«Диабетпен ұзақ та бақытты өмір сүруге болады» - Мұхан ИСАБЕКОВ

Oinet.kz 25-05-2020 1377

Мұхан ИСАБЕКОВ, Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы эндокринологиялық бөлімшесінің емхана меңгерушісі, дәрігер-эндокринолог,  м.ғ.к, доцент: 

image.png

- Мұхан Базарәліұлы, бұрындары қант диабеті ауруы жайлы сирек естуші едік. Ал қазір тәттінің орнына қара нан жейтін дибетшілердің саны көбейіп отырған секілді.  Жалпы статистика не дейді?

- Қант диабеті кеселінің жыл санап өсіп отырғаны жасырын емес. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек диабетпен жер бетінде 400 миллионға жуық адам ауырса, біздің елімізде 350 мыңға жуық тұрғын есепте тұр. Ал Түркістан облысында бүгінде диабеттен зардап шегетін 26 мыңдай науқас бар.  Тіркелген науқастардың   90 пайызы инсулинге тәуелсіз түрімен, қалған 10 пайызы тәуелді түрімен ауырады. Өкінішке қарай облыста диабетпен ауыратын балалар да  бар. Олардың саны 200 ге жуық. Оның ішінде 80-і жасөспірімдер. Өңіріміз республика көлемінде науқастар саны бойынша 5 орында тұр. Өкінішке қарай әзірге жер бетіндегі адамдар үш түрлі аурудың тырнағына көбірек ілігіп жатыр. Олар жүрек-қан тамыр аурулары, онкологиялық аурулар және осы қант диабеті.  

- Қант диабтеті тұқым қуалайды деп жатады. Сол рас па? Жалпы диабет неден туындайды?

- Қант диабеті - созылмалы, әзірше емі табылмаған, инсулин гормонының жетіспеушілігі немесе оның дұрыс әсер етпеуі нәтижесінде ағзадағы көмірсулар, ақуыздар және май алмасуларының бұзылысына алып келетін ауру. Диабет – бұл адам қанындағы қант деңгейінің созылмалы түрде жоғарылау жағдайы. Диабеттің екі түрі көбірек таралған: «диабеттің 1 типі» және «диабеттің 2 типі». Облысымызда  диабеттің екінші типімен ауыратындардың үлесі 96 пайызды құрайды. Диабеттің бұл түрімен  көбінесе қырықтан асқан адамдар ауырады және тұқым қуалауы мүмкін. Тарқатып айтсақ сізге «қант диабеті » диагнозы қойылды, ізінше, сіздің балаларыңыз бен немерелеріңіз, демек, 1-ші қатардағы ұрпағыңыз қауіп тобына кіреді және оларға қандағы глюкоза деңгейін жылына 1 реттен кем емес өлшетіп тұрулары қажет.  Қазақтар «сусамыр» деп атау берген аурудың туындауына көптеген факторлар әсер етеді. Қант диабетінің дамуы асқазан асты безі жұмысының бұзылуымен байланысты. Ол қандағы қант деңгейін реттеп отыратын зат – инсулин гормонын бөлуді тоқтатады немесе оны аз мөлшерде бөледі, ал кейде инсулин қажетті мөлшерде бөлінгенімен, ағза жасушалары оны сезінбей қалады. Осының салдарынан қандағы қант деңгейі қалыптан жоғары болады. Сондай-ақ  асқазан асты безінің аурулары: қатерлі ісік және панкреатит, вирустық жұқпалы аурулар: гепатит, қызамық, шешек, кейде тұмау,  семіздік, аз қозғалыста өмір сүру, алкоголді және тәттілерді көп мөлшерде қабылдау және стрес те аурудың туындауына себеп болады. Бір айта кетерлігі, қазіргі таңда адамдар тамақтану рационына көңіл бөле бермейді. Жартылай фабрикатталған өнімдерге құмарсыз. Тіпті балалар сүйіп жейтін қытырлақ нан кирешкидің де диабетті тудыратынын ұғына бермейміз.  

- Жоғарыда қант диабеті әлемде өлім-жітім бойынша үшінші орында тұр дедіңіз. Адамдар  диабеттің  қауіптілігін  сезіне бермейтін секілді ме, қалай ойлайсыз?

- Диабетпен ойнауға болмайды. Бұл дерттің басты қауіптілігі сол адамды «үнсіз» құртады. Яғни ауру мүлдем белгі бермейді. Инсулинге тәуелді түрінде адамда ауыздың құрғауы, жиі шөлдеу және  дәретке бару секілді белгілер болады. Алайда науқастар бұған аса мән бере бермейді. Ал инсулинге тәуелсіз түрінде кейде аталған белгілердің бірі де болмайды. Көп жағдайда пацинеттер диагнозын кездейсоқ жағдайда біліп жатады. Өкініштісі сол асқынған кезде. Бұдан шығатын қорытынды қауіп төндіретін диабеттің өзі емес, оның асқынулары. Қант диабеті ішкі ағзалар зақымдануын шақыруға бейім, жүректің ишемиялық ауруы мен инсульт қаупін 24 есеге, артериалдық гипертонияны – 3 есеге, бүйрек зақымдалуын – 17 есеге, аяқ гангренасын 20 есеге көбейтеді, зағиптану мен жарақат алмай-ақ аяқтың хирургиялық кесілуінің басты бір себебі болып табылады. Жоғарыда айтқандай науқастардың көбісі диабетке шалдыққанын бүйрегі ауырып, көру қабілеті нашарлаған кезде немесе аяқ саусағынан айырылған кезде бір-ақ біліп жатады. 

