Қандауыр мен қалам

Oinet.kz 04-06-2020 1091

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, елімізге кеңінен танымал дәрігер-хирург Сағындық Ордабековпен оның алдында да физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Абдуалы ағамыз арқылы таныс едім. Ашық, көңілі жақын тартқан адамға көл-дария Жамбыл ағамыз бен Сағындық ағамыз екеуі жазғы уақытта барған демалыс орындарынан, Қазақстанның көрікті жерлерінен қыздырта әңгімелер айтады. Оның үстіне Сағындық ағамыздың республикалық, облыстық басылымдардың беттеріне жиі шығып жататын танымдық-тағылымдық публицистикалық мақалаларын оқимын. Бұл біздің байланысымызды жақындата түскен.

0ab536b50b915fdcecc34f559e0c7d50.jpg

Адам жаны қысылғанда әуелі Жаратқанға жалбарынып, содан соң дәрігерден араша тілейтіні бар ғой. Сондай күндердің бірі туып, екінші баламыз аяқ асты қатты ауырып, операция жасау қажеттілігі болғанда, ал дызықтап Сағындық ағаға хабарласайық. Қарапайым да білікті ағамыз сонда жанымызға демеу болып, бәрінің жақсылықпен аяқталуына себепші болды. Ал мұндай сәттер оның басынан қаншалықты өтіп жатыр десеңізші. Ол бүкіл ғұмырын, білігі мен тәжірибесін адам жанының арашашысы болуға арнап келеді. Оның кейбір қызықты да тағылымды сәттерін өз кітаптарында жазып та келеді.

Бала күнімізде дәрігер Естөре Оразақовтың «Дәрігерлік кеңес» деген кітабын қызығы оқығанымыз бар. Сондағы бір ерекшелік қаншама аурудың түрлері, оның адам денсаулығына қатері туралы айтылып жатқанмен, қарапайым ауылдың тыныс-тіршілігімен байланыстырған соң ба, тартымды оқылатын.

Неге екенін қайдам, Сағындық Ордабеков ағамыздың тағылымды әңгіме-эсселерін, танымдық мәні жоғары мақалаларын оқыған сайын сол бала кезден білетін дәрігердің кітабы еске оралады. Мұның сыры неде дейсің. Гипократтың антын ту еткен дәрігерлік - әрине, қасиетті мамандық. Ал оның қолында қандауырмен қоса қалам болса, тым айбынданып, биіктеп кететін тәрізді. Өйткені қаламның өз құдірет-қасиеті бар. Қалам жақсы адамның қолына тисе, оның ішкі жан дүниесінің байлығы мен жылуы нұр сәулесін аша түседі.

Сағындық ағамыз осындай – қандауыр мен қаламды тең ұстаған абзал азамат. Оның қаламынан туындаған эссе-мақалаларынан ізгілікке жаны құштар адамдықты, адам баласын бауырындай көретін кеңпейілділікті, туған еліне, жеріне деген алғаусыз сүйіспеншілікті, оның тарихына, мәдениетіне деген елгезектікті, тағы басқа жайларды аңғарамыз.

Сондықтан да қазақ халқының хас батырлары Бауыржан мен Рахымжан туралы жазған әп-әдемі эссесінде өзі айтып өтетініндей, 1969 жылы Алматыдағы медицина институтының 1 курсына қабылданғаннан кезінен бастау алатын хирург-дәрігерлік ғұмыры, ғалымдық жолы, бұл саладағы жеткен жетістіктері мен биіктері өз алдына желілі үлкен әңгіме. Бұны жазу үшін дәрігерге дәрігердің, ғалымға ғалымның, сан мыңдаған емделушілерінің көзімен қарау керек болар.

