жасайтын кадры бар. Елестермен күрескен Уилл бір жылдан кейін бүйрек ауруынан өмірден өтеді. Әртістердің өмірін жалмаған туындының қарғысқа ұшырауы бекер емес екен. Шетелдік БАҚ-тардың жазуынша түсірілімге өлген адамдардың нағыз сүйектері қолданылған екен. Жер қойнына тапсырылған сүйектерді қозғаған соң марқұмдардың «ашуланғаны» заңды да шығар. Әруақтармен ойнағанның оңбасы анық қой.
Актер Брендан Лидің мектептегі достарының айтуынша бірде оған бір көріпкел аты аңызға айналған әкесі Брюс Ли секілді түсірілім алаңында өлім құшатындығы туралы болжаған екен. Сәуегейдің сандырағы дәл келді. Брендан «Құзғын» фильмінің түсірілім жұмыстарының аяқталуына сегіз күн қалғанда қайтыс болады. Оқиға былай болған. Брендан сомдауы тиіс болған кейіпкер Эрик Дрейвен тапанша оғынан өлуі тиіс болған. Дайындық кезінде Эрикті атқан тапаншаның ішінде шынымен де оқ болған (негізінде тапанша оқталмаған болу керек еді). Оқтың барынан бейхабар әріптесі Майкл Масси оны шынымен де төрт жарым метр қашықтықта атып салған. 44-ші калибрден атылған оқ Голливуд жұлдызының омыртқасына тиіп, 12 сағаттан соң ауруханада жан тапсырады. Режиссер компьютерлік технолология, дублерлардың көмегімен Лидің бет-бейнесін жасап, қалған кадрларды әупірімдеп аяқтайды. Кинокартинаның түсірілімі кезінде тағы бір білікті трюкші Марк Акерстрим оқыстан қаза табады. Қолдан жасалған жарылыс кезінде оның басына сынықтар тиіп кетеді. Осылайша екі бірдей дарынды актерінен айырылған «Құзғын» қарғыс атқан туындылардың қатарына кірді. Дәл осындай жағдай 20 жыл бұрын Брюстің де басынан өткен еді. «Ажал ойыны» фильмінің түсірілімі аяқталуға жақын қалғанда жауынгерлік өнердің шебері әріптесінің абайсызда атылған оғынан қаза тауып, режиссердің киноны жамау-жамау кадрлармен аяқтауына тура келген еді. Әкенің тағдырын қайталаған ұлды қандай қарғыс ұрды екен?
Бірнеше рет экранизацияланған «Супермен» фильмінің де әртістерінің тағдырлары оңай болмады. 1950 жылғы суперменді ойнаған Джордж Ривз тойына дейін жете алмады. 1959 жылы оның өлі денесі үйінің маңынан табылады. 1995 жылғы суперменді ойнаған актер Кристофер Рив «Вне подозрений» триллеріндегі кейіпкерінің өкінішті тағдырын қайталады. Фильмде ауыр жарақаттан мүгедектер арбасына танылған полицейдің өмірі баяндалады. Көз көргендер Кристофердің дәл осы кейіпкерін жан-тәнімен сомдағанын айтады. Тіпті, мүгедектер үйіне барып ондағы жарымжан адамдардың күнделікті күйбең тірлігін көзбен көріп, арбаға отырып, тәжірибе жасап көрген екен. Атқа мінгенді ұнататын актердің соңғы саяты сәтсіз аяқталып, сүрініп кетеді. Омыртқасына зақым келген Ривтің беті бері қарамай, арбаға танылып, 2004 жылы жүрек талмасынан қайтыс болады. Суперменнің әкесін сомдаған Марлон Брандо кинодан кейін абақтыға қамалады. «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» демекші көп ұзамай ол жалғыз ұлынан да айырылады. Ал үшінші супермен атанған Ричард Прайор склероздан зардап шегіп келеді. Кейінгі супермендер Кирк Аллен мен Дин Кейннің де «жұлдыздары» бір жанбай-ақ қойды. Әу баста қаламақыларына разы болмаған актер Джерри Сигел мен Джо Шустер кейінгі «Супермендерді» расында да қарғаған екен.
«Розмаридің сәбиін» түсірер кезде режиссер Роман Поланский сұмдық жағдайдың өз басына айналып келерін сезбеген болар, әсте. Қорқынышты киноның сценарийі бойынша тылсым күштер жүкті әйелдің шаранасын әзәзілге құрбандыққа шалу үшін маза бермей жүреді. Қара күш иелері соңында Розмаридің сәбиін құрбандыққа шалады. Режиссердің қиялы шын мәнісінде 1969 жылы жүзеге асады. Маньяк Чарльз Мэнсон және оның сектаға берілген жеті мүшесі Поланскийдің аяғы ауыр әйелін өлтіріп кеткенде жұрт бірден Розмариді еске алды. Діни рәсім үшін 26 жастағы Шэрон Тейт пен соңғы аптадағы шарананы құрбандыққа шалған қылмыскерлер өмірбойы бас бостандығынан айырылды. Алайда Розмаридің әруағы мұнымен тыныштала қоймады. Арада он бір жыл өткеннен кейін Нью-Йорктегі фильм түсірілген «Дакота» үйінде The Beatles тобының табынушысы Марк Чепмен атақты топ мүшесі Джонн Леннонды атып өлтірді.
