Шардара аудандық орталық ауруханасы

Oinet.kz 07-07-2018 1805

Шағалалы теңізімен шырайлы Шардара ауданында 77 мыңнан астам адам қоныстанған. Осыншама тұрғынға аймақта жалғыз аурухана қызмет етіп келеді. Ел саулығы үшін талай жылдан бері медициналық қызмет көрсетіп келе жатқан мекеме бүгінде жаңашылдыққа бет бұрған. Мұнда жақында аймақта бұрын соңды болмаған аппараттармен жабдықталған триаж жүйесі бойынша ем қабылдайтын бөлімше ашылды. Жаңа ғимараттың ішіндегі қызу тірлікке біз де куә болып қайттық.

Screenshot_13.jpgҒимараттың кіреберісінен бастап еденге жасыл, сары және қызыл жолақтар белгіленген. Жасыл жолақ жоспарлы түрде тексерілуге келгендерге бағыт сілтейді. Қызыл ағын – өміріне қауіп төніп тұрған емделушілерге жедел көмек көрсету, сары ағын – бұнда да жедел көмек көрсетілуі тиіс, дегенмен адам өміріне қауіп төніп тұрмаған жағдайлар. Онда науқасқа бірнеше дәрігер шұғыл көмек көрсетеді. Бұл жүйе – ауруханадағы кезек мәселесін шешуге және келушілер мен ақжелеңділердің уақытын үнемдеуге арналған. Жоспарлы түрде тексеріске келген тұрғындарды қабылдау бөлек жүргізіле береді. Бөлімше құрылымы толығымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Қазақстан Республикасында жедел медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының талаптарына сәйкес жасалған. Триаж ғимараты бұрын-соңды республикада болмаған жоба ретінде қарастырылып отыр. Аурухананың бас дәрігері Жанар Оспанованың айтуынша, жөндеу-жаңарту жұмыстарына 15 миллион теңге жұмсалған. 

– Бұрын ауруханамызда қабылдау бөлімі екі бөлімшеден құралған ыңғайластырылған ғимарат түрінде еді. Келген науқастарға шұғыл көмек көрсетуге шынын айтқанда жағдай болмады. Ауруды бір бөлмеден екінші бөлмеге тасып жүруге мәжбүр болдық. Аппараттар да мекеменің әр бұрышында орналасқан. Оларға түсіру үшін науқатың да дәрігерлердің де уақыты кететін. Ал жаңа жүйенің тиімділі өте көп. Триаж жүйесінің арқасында пацинетке 60 секундтың ішінде алғашқы медициналық көмекті көрсете аламыз. Бұл біздің ұжым және аудан халқы үшін қуантарлық жағдай, –  дейді мекеме басшысы.

Жаңа ғимараттың ішінде бірнеше бөлімше бар. Шардара ауданы эпидемологиялық аймақ болып саналды. Мұнда адамдарды қарақұрт, кене шағу секілді қауіптер басымырақ келеді. Осы секілді шұғыл түрде инфекциямен түскен науқастар бірден бокс бөлмесіне жатқызылады. Қауіптің бетін қайтарған соң пациент инфекциялық бөлімге ауыстырылады. Сондай-ақ блокта 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге жедел көмек көрсететін бұрыш та бар. Дәрігерлер мұнда ұстама, астма секілді бірден қозып кететін кеселді тұрақтандырады. Барлық қажетті құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер осында орналасқан. Эндоскопия бөлмесі де тұрғындардың асқазан ауруларын толыққанды тексеріп, диагнозын жылдам қоюға көмектеседі. Блоктағы тағы бір маңызды бұрыш ол – қарқынды терапия бөлімі. «Қазір дүние жүзінде жүрек-қан тамырлары ауруы алдыңғы орында тұр. Аталған дертке шалдыққан пацинеттердің кез-келген уақытта жағдайы нашарлап кетуі мүмкін. Келеңсіз жағдайларда науқас бірден бізге келеді. Төсекке орналастырылған науқасқа қажет болған жағдайда өкпені жасанды жетілдіру аппаратына қосамыз. Орталықтандырылған оттегі аппараты арқылы оттегі береміз. Кез-келген жерге көтеріп баруға ыңғайлы реанимациялық жиынтықтың ішінде керекті дәрі-дәрмектің барлығы бар. Бір-екі сағаттың ішінде науқастың жағдайы тұрақтандырылса әрі қарай ем алу үшін қажетті бөлімшелерге жібереміз. Егер жағдайы өзгермесе жансақтау бөліміне жібереміз. Бұл өз кезегінде науқсақа алғашқы көмекті дер кезінде көрсетіп, өлім-жітімнің азаюына себеп болады, – дейді жансақтау бөлімінің меңгерушісі Мухабат Смайлова. 