- Ауруды ауыздықтау үшін нендей шаралар атқарып жатырсыздар?

- 14 қараша - дүние жүзілік қант диабетімен күрес күніне орай облысымызда 10 күндік өтті. Акция аясында өңірдегі барлық медицина мекемелері ашық есік күнін өткізіп, эндокринолог мамандар тұрғындарға тегін кеңес беріп, қандағы қант мөлшерін анықтап берді. Жалпы бұл жыл сайын өтетін шара. Біздің емханаға сол күні 48 адам тексеріліп оның ішінде 2 адамнан қант диабеті алғаш рет анықталды. Сондай-ақ барлық емханалар скринингтік тексерулер өткізеді. Скринингке қырықтан асқан тұрғындар қамтылады. Олар әр екі жылда анализ тапсырып тұрады. Одан бөлек мамандарымыз тұрғындарға қант диабетінің алдын-алуды түсіндіру  жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Осы орайда тұрғындарға айтарым, өз қауіпсіздіктеріңіз үшін жылына бір рет қандағы қант мөлшерін тексеріп тұрыңыздар. Себебі диабетті анализсіз анықтау мүмкін емес. Ол «үнсіз»   болғанымен сіз үнсіз қалмаңыз!

- Онкология немесе ЖИТС секілді диагнозды науқасқа естірту оңай емес. Ал қант диабетін адамдар қабылдап жатады?

- Дәрінің тәттісі, аурудың жақсысы болмайды. Мұндай диагнозды науқасқа жеткізу бізге де оңай емес. Олар әртүрлі қабылдап жатады. Алғаш естігенде кейбірі шок болады. Бізде диабет мектебі бар. Диагноз алғаш қойылған паценеттерге дәрігерлер аурудың емі, күтімі туралы толық ақпарат береді. Рас, қант диабеті жазылмайды. Науқасқа осы диагнозбен өмірінің соңына дейін жүруге тура келеді. Алайда диабетпен ұзақ та бақытты өмір сүруге болады, тек бұл аурумен өмір сүруді үйрену керек. Диета сақтап, дәрілерді уақытылы ішіп, өз-өзін күтіп жүрсе Алланың берген жасына жетеді. 

Сұқбатыңызға рахмет. Деніңіз сау болсын!

Қант диабетімен атақтылар да ауырған

Өз жағдайына дұрыс қарап,  қатаң бақылап және сауатты жүріп-тұрса, диабеті барлар да толыққанды өмір сүре алатынына мыңдаған мысалдар келтіруге болады. Бұл әлемге әйгілі жазушылар Жюль Верн мен Герберт Уэльс, композиторлар Иоганн Себастьян Бах, Людвиг Ван Бетховен және Морис Равель, музыкант Мстислав Ростропович, американдық киноактёрлар Элизабет Тейлор, Шерон Стоун және Сильвестр Сталлоне, атақты «жұлдыздар соғысын» жасаған Д. Лукас, «Америка Аруы – 99» – Николь Джонсон, ресей киноактёрлары Михаил Пуговкин мен Вячеслав Невинный, әнші Алла Пугачева, атақты иллюзионист Игорь Кио, ұлы орыс әншісі Фёдор Шаляпин және джаз әндерінің орындаушысы американдық Элла Фицджеральд, көптеген танымал спортшылар, олардың арасында атақты бразил футболшысы Пеле, американдық хоккейші Роберт Эрл Кларк, ағылшын футболшысы Гарри Мэббат, Американдық ескекші, 5 дүркін Олимпиада чемпионы Стив Рэдгрэйв, неміс штангашысы, XXIX Пекин Олимпиадасының алтын жүлдегері Матиас Штайнер, спорттық комментатор Николай Озеров, саясатшылар – Уинстон Черчилль, Гамаль Абдель, Юрий Андропов, Михаил Горбачёв ... 

Голливудтық актер Том Хэнкстің айтуынша, кеселмен  алысып келе жатқанына 36 жылдың жүзі болыпты . Ол бір сұхбатында   "Ертелі-кеш бізді бір нәрсенің өлтірері анық»,- депті. Диагнозына қарамастан  Том «Оскар» сыйлығына қол жеткізген. 

Ал  "Золотой глобус", "Эмми" , "Оскар" сыйлығының лауреты    Холли Берри  диабетке шалдыққанын кездейсоқ жағдайда біліпті.  Түсірілім барысында  актриса есінен танып, ауруханаға түсіп қалады. Комада бірнеше күн жатқан Холлиге дәрігерлер есін жиғасын диагнозы жайлы айтып береді. Берридің айтуынша қант диабеті оған берілген тағдырдың сыйы. Себебі осы аурудан кейін ол спортпен ұдайы айналысып, дене бітімін қалыпқа келітіріп алған.   Сұлулығының құпиясы осы диагноздың астында жатыр дейді актриса. 

Әрине, бұл қант диабетімен ауырған және диабетке қарамастан белсенді де жемісті өмір сүрген белгілі адамдардың толық тізімінен алыс. Олар көп және ауруды еңсеріп келе жатқан қайратты жандар!

Сұлтанмахмұттың көзіне ота жасаған дәрігер
Владислав Хван, трихолог: Нельзя заниматься самолечением
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу