Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Әйелдерді 40 жастан кейін қылық шығарады, өзгереді деп жатады. Себебі, әйел осы жасқа дейін отбасын құрып, балалы болып, тұрақты табысқа қол жеткізіп үлгереді. Енді оның қыдыруға, алыс елдерге саяхаттауға, өзіне көңіл бөлуге уақыты бар. Алайда осыған қарамастан көп әйелдер жасымыз ұлғайды, қартайдық деп ойлап, өздерін өзі іштей жеп, депрессияға түсіп кетеді. Салдарынан әйел өзінің тартымдылығы мен сүйкімділігін тез жоғалтып, қалай болса солай киініп, бұрынғыдай күтінуден қалады. Кейбірі жасаруға тырысамын деп күлкіге қалып жатады.
Бұл жерде маңыздысы – әйел адам өзінің тартымдылығын жоғалтпауы керек. Көп әйелдер 40 жастан кейін қалай күтіну керектігін ойлана бермейді. Шындығында, бұл соншалықты қиын шаруа емес. Бастысы, нақты бір рекомендацияларды ұстанып жүрсе болғаны.
Біз қаламасақ та адамда қырықтан кейін қартая процесі жүреді. Жасармайтынымыз анық. Мұндайда біздің қолымыздан тек қартаю процесін баяулатудан басқа ештеңе келмейді. Ал, біздің қоғамда жасыңыз қаншаға келсе де әдемі болып қалудың қазір жолдары көп. Ол сіз ойлағандай қолжетпес дүние емес. Ол мыналар:
- дұрыс тамақтану;
- ұйқыңыздың қанық болуы;
- зиянды әдеттерден бас тарту;
- эмоциялық көңіл-күй;
- спорт;
- күтім;
- шаш үлгісі;
- макияж;
- гардероб.
Дұрыс тамақтану деген не?
Адам ағзасына қажетті дәрумендер мен минералдар, тағы басқа да заттар керек. Мұнда тамағыңыз толық әрі балансты болуы керек. Соның өзінде бұл норманы ұстана бермейтіндер кездеседі. Мысалы қыз бала көбіне фастфуд, жартылай фабрикаттар, ащы, тұзды, тәтті, майлы, ұннан жасалған тағамдарды көп жесе оның фигурасына кері әсер етпей қоймайды. Жасы ұлғайған сайын салмағына салмақ қоса бермек. Беті күреңітіп, әртүрлі қоңыр дақтар пайда болады. Шашы құрғап, тырнағы сынғыш келеді. Ағзасы да нашарлай басатйды.
Сол үшін 40 жаста да әдемі көрінгісі келген әрбір нәзік жан өзінің қалай тамақтанып жүргеніне мән беруі тиіс. Қысқасы, зиянды азық-түліктерден бас тарту. Әрине, мұны бірден ешкім жасай алмайды. Сол себепті, өзіне ыңғайлы ереже жасап алғаны жөн. Аптасына бір рет зиянды нәрселер жеуіне рұқсат. Сосын бір аптаны екі аптаға ұзарту, одан кейін бір ай. Сосын, оны мүлдем рационнан алып тастау.
Алкогольден бас тарту
Ол С витамині мен адам денесіндегі ылғалды құртады. Денеңіз ісініп тұрады. Бұл теріге зиян. Спиртті ішімдіктер қантамырға әсер етіп, оны жіңішкертіп жібереді. Жастықты сақтап қалу үшін аптасына бір бокал (ақ не қызыл) шарап ішуге болады. Тек мөлшерден тыс пайдалану зиян. Шай мен кофені де азайту керек. Әсіресе қант пен қаймақты сүт қатып ішсеңіз, сырт келбетіңізді нашарлата түседі. Жүрек-қантамырға да әсер етеді. Сол себепті, күніне 1-2 кесе ғана шай ішіңіз. Тамағыңыздың құрамында маусымдық көкөністер мен жемістер болғаны жөн. Құрғақ жемістерді тек таңертең жеген дұрыс. Көбіне жасыл желекті жеген пайдалы. Майлы сорпа ішпеу керек, көкөніс қосылған сорпа ішіңіз. Организм күн сайын ақуыз алып тұруы тиіс. Ол балық, жұмыртқада көп кездеседі. Майсыз сүзбе, айран, йогурт және ірімшіктің қатты түрін түтынған жөн. Тәттіқұмар болу да зиян, құрамында химия, май, канцероген т.б. қауіпті заттар бар. Суды да жеткілікті түрде ішу керек, яғни тәулігіне 2-2,5 литр. Судың көп бөлігін түске дейін ішсеңіз, денеңіз ісініп кетпейтін болады.
Ұйқы режимі
Адам ағзасы ұйқы кезінде демалып, қалпына келеді. Әйел адамның ұйқысы 8 сағаттан кем болмауы керек. Жастықта ұйықтаған дұрыс және арқаңызбен көбірек жатыңыз. Себебі етпеттеп жатсаңыз көздің айналасында қара дақтар пайда болады. Мүмкіндігінше сағат 22:00-де ұйқыға жатсаңыз, миыңыз жақсы тынығады. Ұйықтар алдын бөлмені желдетіп алыңыз. Тым қапырық жерде ұйықтаған дұрыс емес, одан гөрі салқын бөлмеде жатқан әлдеқайда жанға жайлы болмақ. Жатар алдын жалбызбен шай ішіп, шөп қосылған немесе ароматты балауыз шам жағып жылы ванна қабылдасаңыз да артық емес. Қатты шаршау, ұйқысыздық, стресс сіздің сыртқы көрінісіңіз бен денсаулығыңызға кері әсерін тигізеді. Тартымдылықты сақтау үшін психоэмоциялық жағдаймен де жұмыс жасау қажет. Егер көңіл-күйіңіз бабында болмаса, қанша тырыссаңыз да бар әрекетіңіз зая болмақ.
Қозғалыс – өмір
Сұлулықты диванда жатып немесе күні бойы кеңседе отырумен сақтап қаламын деп ойламаңыз. Мұндай жаста әйел ағзасына физикалық қозғалыс керек. Спортпен шұғылданып, жаяу жүру, аяқ, қол, арқаға жаттығу жасаудың нәтижесі зор. Ол үшін міндетті түрде жаттығу залына немесе секцияға барып, шығынданудың қажеті жоқ. Онымен үйде де айналысуға болады. Бұл уақытыңызды да үнемдейді. Күн жылы кездері бассейнге жүзуге бару, велосипед айдау, тауға жорыққа шығу таптырмас дене шынықтырулар.
Сән мен сымбат
Әйел қанша жаста болса да оған сапалы, өз уақытында жасалған күтім мен бап керек. Оны косметиканың күшімен жасап аласыз. Жыл сайын косметикалық брендтер әйелдерге неше түрін ұсынуда. Жалпы, бет, дене, тері күтіміне тазарту, ылғалдандыру, нәрлендіру, лифтинг қажет. Мысалы, әжімді тарту үшін арнайы кремдер, фейсбилдинг, «сұлулық уколын» салдырып жатады. Инъекция арқылы витамин, гиалурон қышқылы, басқа да компоненттер ұсынылады. Оның нәтижесі бірінші процедурада-ақ белгілі болады. Ал денеңізге мезотерапия қолданған жақсы. Мұнда да витаминді коктейльдер, шырындар, инъекция, көмірқышқыл газы, бал массажы, буға түсу, басқа да процедуралар әйелдің 40 жастан кейін де жасарып, сұлу көрінуіне септігін тигізеді. Қазір әдемі көрінгісі келген жанға мүмкіндік мол, егер ұмтылмасаңыз жалқаусыз деген сөз.
Шаш үлгісі
Шаш үлгісіне келгенде әйелдер стилистің кеңесін тыңдаған жөн. Мәселен, шашыңыз ұзын болса оны жайып жүру тым ерсі көрінеді әрі жасыңызға лайық нәрсе емес. Жалпы, қырықтағы әйелге шекесіндегі әжімдерді көрсетпей тұратын түзу біртегіс кекіл қиғызу, бұйра шаш жарасымды көрік береді. 40-тан кейін ұзын шаш түрінен бас тартқан дұрыс. Оның орнына қысқа немесе орташа етіп қиылған шаш әйелді жас әрі тартымды етіп көрсетеді.
Шаш үлгісін таңдар кезде фигураңыздың параметрі мен бет әлпетіңіздің де пішініне мән берген жөн. Кемшіліктеріңізді жауып көрсетпей тұратын үлгіні таңдау үшін өте сауатты кәсіби стилист таңдаңыз. Қазір заманауи салондарда мастерлер жетерлік. Бірінші кезекте, шашыңыз жуылған, әдемі боялған болса үлгіні таңдау қиын емес. Егер шашыңызды жумай шықсаңыз, өзіңізге қарап, күтінбейтініңіз бірден көзге түседі.
Макияж
Мейкаптың да жас көрінуге көп үлесі бар. Бояну, боянбау өз еркіңіздегі шаруа. Дегенмен, кейбір әйелдер боянбай жүрсе, жасы ұлғайғаны көрініп тұрады. Сол үшін жарасымды бояна білу артық-кем тұсыңызды жасырады. Көшеге шығар алдын аздап косметика пайдаланған абзал. Тоналды крем теріні тегістеп, дақтарды бүркейді. Консилер – көз айналасындағы дақтарды жасырады. Румяна – бетіңіздің шығыңқы жағын жасырып, басқа тұсын әдемі етіп көрсетеді. Ерінге майлы далап жағыңыз. Мұны танымал адамдардың жиі қолдануы жайдан жай емес. Далаптың күңгірт түсінен гөрі ерінді жылтыратып тұратынын пайдаланыңыз. Тым ашық боянып алу одан сайын кәрі етіп көрсетеді. Күннен қорғанатын көзілдірікті жағажайда ғана емес, күн сайын тағып жүріңіз.
Гардероб
Жасы қырықтан асқан әйел өзінің гардеробын қайта қарап шыққаны дұрыс. Қысқа киетін болсаңыз, қойғаныңыз жөн. Мұндай жаста қысқа киіну тұрпайы, әдепсіздікке жатады. Стильді, сәнді киініңіз. Қара түсті немесе тым ашық түстерден қашыңыз. Көзге бірден ұрмайтын жұмсақ түсті киімдер таңдаңыз. Жайтабан аяқ киімдерді де көп пайдаланбаңыз, тұмсығы үшкір, шамалы өкшесі бар аяқ киімдер киіңіз. Аяқ киімнің түсіне қарай сөмке таңдаңыз. Сыртқы көрінісіңізді әшекейлермен де толықтырыңыз, бірақ тым ойыншықтар көп ілінген жаңа жылдағы шырша сияқты болып кетпеңіз.
Қол күтімі
Адам негізі қанша жасаруға тырысса да қолды жасарта алмайды. Сол себепті жас кезден бастап күтіп ұстаған жөн. Тамақ істесеңіз де, үй жинасаңыз да қолғап киіп істеңіз. Күннен қорғайтын (SPF) крем мен жақпа май қолданып жүру керек. Ұзын тырнақ өсірмеңіз. Ол сізді жасартып көрсетпейді. Ары кетсе 4 миллиметрден аспауы тиіс. Ұзын тырнақ жас қыздарға арналған. Акрилді ұзын тырнақ 35-40 жастағы әйелдерге өте орынсыз.
Мүсініңізді тік ұстап үйрену, жүру маңызды. Фигураңыз керемет, әжіміңіз жоқ болса да бүкірейетін әрі олпы-солпы жүретін болсаңыз, еңбегіңіздің бәрі зая кеткендігі. Бұл сіздің жасыңыздың қаншада екенін айшықтап қояды. Сондықтан мүсіннің сымбатын арттыратын жаттығу жасау маңызды. Күн сайын жаттығу жасау мүмкін болмаса, тым болмаса жаяу жүріңіз, бүкіреймейтін боласыз. Ал биге, аэробикаға уақыт тауып жатсаңыз тіпті тамаша. Мұндайда денеңіз де ширақ, жанарыңыз жарқырап тұрады.
40, 45 жас – бұл біле білген әйелге нағыз өзіне уақыт бөліп, сыртқы көрінісін құлпырта түсетін кезең. Өзіңе көп көңіл бөлген сайын, өзіңді жақсы көріп, жасара түсесің. Өз жасынан үлкен көрінуді балалар мен жасөспірімдер ғана қалауы мүмкін. Ал үлкендер жастық шағына қайта оралғысы келіп тұрады.
Ж.ПЕРДЕБЕК