Триаж жүйесінің тағы бір ұтар тұсы науқас төсектен тұрмайды. Анализ алу, аппаратқа түсіру барлығы сол бөлімшеде жасалады. Тіпті пациент орнынан тұрмай жылжымалы рентген аппаратына түсе алады. Мамандар диагнозды сол жерде қойып, қорытындысын әп-сәтте шығарып береді. Мекемеде «SOS» жүйесінің орнатылуы да жедел көмекті үдете түскендей. Әрбір маманнның қалтасында дабыл баратын мобильді телефон жүреді. Бұл ауруханаға түскен науқастың жағдайына қарай қажетті маманды дер кезінде шақыртуды қамтамасыз етеді.

Айта кетейік, аталмыш триаж жүйесі барлық әлем бойынша енгізілген және тиімді қолданыс үстінде. Триаж сөзінің французша аудармасы «іріктеу» дегенді білдіреді.

240 төсек орынға арналған жалпы профильді ауруханада терапия, хирургия, перзентхана, инфекциялық және балалар бөлімі бар. Биыл олардың қатарына 20 төсек орынға лайықталған неврология бөлімі қосылды. Статистикалық мәліметтер бүгінде әлемде неврологиялық аурулардың көбейіп отырғандығын көрсетеді. Емі күрделі әрі ұзақ болып келетін кеселден оңалу оңай емес. Сондықтан болар кез-келген ауруханадан неврология бөлімшесін кездестіре бермейсің. Науқастардың орталыққа ағылып жататындығы да сондықтан. Шардара ауданы облыс орталығы Түркістаннан – 460, үшінші мегаполис  Шымкенттен 300 шақырым қашықтықта орналасқан шалғайдағы мекен. Жүйке жүйесі сыр бергендердің орталыққа жетуі де қиямет. Тұрғындардың алысқа сабылмай, өз ауданында сапалсы ем көрсету мақсатында ашылған бөлімшеде біліктілігі жоғары мамандар қызмет көрсетуде. Дәрігерлер жүйке жүйесі ауруларын емдеудің тиімді тәсілі оңалту жұмыстары екенін алға тартуда. Ендеше, мұнда оңалту бөлімі де науқастраға есігін айқара ашқан. 

– Жүйке жүйесі сыр берген пациенттер әдетте өздігінен жүріп-тұра алмайды. Сөйлеу қабілетінен айырылып, ойлауы нашарлайды. Олардың денсаулығын қалпына келтіру үшін майда моторика тәсілін қолданамыз. Бір қарағанда кішкентай қуыршақтардан емдік қасиетті байқамайсыз. Алайда сол жұмсақ ойыншықтарды ұстап, сипау арқылы науқастардың саусақ ұшында орналасқан жүйке талшықтары оянады. Ойлау қабілеті де арта түседі. Ал сал болып қалған аяқтарын шынықтыру үшін баспалдақтар мен тренажерларды қолданамыз, – дейді реабилитолог Маржан Сарманова. 

Адамның өмірге деген құлшынысын арттыратын бөлімшеде күніне 10-15 науқас жаттығады. Солардың бірі – Көксу ауылының тұрғыны Ғарифулла Жолдыбаев. Орда бұзар отыз жасқа жақындаған жігіттің басы үнемі шаншып, шыдатпаған көрінеді. Дәрігерге қаралғаннан кейін неврология бөліміне жатқызылады. Қазір оңалту бөлімінде аяқ-қолын жаттықтырып жүр. «Жаттығулардан кейін екі күннің ішінде басымның ауырғаны қойып, жүйкем тынышталып қалды», -дейді ол.