Ал біз оның қолы қалт еткенде, қандауырды қаламға ауыстыратын қасиеті жөнінде аз-кем айтпақпыз. Сөз арасында кейде қалжыңдап, бір жағы тынымсыз еңбекшілдігіне сүйсініп: «Аға, осыншылықты жазуға қалай үлгіріп жатасыз?» дейміз. Әлбетте, уақытты зая өткізбейтін құнттылық болса, бәріне үлгіруге болады. Оның үстіне сол жазуыңнан өзің іштей қуат алып жатсаң. Ал, ең бастысы, жазғаның оқырманның көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленсең. Оқырманға өзіндік айтарың болса... Біздіңше, дәрігерлік қандауырдан қолы қалт еткенде, Сағындық ағамызды үстелге «байлайтын» қуат-құштарлық осында-ау деп ойлаймыз. Көрнекті ақын Фариза Оңғарсынова апамыздың ертеректе айтқан мына бір пікірі еріксіз еске түседі: «...табиғатында сәуле жоқ адамды ақын немесе композитор жасау мүмкін емес. Мұндай сәулені Жаратылыс қана береді. Сол Жаратылыс берген сәуленің үлкен алауға айналуы үшін алдында теңіздегі мауктай алыстан болса да жарқыраған бір үлгілер болуы қажет-ақ. Өнердегі ұстаздық деген сол. Бірақ өнер иесі үшін үлкен жүк. Ол жүктің салмағын кез келген ер көтере алмауы мүмкін». Сағындық аға шипагерлік пен шығармашылықты серік етіп, екі саланы да терең меңгерген, халқы үшін талмай еңбек етіп жүрген дегдар азамат.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында туған жердің тарихын білу, оны бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу - басты әңгімелердің бірі болып саналады. Тұтастай алғанда, С. Ордабековтың танымдық мақалалары мен еліміздің, облысымыздың танымал тұлғалары туралы жылы эсселерінің табиғатынан осыны сезінеміз.

- «Өмірде туған жерге, туған елге, өзінің халқына, ағайынға, ата-анаға бас имейтін азамат жоқ болар, сірә. Сол себептен де мен туған жерге қазақтың талай тарихының куәгері, киелі де қарт Қаратау өңіріндегі Көсегенің Көкжонындағы Үшбас ауылына (қазіргі Жаңатас қаласына таяп тұрған таулы аймақ) жыл сайын сағына барамын, жас балаша еркелеп, құрбы-құрдастарыма, аға-жеңгелеріме сәлем беріп, олардың аман-саулықтарына қуанып, көңілім бір жадырап, жаңарып, тіпті жасарып қалады. Туған жерге, туған өңірге еш елді, еш жерді ауыстыра алмайсың. Өйткені, одан артық ел де, жер де жоқ», - деп толғана тебіренеді «Жүрек пернелері» атты кітабына (2017) енген мақаласында. Өзінің ойын қазақтың талай маңдай алды азаматтарының туған жерге деген бас июімен салмақтандыра түседі. Мәскеуде, Алматыда қызмет жасаған, қазақ әдебиетінің нар тұлғасы Тәкен Әлімқұловтың ақыр соңында Созақтың топырағында, Бабатада байыз табуын айтсаңшы. Жазушы Оспанәлі Иманәлиев те өмірінің соңғы кездерінде ару Алматыны қалдырып, Талас жеріне, халқына оралып, біраз жылдар ыстық құшағында болып, топырағы туған жерінен бұйырады. Мұнан да көп мысалдарды айта отырып, Сағындық ағамыз туған жердің құдіретін оқырманның санасына сіңдіре түседі.

Үлкен тұлғалармен кездесу де, олармен болған тағылымды әңгіме де Сағындық ағамыздың қаламынан қалыс қалмайды. Сондай жүздесудің бірі әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовпен болады «Тамды аруы» немесе Шәмшінің бір әні туралы мөлтек сыр» мақаласында осы жайды қызықты баяндайды. Өткен ғасырдың 70-80-жылдарында бұл күндері аты аңызға айналған композитор Жамбыл өңірінде 17-18 жылдай тұрады. Ол мұнда «Фосфорлы Жамбыл», «Дүнген қызы», «Сағынышым менің» және тағы басқа әндерін шығарады. Міне, сондай күндердің бірінде, 1986 жылдың жазында Шәмші ағамыз соқыршекпен ауырып, облыстық аурухананың хирургия бөлімінде операция жасатып, жиырма күндей тиісті ем-домын алады. Сонда Сағындық ағамыз бен Шәмші арасында сырлы әңгіме өрбиді. Шәмші аға табиғатынан дарынды композитор ғана емес, әңгіме айтудың да нағыз шебері еді деп еске алады автор. Бірақ оның әңгімесі еш уақытта біреуді жамандауға, қаралауға құрылмайтын. Бірде әңгіменің ыңғайы келіп, Дінмұхамед Қонаевқа ауысқанда, парасатты, ұлтжанды азамат жөнінде шын пейілмен төгіле сөйлейді. Ол қабылдауында болған Нұрғиса екеуін ризашылықпен есік алдына дейін шығарып салып тұрып: «Қарақтарым, сендер елдің, көпшіліктің адамысыңдар, жақсы ән жазып жүргендеріңді білемін, тіпті, сендерді мақтаныш етеміз. Өздеріңді күтіңдер, не дегенмен сендер ел адамысыңдар...» деген қамқор сөзін жеткізеді. Сол кісінің қамқорлығымен Алматының орталығынан жаңа үйден хан сарайдай үш бөлмелі пәтер алғанын еске алады.

