«Ашық есік күні» аурудың алдын алуды көздейді
Кешегі аптаның сенбісінде Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институты мамандарының қатысуымен Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының №5 онкологиялық емханасында онкогинекологиялық патологиялардың алдын алу және ерте анықтау бойынша «Ашық есік күні» шарасы ұйымдастырылды. Бұл күні пациенттер дәрігердің жолдамасынсыз-ақ онкогинеколог пен УДЗ дәрігерінің қабылдауында болып, сүт безі, жатыр мойны және колоректалды обырларға қарсы профилактикалық скринингтік тексерулерден өтті. Онкоцитологияға жағынды тапсырып, білікті мамандардан кеңес алды.
Онкологиялық ауруға күдікті адамдар үшін компьютерлік және магниттік-резонанстық томографияны (КТ және МРТ) тегін өткізуге қаржы бөлінген. Тегін шараның басты мақсаты – қыз-келіншектерде генекологиялық қатерлі ісіктің алдын алып, егер бар болған жағдайда індетті анықтап, қажетті емдік шараларды қолдану.
«Ашық есік» күні аталған емхананың онкогенеколог маманы Айша Жұмабаеваны әңгімеге тартқан едік.
– Айша Тұрманқызы, қатерлі ісік аурулары неден пайда болады?
– Өкінішке қарай, бүгінгі күні қатерлі ісіктің неден пайда болатыны толық анықталмаған. Әртүрлі факторлар себеп болады. Олар – дұрыс тамақтанбау, салауатты өмір салтын ұстанбау, алкоголь мен темекіге үйір болу. Одан бөлек, қазірде әйелдерде адамның папиллома вирусы салдарынан жатыр мойнының ісігі пайда болатыны белгілі болды. Сол себепті әйелдердің барлығы әрқашанда профилактикалық тексерулерден өтіп отыруға тиіс. Өкінішке қарай, отандастарымыз өз денсаулығына өте кеш көңіл бөледі. Көбінесе бізге науқастар ауруы асқынғанда келеді. Сол себепті мына ашық есік күнін дерттің алдын алу үшін халқымыз өз денсаулығына көңіл бөлсін деген мақсатпен ұйымдастырылып отыр.
– Мұндай шаралар емханада қаншалықты жиі өтіп отырады және сіздерге қаншалықты әйелдер көп келеді?
– Ашық есік күндері біздің емханамызда жиі өтіп тұрады. Ол әр кезде қатерлі ісік ауруларының белгілі бір түріне бағытталады. Жылдың басынан бері бірнеше рет ашық есік күнін өткізілді. Атап өтсем, жатыр мойыны қатерлі ісігіне қарсы, жалпы қатерлі ісікпен күресу күніне қарсы, өкпеге қатысты, бауырға атысты, тері ауруарына қарсы, ішектің қатерлі ісіктерімен күресу күніне алдын ала жасалған ашық есік күндері өткізілді. Сонымен қатар емханамыз ашылғалы жатыр мойны қатерлі ісігінің алдыңғы сатысын анықтадық.
– Бүгінгі ашық есік күніне жалпы саны қанша адам келді? Нәтиже қандай?
– Біз бұл жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу шарасын әдейі сенбі күніне қойдық. Себебі әйелдердің көбі дерлік жұмысбасты. Сол себепті олар денсаулығына көңілді өте аз бөледі. Әйелдер қауымына ыңғайлы болсын, келіп арнайы тексерістен өтсін, өз денсаулығына көңіл бөлсін деген ниетпен арнайы демалыс күніне қойып отырмыз. Жалпы ашық есік күнінде қаралуға келгендердің 18-інен ауру белгілері табылды. Оның 6-ауынан жатыр миомасы, 10-ынан созылмалы қабыну, 1-еуінен жатыр мойны эрозиясы табылды. Тағы 1-еуінен полип анықталып, ол жедел түрде гистологқа жіберілді. Барлық науқастардан жағынды алынды, олар арнайы зерттеуге жөнелтілді. Науқастар гинеколог дәрігердің қаралуынан соң ультрадыбыстық зерттеуге жолданады. Зерттеу нәтижесі бір жетінің көлемінде анықталады. Қорытындысы шыққан соң науқастармен байланысып, қажетті нұсқаулықтарды беретін боламыз. Және сырқат анықталуына байланысты ем-дом шараларын ұйымдастырамыз.
– Қыз-келіншектерге осы қатерлі ісіктің алдын алу үшін қандай кеңестер берер едіңіз?
