Есектің еті неге арам саналған?
– Есектің еті арам, еңбегі адал дейді. Бірақ, еті неліктен арам болғанын білесіз бе? Аңызын тарқатсаң, басы сонау Нұхтың топан суынан басталады. Көшпелілер арасында өте кең таралған аңыз. Өзбектің, қарақалпақтың нұсқаларында кішкене айырмашылық болғанымен, мазмұны бірдей. Ендеше кезекті қисса сул-әнбия.
Топан су басталғанда Нұх кемеге барлық жан-жануарларды асығыс кіргізіп жатады. Есек кіріп келе жатқанда Ібіліс оны арбап:
– Есек, саған ерекше қасиет біткен. Ешқашан досқа қиянат жасамайсың. Мені топан суға қалдырмай, өзіңмен бірге кемеге алып кір, – деп жалынады. Есек келісіп, екеуі ішке ұмтылады. Сонда Ібіліс:
– Нұх мені кіргізбейді. Құйрығыңа тығылып кірейін, – дейді. Есек:
– Мақұл, – дейді. Ібіліс есектің құйрығынан ұстап алып, кері қарай сүйрейді. Есек шыдай алмай, ақырып жібереді. Шошып кетіп, зәр жібереді. Тар жерде топырлап тұрған хайуандар азан-қазан болады.
Нұх есекке жекіп:
– Кір ішке! – дейді. Есек төрт аяқтап тұрып алады. Оның артында келе жатқан қошқар мүйізімен сүзсе де, тапжылмай тұра береді. Нұх екінші рет:
– Ей, малғұн, өткелді бөгемей, кір ішке, – дегенде есектен бұрын Ібіліс кіреді. Нұх оған:
– Шық! – дейді. Ібіліс:
– Кір, малғұн! – деген өзің. Малғұн менмін. Әміріңмен кірдім, – деп кемеге жайғасады. Нұх сөзден жеңілген соң, есекке қарап:
– Көрген күнің қараң болар,
Жүрісің шабан болар,
Жегенің сабан болар,
Етің арам болар, – депті. Есек содан бастап, еңбегі адал болғанмен, еті арамға айналады. Есектің әліге дейін өткелде суға зәр жіберетін жаман әдеті осы оқиғадан қалыпты.
Қазір де есек Ібілісті көрсе, өткелдегі оқиға есіне түсіп, ақырып, жаны қалмай қорқады екен.