Шәмші бірде Сағындық ағаға басындағы таңғажайып жай – Ақан сері әруағымен қалай тілдескені жөнінде сыр шертеді. Көкшетауға ел азаматтарының шақыртуымен барғанда, Ақан серінің бейітіне барып, зиярат етіп қайтуды өтінеді.

«Ахаң Көкшенің «Тереңкөл» маңында жерленген екен, оған тәу етіп, құран түсіру үшін бір топ жігіттермен сонда бардық. Құранды бейіттің басындағы Мәжит деген қарт кісі – шырақшы оқыды. Дауысын қыраттап, тыңдаушыларын ұйытып, әсерлі оқиды екен. Бір мезетте денем дел-сал болып, кірпіктерім еріксіз айқасып, көкірегімді өксік қысты. Менің ырқыма көнбей, жанарларым былауланып, мөлт-мөлт етіп жас төгілді. Себепсізден себепсіз булығып, демім тоқтап қалғандай болды. Кенет:

- Сен Шәмші емессің бе? Неге жылайсың? – деген дауыс ту сыртымнан саңқ ете қалды. Көзімді ашып дауыс шыққан жаққа қарап едім Ақан екен. Жүзі маған тым қатулы көрінді. Орнымнан тұрмақ болып ұмтыла беріп едім, әлгі бейне жоқ болды. Айналама қарасам өзіме еріп келгендерден бөтен ешкім көрінбейді. Барлығы құранға мүлгіп отыр, кейбіреулері көздерін тарс жұмып алған. Шырақшы-молда құранын аяқтамапты. Көзімді қайта жұмып едім, Құдайдың құдіреті, әлгі көрініс көз алдыма көлбеп қайта келе қалды да Ақан сері екеуміз ашық әңгімеге көштік. Мен оған мына өмірге нала екенімді, тіпті, бақытсыз жан екенімді айттым. Ол жауап ретінде:

- Шәмші, сен осыншама жасық па едің. Неге егілесің? Өмірдің қиындығымен күресе біл, қайсарлы бол. Сенің әлі халқыңа берерің көп. Жасыма, таусылма. Ән өнерің құлдырамасын, шабытың шалқысын, әумин! – деп батасын берді де көзден ғайып болып кетті. Мен:

- Неге, кімге өкпелеймін... Аха, кешіріңіз мені... Жоқ, болмайды екен... Бүгіннен бастап әзәзілді қоямын... Ішуді тоқтатам... – деп күбірлей беріппін. Өз даусымнан өзім шошып, көзімді ашсам, қасымдағылар маған үрейлене қарап:

- Шәке, не болды саған? Өзіңмен өзің сөйлеп отырсың. Тыныштық па?

- Барлығы дұрыс, жігіттер. Оған көңіл аудармаңдар... ойыма бір нәрсе түсіп кетті де, содан... құранымыз бен ниетіміз қабыл болсын! – деп бетімді сипап, орнымнан тұрып олардың көңілдерін басқаға аудардым.

- Міне, содан кейін, яғни 1977 жылдан мен ішімдікті мүлдем тоқтаттым. Арақ-шарап дегенді аузыма алмаймын. Бірақ, арақтан бойымды аулақ ұстағаныма көп жылдар болса да, ел мені сан жаққа жүгіртеді. Тіпті, «Шәмші ішуін қойғаннан кейін, ән жазуын да қойыпты», «Шәмшінің шабыты тек арақ ішкенде келеді екен...» деген қашпа сөздер де желдей еседі. Кімнің аузына қақпақ боласың, інім. Айта-айта өздері де шаршар, одан кейін қояр деп ойлаймын, - деп сөзін аяқтады».

С.Ордабековтың «Кірмеші жиі түсіме...» немесе бұл әннің тарихы туралы бір үзік әңгіме» атты талантты композитор Қалдыбек Құрманәлі туралы жазған сырлы әңгімесі де қызықты оқылады.