– Жатыр мойны обырының алдын алу бірнеше шарадан тұратын тұтас кешенді ем-шара. Бірінші кезекте – 9-14 жастағы қыз балалар мен ұлдарды АПВ қарсы вакцинациялау. Бұл ең тиімді нұсқа, бірақ әйелдерде вакцинация 45 жасқа дейін жүргізілуі мүмкін. Вакцина тіпті қатерлі ісік түрлері анықталған жағдайларда да тиімді. Әйелдер қауымы арнайы скринингтен жылына 3 рет өтіп отыруға тиіс. Әрине, алдын алу үшін темекі шегуден бас тарту да, денсаулық жағдайын жалпы қолдау да маңызды.
Скрининг обырдың алдын алуға көмектеседі
Елімізде жылдан жылға әйелдер арасында гинекологиялық қатерлі ісік ауруы көбейіп барады. Еліміз онкопатология құрылымында әйелдерде жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейінгі екінші орында тұр. Жыл сайын 1700-ге жуық жатыр мойны обыры анықталып, соның 600-дейі осы аурудан көз жұмады.
Гинекологиялық қатерлі ісік түрлерінің көбеюі жалғыз біздің елімізде ғана емес, бүкіләлемдік сипатқа ие. Мұндай дерттің ең жиі кездесетін түрлері – жатыр мойны, аналық без, эндометрия және сарпай (вульва) обырлары. Атап айтқанда 2018 жылы бүкіл әлемде 1,3 миллион әйел гинекологиялық обыр ауруына шалдықты: 44 пайызға жуығында жатыр мойны обыры, 23 пайызында аналық без қатерлі ісігі, 29 пайызында эндометрия обыры және тағы 5 пайызында басқа да оқшаулау табылды. Ал былтыр бүкіл әлем бойынша гинекологиялық қатерлі ісіктің салдарынан 468 мың әйел қайтыс болды. Қайғылы оқиғалардың 67 пайызы жатыр мойны обырының үлесінде. Гинекологиялық қатерлі ісік туралы әйелдердің жалпы хабардарлық деңгейі әлі де айтарлықтай төмен.
Жатыр мойны обыры гинекологқа жиі тексерілсе, алдын алуға болатын онкологиялық аурудың жалғыз түрі болып табылады. 30-дан 70 жасқа дейінгі барлық әйелдер кез келген уақытта өз емханаларында жатыр мойны обырына тегін скринингтен өте алады. Арнайы тексеру кабинеттерінде әйелдерден онкоцитологияға жағынды (пап-тест) алады. Егер жағынды қалыпты болса, әйел төрт жылдан кейін келесі скринингтен өтуіне болады. Егер жағындының нәтижелері қанағаттанарлықсыз болса, әйел одан әрі онкогинекологқа және басқа мамандарға тексерілуге жіберіледі. Қазақстан халық үшін тегін скрининг жүргізілетін ТМД-дағы жалғыз ел болып табылады.
Қазақстанда еңбекке жарамды халқының шамамен 70 пайызында онкопатологиялық аурулардың белгілері кездеседі. Негізінен қатерлі ісікке 50 жастан асқан адамдар көбірек шалдығады деп саналады. Бірақ, мұндай лерт түрлері 40 жаста да анықталып жатады.
Жатыр мойны обыры жатыр мойны эпителиясында пайда болатын қатерлі ісік. Қазіргі уақытта адам папилломасы вирусы (АПВ) мен жатыр мойны обырының даму тәуекелі арасындағы байланыс дәлелденген деп саналады. Аталған дерттің алдын алудың негізгі шарасы тұрақты скрининг, сондай-ақ АПВ вакциналаудан өту болып табылады. Жыныстық қатынасқа түскенге дейін вакцина қабылдап отыру керек.
Қазақстанда қыздарға АПВ-ға қарсы тегін вакцина егуді енгізу жоспарлануда. Отандық мамандар әйелдерде жатыр мойны обыры 16-шы және 18-ші типті адам папилломасы вирусының салдарынан пайда болатынын анықтаған болатын. Сондықтан еківалентті вакцина егу жатыр мойны обырынан қорғануға жеткілікті. Алайда екпе барлық адамдар үшін міндетті болмайды, тек ата-анасының ерікті келісімімен жасалады.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы 9-13 жастағы жасөспірімдерге 6-12 ай аралықпен екі рет (бір дозадан) АПВ вакцинация жүргізуді ұсынады. Қазіргі уақытта 86 ел папиллома вирусына қарсы вакцинаны ұлттық иммундау бағдарламасына енгізді. Олардың қатарында Австралия, Бразилия, Венесуэла, Ұлыбритания және Еуроодақ елдері бар. Ал, 10 жылдан бері АҚШ пен Канадада жүргізіліп келе жатқан вакцинация жатыр мойны обырынан болатын өлімді айтарлықтай азайтуға көмектескен.
Мақпал ШАДАЙ