1973 жылы жарыққа шыққан «Жын шығарушы» фильмі ұжымға ғана емес көрермендерге де қатты әсер етті. Кино қалың көпшілікке жол тартқаннан кейін тұрғындар арасында «жын ұрғандар» көбейді. Бұл туралы чикаголық психиатр Луи Шлэн былай дейді: «Фильм көрерменге көрсетіле бастағаннан-ақ маған келушілердің қатары көбейе түсті. Киноны тамашалған екі жасөспірімді психиатриялық ауруханаға жіберуіме тура келді. Себебі киноны жүректеріне тым жақын қабылдаған. Одан бөлек фильмді көрген төрт адамның бойынан шайтанды қуып шықтым»,- дейді ол. Луидің көмегіне тұрғындардан бөлек фильмнің түсірілімінде болған ұжым да жүгініпті. Олар жұмыс алаңында жындардың жүргенін сезінген екен. Салдарынан түнгі ұйқылары бұзылып, бойларын қорқыныш билеп, біртүрлі қылықтар жасай бастаған. Соған қарағанда жын-шайтандар расымен де фильмді айналшықтап жүргенге ұқсайды.
Кейіпкерінің ащы тағдырын қайталған ресейлік әртістер де көп. Нонна Мордюкова ұзақ жасаған актриса. Абыз әртістің сомдаған кейіпкерлерін саусақпен санау мүмкін емес. Алайда «Орыс даласы» фильмі Ноннаның есінде мәңгілікке қалды. Оның жалғыз ұлы Владимир дәл осы фильмге анасымен бірге түскен еді. «Балам анасының қолында о дүниеге аттанған жаралы солдаттың рөлін сомдады. Мен анасымын. Соңғы эпизодта мен оны жерлеуім керек болатын. Түсірілім біткен соң менің оқиғаға беріліп кеткенім соншалық ұлымды құшақтап жылай бердім. Ал ол болса «Мама, сіз неге жылайсыз? Түсірілім бітті, бұл жәй ғана кино. Мен тірімін» деп мені жұбатты. Әлгі эпизодтты ойнау мен үшін соншалықты ауыр болғаны-ай» деп еске алады актриса. Ия, бұл жәй ғана сценарий. Бірақ ана жүрегі сол түсірілім алаңында бір жамандықты сезген екен. Арада бірнеше жыл өткесін актриса жалғызын өз қолымен жер қойнына тапсырды. Сонда Мордюкова баласынан айырылған ананың рөлін сомдағанына өмір бойы өкінетінін айтқан еді.
Қазақ киносының шедеврі «Қыз Жібек» фильмін қарғыс атқан дегенге сенер ме едіңіз. Әрине, сену қиын. Алайда Бекежанның рөлі кино әлемінде Асанәлі Әшімовтың бағын ашқанымен, тағдырына кері әсер етті. «Қыз Жібек» жарыққа шыққан жылдардың бірінде фильмде басты рөлді ойнаған актерлар Оңтүстіктегі Созақ өңіріне атбасын бұрады. Халықпен кездесу кезінде ат үстінде ойқастап жүрген Бекежан – Асанәліні көрген егде жастағы кемпір-сампырлар: «Ойбай, мына қанішер жүгермек, жексұрын жауыз әлі тірі ме еді?» – деп, шектерін тарта, қарғыстарын жаудыра, қолдарына түскен кесекпен оны атқылай бастапты. Әлгі кейуаналарды ауылдың игі жақсылары жалынып, жалбарынып жүріп, әзер тоқтатады. Сол сәтті Әшімов былай деп еске алады. «Осы Қодар мен Бекежан секілді қандықол жандар әрекеттері көпшілікке онша ұнай бермейтіні анық. Актер болған соң, беріліп ойнамасаң тағы болмайды. Қозы мен Төлегенді өлтірер әлгі жауыздардың жан әлеміне сіңіп кеткендей хал кешесіз. Театрда отырғанын, сахнада рөл ойнаушы артистер жүргенін сезсе-дағы, көрермен қауым оларға ызаланады, ашуланады. Тіпті, жағымсыз кейіпкерлердің оспадарсыз істеріне іштей қарғыс та айтары – табиғи құбылыс. Ана жылдары қос құлыным Мәди мен Сағи бірінің соңынан бірі өмірден мезгілсіз озғанда, тіпті, қаудырап қалғандай болдым. Алғашқы жан жарым Майраның қайғысынан сәл арылып келе жатқанда, қос арысымның өлімі жандүниемді қаусатып кеткендей болды. Одан қолымнан жетелеп жүріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген анам байғұс та көз жұмды. Сол тұстардағы ішкі қайғы-мұңым бес батпан еді. Жалғызсырап, Жаратқанға не жаздым деп, жылаған кездерім де болған. Жазықсыз жандарды қан қақсатқан Қодар мен Бекежан зұлым қайта-қайта есіме түсті. Сахнада болсын, экранда болсын, кісі өлтірген қаныпезерлерге кім алғыс айта қойсын?! Эмоциялық, психологиялық ет қызуымен көрерменнің қарғап-сілеп жіберері де шындық. Сенбейін десеңіз, мистикалық, мифтік дүниелерде шындық барын өмір мысалдары дәлелдеп-ақ келеді. Қос құлынымның орны толмас қайғысы әртүрлі ойларға жетелегені рас».
Қайбір жылдары «Бақай» тобының «Кім кінәлі?» әні кәдімгідей хит болды емес пе? Бейнебаянға түскен актер, режиссер Жәнібек Жанқараев бір сұхбатында іштегі сырын жайып салған еді. Бейнебаянда оның сүйіктісі асылып қайтыс болады. Өкінішке қарай, режиссердің жары кейіннен өз-өзіне қол салып, өмірден озған.
Жоғарыда аталған мысалдарды сәйкестік немесе шынайы деп қабылдау оқырманның еншісінде. Дегенмен қарғыстан сақтанып жүрейік.
Айнұр Оңғарбай