Оның ендігі бір топ эссе-мақалалары қазақтың арда тұлғаларына арналған. «Елім деп өткен Димекең», «Бауыржан мен Рахымжан» мақалаларында алып тұлғалардың өмірінен сыр шертеді. Бұл мақалаларын жазуда ол көп ізденген. Білгенін, оқығанын тықпаламайды. Сол мол білген-түйгенінен оқырманына ең маңыздысын, тұшымдысын ұсынады. Сондықтан бұл мақалалар көлемі шағын болғанмен, айналасы жұп-жұмыр, мәнді де тағылымды болып келеді. Мәселен, Рейхстагке ту тіккен батыр қазақ Рахымжан Қошқарбаевтың Бауыржан арқылы елге кеңінен танылуын автор қызықты баяндайды. Бірде жазушы-майдангер Кәкімжан Қазыбаевты шақырып алып:

- Білесің бе? – дейді көзі ұшқын шашып, ширыққан Баукең. – Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияға дейін басқардым. Төрт жыл бойғы сұрапылдың небір сұмдықтары көз алдымда. Бірақ, Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол ақырзаманның нағыз өзі. Жаңағы жігіт сол тозақ отының ішінде болған. Сол алапаттан әруақ қолдап, аман шыққан. Жеңіс жалауын тіккен! Тағдыр оның тарихи адам ретінде өмірбаянын сол сәтте жазған!!! Сендердің міндеттерің енді соны елге айтып, жалпақ жұртқа жеткізу.

Сонда соғыс біткеніне 13 жыл болғанмен, оны ешкім іздеп келмеген екен. Тіпті Бауыржан болмағанда іздеусіз де қалғандай. Содан Кәкімжан Қазыбаев іздеп жүріп тауып алып, әңгімелесіп, ол туралы 1958 жылы «Лениншіл жас» газетінде «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» атты алғашқы деректі очеркін жариялайды. Кейін жазушының қаламынан Р. Қошқарбаев туралы «Отпен жазылған өмірбаян», «Тарылған тыныс», «Шешуші шабуыл» және басқа да очерктері мен «Кернеген кек», «Найзағайдай жарқылдап» деген повестері дүниеге келеді.

Міне, аты аңызға айналған Бауыржанның көпке беймәлім қыры. Әр алуан деректерге сүйенген автор Баукең мен Рахымжан арасындағы сыйластықты оқырманына үлгі етеді.

С.Ордабековтың туған жердің түлегі, Қазақстандағы алғашқы техникалық жоғары оқу орны – Қазақ кен-металлургия институтының, қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университеттің, ұйымдастырушысы және алғашқы ректоры, репрессияға ұшырап 1938 жылы атылғанӘшір Жанәліұлы Бүркітбаев туралы жазған мақаласы, кейін монография-кітабы («Жалт еткен жасын ғұмыр») - үлкен ізденістің нәтижесі. Сол еңбектен кейін ғана сарысулық жерлестерінің қолдауымен бұрынғы Андреевка селосына Әшір Бүркітбаевтың аты берілді.

Қазақтың мақтанышына айналған ғалым-ағартушы Шоқан Уәлихановтың 1864 жылы орыс әскерімен Әулиеатаға жасаған сапары және оның өмірінің соңғы жылдары, жұмбақ өлімі туралы ізденістері қызығарлық тың дүние.

Ия. Ол әрдайым ізденісте жүреді. Жайбарақат күн кеші саналы адамға бұйырмаған. Тірнектеп Жамбыл облысынының денсаулық сақтау тарихын мұрағаттардан және де басқа жолдармен тірнектеп жинап, оны жеке көлемді кітап етіп 2009 жылы республикалық баспадан «Жамбыл облысының медицинасы»деген атпен жарық көрді. Бұл кітап өңір денсаулық сақтау және қалыптасу тарихына арналған ту сонау ХІХ ғасырдан бастап осы күнге дейінгі көптеген нақты еректер мен мәліметтер жиыстырылып, қызықты фотосуреттермен және материалдармен толықтырылған салмақты әрі сүбелі еңбек болды.

Алаш қозғалысының белсенді мүшесі, қазақтың алғашқы профессор-математигі Әлімхан Ермековтің жұбайы, дәрігер-хирург Рахила Шагабудинқызы Ермекова Жамбыл қаласында өткен жүзжылдықтың 30-40-шы жылдарында айдауда болып, дәрігер болып еңбек еткені, әйгілі орыс жазушысы М.Булгаковтың (оқушыларға «Шебер және Маргарита», «Собачое сердце» және басқа да шығармаларымен жақсы таныс) өкей әкесі терапевт Иван Павлович Воскресенский ту сонау Киевтен жер аударылып Тараз қаласындағы облыстық ауруханада ұзақ жылдар қажырлы еңбек етіп, осы жерде жерленгені туралы мәліметтер жинап, баспасөздерде жариялатты. Тіпті, кеңес заманының белгілі тұлғасы М.Фрунзенің әкесі Меркі аулында фельдшер болып қызмет етіп, жергілікті халыққа медициналық көмек бергені және оның сол Меркеде көз жұмып, сол жердегі ескі бейітке қойылғаны жайлы деректер тауып, республикалық бірнеше газет-журналдарға мақала жариялады. Қазақтың алғашқы зерделі қыздарының бірі, Коминтерн мүшісі Алма Оразбаева өмірінің соңғы 17 жылын Жамбыл облысының Құлан аулында өткізгені, оған сол жердің топырағы бұйырғаны жайлы жазған да дәрігер С.Ордабеков еді.

