Тұмаудан сақтана білесіз бе?
Тұмау – бұл тыныс алу жүйесін зақымдайтын жедел вирустық ауру. Тұмау ЖРА – жедел респираторлы аурулардың, дәлірек айтсақ, ЖРВИ – жедел респираторлық вирустық инфекциялардың санатына кіреді.
Тұмау иммунитеттің әлсіреуі мен салқын тиюден пайда болмайды, оған ерекше вирус – тұмау вирусы себепкер болып табылады. Оның ерекшелігі өзгергіштігімен сипатталады. Медицинада сипатталған тұмаудың үш түрі (А, В және С) кезектесуімен қатар, олар өз құрылымын өзгерте алады. Сондықтан жыл сайын індет кезінде біздің иммундық жүйе жаңа микроорганизмдермен кездеседі және бұл олармен күресуді қиындатады.
Тұмаудың асқынулары
Тұмау – өздігінен жағымсыз ауру, дегенмен оның иммундық жүйесі әлсіз қарт адамдар мен балалар емделмегенде немесе сәйкессіз ем қолданғанда, режим бұзылған кезде дамитын асқынулары өте қауіпті.
1. Бронх қабынуы: ауру басталғаннан кейінгі бір аптаның ішінде жөтел басыла қоймайды, көп мөлшерде іріңді (сары, жасыл, сұр) қақырық бөлінеді.
2. Пневмония – вируспен зақымдалған шырышты қабық арқылы кірген бактериялардың салдарынан туындаған өкпе тінінің қабынуы. Сырқат азапты жөтелмен, науқастың жалпы жағдайының нашарлауымен, температурасының көтерілуімен сипатталады. Кейде пневмонияның өліммен аяқталатын аса ауыр түрі дамуы мүмкін.
3. Менингит және энцефалит – ми мен ми қабығының ауыр қабыну аурулары. Ауру көбінесе балаларға тән – ересектерде мұндай асқынулар өте сирек дамиды. Менингит пен энцефалит өте ауыр өтеді, қарқынды емдеуді қажет етеді және қайғылы аяқталауы да мүмкін.
4. Селкілдек ұстамалар – орталық жүйке жүйесінің зақымдануының белгісі болуы мүмкін.
5. Галлюцинациялы психоздар – ми қызметінің бұзылуымен сипатталатын ауыр интоксикацияның белгісі болып табылады.
Тұмауды емдеудің жолдары
Тұмаудан емделіп жүрген науқасқа тыныштық талап етіледі – көбірек жату ұсынылады. Әдеттегі белсенділіктен (дағдылы еңбек қызметінен) бас тарту керек. Өйткені, ол аурудың асқынуына себепкер болуы мүмкін.
Тұмау кезінде негізгі емдеу жолы – симптомдық емдеу. Симптомдық емдеу кезінде тағайындалатын дәрі – дәрмектер:
– жасын ескере отырып қызуды басатын дәрі – дәрмектер тағайындалады;
– С дәрумені;
– көбірек су ішу;
– қақырық түсіретін, жөтелге қарсы дәрілер: мия, жалбызтікен препараттары, мукалтин, бронхолитин және т.б. дәрі – дәрмектер;
– мұрын тамшылары тағайындалады. Олар мұрынның шырышты қабығының ісінуін жояды, тыныс алуды жеңілдетеді, гаймориттің дамуына жол бермейді.
Тұмаудың алдын алу
Вакциналау – тұмаудың алдын алудың негізгі медициналық әдісі. Вакцинаны індет басталғанға дейін 1 – 3 ай бұрын егеді. Түркістан облысы әкімінің қолдауымен 2019-2020 жылдарының эпидемиологиялық маусымына жергілікті бюджеттен 211 млн. 662 мың теңге бөлініп, тұмауға қарсы вакцинасының 244126 дозасы сатып алынды. Алынған вакцина облыс тұрғандарының қауіп-қатер тобына тегін түрде егілуде.
Бүгінгі күнге тұмауға қарсы вакцина облыс тұрғындарына 152622 адамға салынып, қамту 62,5 пайызды құрайды. Сонымен қатар, «Катко» ЖШС, «Инкай» ЖШС, «ГР-Пять» ЖШС сияқты ірі компанияларда жұмыс беруші есебінен 334 адамға егу жүргізілген.