Вакуумды массаж пайдалы ма зиян ба?
Бүгінгі күні массаждың көптеген түрлері кездеседі. Олардың әрқайсысы белгілі бір мақсаттарға жауап береді. Яғни, массаж түрлі ауруларға ем ретінде және дененің шаршауын басуда қолданылады. Массаждың тарихы сонау ежелгі Рим мен аспан асты елі Қытайдан бастау алады. Массаж түрлі аурулармен күресте өзінің танымалдылығын әлі күнге дейін жоғалтқан емес. Керісінше, бұл процедура күннен-күнге түрленіп, дамып келеді. Кезінде уқалаумен емші, тәуіптер ғана айналысса, ал қазір ол медицинада кеңінен қолданылып келеді. Тіпті, қазір кез-келген сұлулық салондарында массаж жасатуға мүмкіндік бар.
Массаждың жоғарыда айтқандай түрлері өте көп. Солардың ішінде танымалдысы – вакуммды массаж. Шыны ыдыс арқылы жасалатын массаж бізге Кеңес заманынан бері таныс. Вакуумды процедура әсіресе, денедегі суықты алуға жақсы көмектеседі. Заман талабына сай вакуумды масажды бүгінде шыны банкамен ғана емес силиконды банкамен де жасайды.
Вакуумды терапияның пайдасы
Вакуумды массаждың техникасы – теріс қысым. Банка теріге қойылған кезде ішіндегі ауаның барлығы сыртқа шығарылып, тері созылады. Осы кезде организмдегі тіндердің қысымы мен банка ернеуіндегі қысым өзгереді. Массажға кіріспес бұрын теріні тазартып, қан айналымды жақсарту керек. Ол үшін денеге скраб жағып, құрғақ щеткамен ысқыласа болады. Одан кейін жақпа май жағып терапияның басты құралы банкамен жәймен уқалау керек. Есте сақтайтын ереже: банканы қан айналымның бағытымен жүргізу керек. Егер массаж белге жасалып жатса онда төменнен жоғары қарай уқалайды, ал егер қарын болса сағат тілімен уқалайды.
Терапиядан кейін теріде банканың домалақ іздері қалып қояды. Бұл ісінулер бір аптаға дейін созылуы мүмкін. Вакуумды процедураны дененің кез-келген бөлігіне жасауға болады. Жиі жасалатын аймақ – арқа тұсы.
Оңқа массажы жоғарыда атап өткендей ауырсыну синдромын жедел және қауіпсіз түрде кетіруге мүмкіндік береді. Әсіресе остеохондроз бен радикулит кезінде арқа мен мойындағы ауырсынуды басады. Вакуумды терапия – ағзадағы барлық сұйықтықтардың микроциркуляциясын қарқындатушы тәсіл. Ол ұлпалардың жаңаруы мен жасаруында аса маңызды рөл атқарады. Ағзада жиналған қажетсіз қалдықтардын жылдам және сапалы түрде тазартушы тәсіл екенін де естен шығармаған абзал. Сондай-ақ массаждан кейін қан айналымы қалыпты жағдайға оралып, тамырлардың жұмысын жақсартады. Мамандардың айтуынша қысымды процедурадан кейін денедегі ауырсыну мен ісіну жойылып, жасушаларда метобализм қалыпқа келеді екен. Дөңгелек банкілердің тағы бір пайдасы денедегі артық майларды жойып, целлюлиттен арылуға септігін тигізеді.
Түрлері
Оңқа терапиясының бірнеше түрі белгілі. Олар:
LRG немесе роликті-вакуумды массаж пациенттің проблемалық аймақтарына жасалады. Массаж ролигі бар арнайы құрылғымен жасалады. Оның міндеті – тері астындағы май қабатын бұзу. Қалаған нәтижесіңзге қол жеткізу үшін кем дегенде 5 сеанс жасау керек.
Банкалы нүктелі массаж қос сору принципі бойынша жұмыс істейтін төрт форсунканы пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Массаждың бұл түрі дененің нақты аймақтарын жылытып, денедегі суықты, ауырсынуды алады.
Динамикалық вакумды массаж төрт стандартты өлшемдегі табақтардың көмегімен жасалады.
Лазерлі-вакуумды массаж заманауи сәндік жасарту әдістерінің ішіндегі ең тиімдісі. Аты айтып тұрғандай процедура лазердің көмегімен жасалады. Косметологиялық мақсатта жасалатын шара теріні жасартады.
Беттегі сиқыр
Вакуумды массажды денеден бөлек бет терісіне де жасауға болады. Процедурадан кейін бетіңізге нағыз сиқырдың жасалғанын байқайсыз. Массаждың бетке пайдасы:
- көз астындағы көк шеңберді, ісінуді жояды;
- иек астындағы салбыраған теріні тартады;
- еріннің айналасындағы әжімдерді кетіреді;
- мұрын мен еріннің арасындағы тарамдалған әжімдерді жазады;
- қара нүктелі безеулермен күреседі;
- терідегі ұсақ тесіктерді бітейді.
Массаж жасаушы мамандардың кеңесі бойынша банкалық массаждың режимін сақтау маңызды. Мәселен егер бетіңіз толық болса онда массажды аптасына 1-2 рет жасауға болады, ал егер бетіңіз арық болса онда екі аптада бір сеанс жасаған дұрыс.
Кімдерге болмайды?
Вакуумды массаждан төмендегі белгілердің бірі бойыңыздан табылса бас тартқаныңыз жөн: қант диабеті, тері аурулары, аллергиялық дерматит, гипертония, безгек, тромбофлебит, варикоз. Сонымен қатар жүрек-қан тамырлары аурулары, бүйректе тастың жиналуы, терінің тым сезімталдығында массажды жасатуға болмайды. Оңқа процедурасы жүкті және емізулі әйелдерге, гинекологиялық аурулары бар және өкпенің кеселінде мұндай терапияның қарсы көрсетілімі болуы мүмкін.
Жалпы алғанда вакуумды массаждың нәтижесі 2-3 сенастан кейін-ақ біліне бастайды. Толық ем алу үшін 10 күндік курстан өткен дұрыс. Терапиядан кейін дене көгермеуі керек. Егер теріңіздің көгергенін байқасаңыз, онда процедура кезінде майда қантамырлардың жарылғанын білдіреді. Негізінде массаж кезінде ауырсыну сезілмеуі керек. Сол үшін емдік шара кезінде ауырсынуды сезінсеңіз, маманға дереу ескертіңіз. Кейбір пациенттер, әсіресе қыз-келіншектер денедегі артық майдан тезірек құтылу үшін ауырса да шыдап жата береді. Ол дұрыс емес. Себебі қантамырлар жарылса оның қайта қалыпқа келуі екіталай.
Қорыта айтқанда вакуумды массаж өз техникасымен жасалса, денсаулыққа ешқандай зияны жоқ. Дегенмен дәрігерлер процедураны үй жағдайында істеуге тыйым салады. Тек кәсіби шеберлерге медицина орталықтарында, арнайы сұлулық салондарында жасаған жөн. Ең дұрысы – вакуумды массажға жүгінбес үшін суықтан сақтанып, денсаулықты аялаған дұрыс.