Белгілі академик, екі рет Еңбек Ері атағына ие болған ғалым, гелминтология ғылымының негізін қалаған мал дәрігері, академик К.Скрябиннің алғашқы еңбек жолы Қазақстанның оңтүстік өңірінде, оның 4-5 жылын Әулиеата шаһарында өткізгенін, ғылыми ізденістері мен тұңғыш ғылыми еңбектерін осы Әулиеатада жүріп жазғаны туралы қызықты мәліметтер жинап, оларды газет-журналдарға жазып, көрнекті ғалымның тұрған үйін музейге айналдыруға, оны қалпына келтіруге көп еңбек сіңірген де Сағындық аға болатын.

Дәрігер С.Ордабеков әрдайым ізденісте. Зерттеген дүниелерін сараптап, «електен» өткізіп дайындаған танымдық мақалаларының басын қосып бірнеше тарихи-публистикалық кітап шығарды. Республикалық және де басқа көрші елдердің ғылыми медициналық журналдарында, топтамаларында жарияланған ғылыми еңбектері де аз емес.

Ғалым-дәрігердің конференцияларда жасаған тартымды баяндамалары, айтқан пікірлері көпшілікті қызықтырады, тың ойларға жетелейді.

Сан түрлі тақырыпқа қалам тербеген оның мазмұнды мақалалары республикалық, облыстық газет-журналдарда мезгіл-мезгіл жарияланып келеді. Оның еліміздің, облысымыздың қаламгерлері, мәдениет қайраткерлері туралы жазған көптеген танымдық мақалалары мен эсселері - өз алдына бір сала. Ол басқалардың жақсылық істеріне, табыстарына шын жүректен қуана біледі. Жай қуанып қана қоймай, оның насихатшысына, жаршысына айналады. Ал мұның ар жағында мәдениетке, руханиятқа деген жүректің құштарлығы мен жанашырлығы, сүйіспеншілігі байқалады. «Кітап» дегеннен шығады, Сакеңнің әртүрлі баспалардан шығарған оқулықтар мен оқу құралдары, әңгімелер жинағы мен публистикалық кітаптарының («Беймаза дүние», «Көкіректегі күмбірлер», «Бақыт кілті», «Көңіл көкжиегі», «Жүректегі пернелер», «Ойтолқын» және т.б.) жалпы саны 40-қа жуықтапты. Таңғалмасқа ерік жоқ. Дәрігерлікпен қатар қаламгерлікті тең ұстап, негізгі қызметінің ауырлылығы мен жауапкершілігіне қарамай шаршамай-шалдықпай жеке шығармашылыққа уақыт тауып жүрген жанның еңбекқорлығына шексіз риза боласың.

Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2017 жылдың қараша айының соңында Сағындық ағамызбен бірге оның туған өңірі қай тасын түртіп қалсаңыз да тарихқа кенелетін қазыналы Қаратау етегіндегі ежелгі қалашықтардың бірі Саудакентке баруға жол түсті. Жолай әр көрінген төбе, көл, көлшік, өзен мен бұлақ туралы әңгіме айтып отырдық. Оның туған жер жөніндегі әңгімесі ыстық ықыласпен өріледі. Өтелген, әлі де өтелмеген перзенттік парызы ойлантатын тәрізді. Ал, Саудакенттің орталық мәдениет үйінде аудан әкімі Балабек Нарбаев бас болып жиналған халық ағамызды қошаметпен, ыстық ықыласпен қарсы алды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында ол туған жерден түлеп ұшқан атпал азаматтар, өңірдің тарихы туралы толғана әңгіме айтты.

Иә, «Азаматына қарап елін таны» дейді халық даналығы. Өмірде Сағындық Ордабекұлы сынды қарапайым да ұлық адамдардың болғаны қандай жақсы.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Тараз.

Емші әлде дәрігер? Кімге көбірек жүгінесіз?
Абайлаңыз, коронавирус!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу