Сібір жарасы (күйдіргі) – антропозоонозды жұқпалы ауру

Oinet.kz 26-05-2020 3130

Сібір жарасы (күйдіргі) – антропозоонозды жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы –бактериялар (Bacillus anthracis) болып табылады. Сібір жарасының қоздырғыштары адам мен жануарлардың ағзасынан тыс жерлерде споралар түзуге қабілетті және олар сыртқы ортаның физикалық-химиялық әсерлеріне өте төзімді, қоршаған ортада жүздеген жылдарға дейін сақталады.

1579062885126.jpg

Сібір жарасының адамдарға жұқтырушы көзі ауру үй жануарлары (ірі қара мал, қой, ешкі, түйе, шошқа, жылқы, бұғы) болып табылады. Адамға аурудың жұғу жолы көбіне жанасу арқылы (ауру малды сою кезінде немесе мал терісін өңдеуде) және бактерияның спораларымен ластанған тағамдар мен ауыз суын ішкенде жұғады. Сонымен қатар, ластанған топырақты егістікте қолдануда жұғуы мүмкін. Ауру адамнан адамға жұқпайды.

Сібір жарасының негізгі клиникалық көріністері: Инкубациялық кезең (қоздырғыш енген сәттен, алғашқы ауру бегісі білінетін мерзім) 8-14 күнге дейін созылуы мүмкін, көбінесе 2-3 күнде ауру белгілері біліне бастайды. Тіркелген аурулардың өте жиі кездесетін түрі бұл – тері күйдіргісі. Қоздырғыштың жұққан жерінде күйдіргі ауруына тән жара пайда болады. Инфекция жұққан жерде алдымен дақ (папула), содан кейін іші сұйыққа толы бөртпе (везикула) пайда болады. Содан ол жараға айналып, айналасына екінші қатар іші сұйыққа тола бөртпе пайда болады. Бұны осы инфекцияға тән «ожерелье» деп атайды. Жараның ортасы қара күйік тәрізді қотырланып (күйдіргі деп аталуы сондықтан), шеттері қызарып, іседі, бірақ басқан кезде ауырмайды. Бұл белгілердің пайда болуы мен қатар, ауырған адамның дене қызуы көтеріледі, ағзаның жалпы улану белгілі байқалады. Тез арада ем қабылдамаған жағдайда арты сепсиске айналып қайғылы аяқталуы мүмкін.

Сібір жарасының алдын алудың басты бағыты – ауыл шаруашылық жануарларын иммунизациялау. Үйде жеке мал болса, әр малды сібір жарасына көктем мезгілінде (сәуір,мамыр) қарсы егу керек. Сібір жарасына қарсы вакцина егілгеннен кейін 10 күн ішінде жануар өліп қалса, оның терісін сыдыруға болмайды. Аурудың белгілері байқалған жануарды дереу ветеринар мамандарына көрсетіп, денсаулығы туралы анықтама бергеннен кейін ғана пайдалану керек. Ауруға қарсы вакцина мамандарына, аса қауіпті инфекциямен жұмыс жасайтын зертхана мамандарына, базардағы ет сатушыларға, жартылай фабрикаттар өндірісіндегі жұмысшыларға (тұшпара, котлеттер, пицца, гриль), мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері, жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға егіледі. Малды күтіп ұстағанда және мал шаруашылығы өнімдермен жұмыс жасаған жағдайда жеке гигиена ережелерін сақтау қажет. Өлген малдың терісін кесуге болмайды, қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып арнайы орындарға – мал көметін жерге апарып өртеу қажет. Ауру мал жатқан немесе сойылған орынға арнайы белгі қойылып, басқа жануарларды жіберуге және адамдардың сол жерде жұмыс істеуіне тыйым салынады. Себебі, мұның салдарынан жаңа ошақтар пайда болуы мүмкін. 

Сан рет сібір жарасы туралы айтылып жатқанына қарамастан адамдар арасында ауру жағдайы кездесуде. Себебі, бүгінде мал шаруашылығымен шұғылданатын ұжымдар мен серіктестіктер, жекеменшік мал ұстайтын азаматтардың арасында мал дәрігерлердің қызметін қажетсінбеу, малдарын мезгілінде сібір жарасына немесе басқа да жұқпалы ауруларға қарсы ектірмеу (вакцинация), мал санын жасырып қалу, ауырған малды мал дәрігеріне уақытында хабарламай сойып, етін бірнеше үйге таратып беру немесе басқа бір жерге апарып сатып жіберу жағдайлары жиі кездеседі.Сондықтан кез келген малды ветеринардың рұқсатынсыз союға болмайтынын ескеруіміз қажет. Мал өнімдерін сатып алу барысында,сатушылардан мал дәрігерімен берілген анықтаманы талап етіңіздер!Ауладағы ауылшаруашылық малдарын ұстау ережелерін мұқият сақтаңыздар!

Дер кезінде басталған ем өміріңізді сақтап қалатындығын,естен шығармаңыз! Аурудан сақ болыңыз!

Б.ЕЛЕМЕСОВ,

Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы.

Как избежать укусов комаров
Шаш бояу пайдалы ма, зиян ба?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу