Қобланбек Оңалбеков: «Жұмыс сапасы жалақыға тәуелді емес»
Қобланбек Оңалбеков, Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулары ауруханасының бас дәрігері
- Қазіргі таңда денсаулық сақтау мекемелерінің басым бөлігі жаңарып жатыр. Диспансердің бүгінгі ахуалы қандай?
- Қазақстанның өркениетті елдердің қатарына қосылуға қадам жасап жатқаны белгілі. Елбасы жыл сайынғы Жолдауында медицина саласын дамытудың жолдарын, бағыттарын айқындап беруде. Сол бағыттардың бірі денсаулық сақтау мекемелерінің санитарлық талаптарға сай болып, заманауи жабдықтармен жабдықталуы, сондай-ақ жұмыс сапасын арттыру. Қаламыздағы диспансердің іргетасы Кеңес заманында қаланған. 1972 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мекеменің тозғаны рас. Осыны ескерген басшылық аурухананы күрделі жөндеуден өткізуге шешім шығарған болатын. Қазіргі таңда ғимарат толық жөндеуден өтіп жатыр. Ал негізінен диспансердің материалдық-техникалық базасы қажетті құрал-жабдықтармен 85 пайызға қамтамасыз етілген. Олар: эхоэнцефалограф, реоэнцефалограф, рентген-аппарат, электрокардиограф, физиотерапиялық кабинет және лабораториялық жабдықтары, қарқынды емдеу палатасы да қажетті құралдармен жабдықталған. Диспансердің 710 төсек орынға араналған стационарлық 11 бөлімшесі бар. Науқастардың толық емделіп шығуы үшін барлық жағдайлар қарастырылған: тегін дәрі-дәрмекпен, тамақпен, үш аусымдағы төсек жабдықтары беріледі. Сонымен бірге жанына дауа іздеп келушілерге эскпериментальды-психологиялық тексеру, логопедиялық және педагогикалық сабақтар, психотерапиялық көмек көрсетіледі.
- Кадр мәселесінде қиындықтар бар ма?
- Оңтүстік өңірде өздеріңіз білетіндей халық көп. Ауырмайтын пенде жоқ болғасын оларды емдеу үшін бүгінде медициналық мекемелер де көптеп салынып жатыр. Ірі орталықтан бастап, кішігірім аудан, ауылдардың өзінде медициналық көмек көрсететін орындар жеткілікті. Ал бұл өз кезегінде кадр мәселесіне біршама қиындықтардың туғызатыны белгілі. Дегенмен қазір жас мамандардың саны артып келеді. Ал диспансердің кадр мәселесіне тоқталар болсақ былтыр аурухананың дәрігер-психиатрлармен қамтамасыз етілуі 94,4 пайызды құраған болатын. Яғни мамандардың тапшылығы байқалды. Оның басты себебі аудандардағы емханаларда дәрігер-психиаторлардың жетіспеушілігі. Мамандардың саны ғана емес сапасы да біз үшін әрқашан маңызды. Осы мақсатта 2013 жылы 8 жас маманды қайта дайындаудан өткізіп, біліктілігін арттырған болатынбыз.
- Елімізде жүйкесі сыр бергендердің саны жыл сайын артпаса кеміген емес. Өкінішке қарай бұл кесел балаларды да сырт айналып кетпеді. Диспансерде есепте тұрған науқастардың ішінде балалардың үлес салмағы қанша?
- Жүйке жүйесі аурулары кез-келген адамда болуы мүмкін. Оның ішінде балаларда да. Өткен жылғы мәлімет бойынша 2015 жылдың аяғында диспансерде 29505 адам есепте тұрса, оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалардың саны 8060.
- Адамдардың жүйке ауруына шалдығуына көбінесе қандай факторлар әсер етеді?
- Әрине, дерт адам бойынша себепсіз жабыспайды. Адамдардың жүйке жүйесі ауруына шалдығуына көптеген факторлар әсер етеді. Біріншіден, сыртқы жағдайлар (ми жарақаттары, ісіктері, су жиналу, неврологиялық аурулар), яғни мидың органикалық зақымдануы 47,8 пайызды, тұқым қуалаушылық себептерімен, яғни эндогенді аурулар 19,7 пайызды, күйзеліске байланысты 1,6 пайызды, мнез-құлықтың қоршаған орта факторларына байланысты өзгеруімен 0,3, психологиялық тежелу 4,4 пайыз, құрсақіші даму кезінде түрлі факторлардың әсерінен туа пайда болатын ақыл-ес кемістігі 24,5 пайызды құрайды.
- Жалақы өссе жұмыс сапасы артады дегенге қалай қарайсыз?
- Өз мамандығын жүрек қалауымен таңдаған дәрігерлердің атқаратын жұмысының сапасы жалақы мөлшеріне тәуелді деп айтуға болмайды. Медициналық қызметін жалақымен байланыстырған дәрігерлер 90-шы жылдары медицинаны басқа салаға ауыстырған. Жалақысы аздар сапасыз жұмыс істейді деген сөз емес. Бәрі де мамандық иесінің өзіне байланысты.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Айнұр Оңғарбай
Мұрағаттан, 2016 ж