– Аурухананың негізгі жүктемесін азайтып амбулаторлы емге басымдық берген мекемеде емхана жанынан амбулаторлы хирургия бөлімі ашылған. Жеңіл оталардың барлығы сонда жасалады. Екінші топтағы мүгедекпін. Онкологтың есебінде тұрамын. Қай кезде келсем де кезекті көп күтпей сапалы ем алып кетемін. Ауданның медицина саласында елеулі оң өзгерістердің орын алып жатқандығы бізді қуантады. Ұлымның грыжасы біраздан бері мазасын алып жүрген еді. Шымкентке барып ота жасатсақ па деп жүрдік. Алып шаһарға бару үшін портал ашып, кезекті ұзақ күту керек болады. Ауруханамызда амбулаторлық хирургия бөлімшесінің ашылғаны қандай жақсы болды. Осында ота жасаттық. Сәтті өтті. Дәрігерлер жақсы қарады. Кешкісін ұлымды үйге алып қайттым, – дейді пациент Назарбай Қадыров. 

Ұжым мұнымен тоқтап қалмай келесі жылы инсультология орталығын және жанынан оңалту бөлімшесін ашуды жоспарлап отыр. 

«Шалғайдағы аудан болғандықтан мүмкіндігінше барлық емді өз ауданымызда көрсетсек деген мақсатымыз бар. Осы ниетпен биыл үлкен жоспар түзілді. Жеке бейінді мамандарды оқытып жатырмыз, тамырлы хирург, нейрохурург, травматолог, уролог, практолог... Бүгінгі таңда аталған мамандар өз бетінше ота жасауға дайын тұр. Сондай-ақ нейрохирург мамандығын оқытып жатырмыз. Күзге жақын оқуын аяқтаған соң аталған дәрігерді Ресей және Оңтүстік Кореяға тәжірибе жинақтауға жібереміз. Қайтып келген кезде маман осында басқа, миға ота жасайтын болады. Стационарда құрсақ қуысына ішек және жамбас бөлігіне тереңдетілген оталар жасауға квалификация жүргізіп, республика деңгейінде мастер клас өткізуге дайындалып отырған жайымыз бар. Іс-шараға Астана, Алматы секілді ірі қалалардан мамандар қатысады деп күтілуде. Шеберлік сыныбы барысында жоғарыда аталған дерт бойынша бірнеше науқасқа ота жасап көрмекпіз. Сәтті шықса, мұндай операцияларды өзіміз жасай беретін боламыз, – деген Жанар Мықтыбекқызы әлі де окулист, лор және гинеколог мамандарының жетіспейтінін айтты.

Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшылығының қолдауымен ауданның медицина саласындағы орын алып жатқан маңызды өзгерістер мұнымен бітпейді. Биыл қалалық емханаға қосымша құрылыс есебінде бір ауысымда 150 келушіге арналған, жалпы құны 1 миллиард 600 миллион теңгені құрайтын ғимараттың құрылысы басталған. Ол 2019 жылдың соңында шардаралықтарға пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар аудан және ауыл орталықтарынан шалғайда орналасқан елді мекендерге қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында жалпы құны 390 миллион теңгені құрайтын 13 модульдік медициналық тіректің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуде. Небәрі екі айдың ішінде бой көтеретін заманауи талаптарға сай дайын медициналық бекеттер неміс технологиясымен жасалған. Жаңа дәрігерлік бекеттер әсіресе жырақта орналасқан ауыл халқының жылдар бойғы мәселесін шешіп берді. Қызылқұм, Шардара, Жаушықұм, Ұзыната елдімекендерде орналасқан дәрігерлік-амбулаторияларда жалпы құны 88 миллион теңгені құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 2018-2019 жылдарға күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайын. Оған сәйкес, әйелдер кеңесі, емхана, төменгі Тоғай, Қоссейіт емдеу мекемелері толық жаңармақ. 

Аудандық аурухананың сапалық көрсеткіштері де ауыз толтырып айтарлықтай. Шардара ауданы бойынша ана өлімі соңғы екі жылда мүлдем тіркелмеген. Бала өлімі көрсеткіші облыс аумағында ең төменгі орындардың бірінде тұр. (2017 жылы 1000 тірі туылған балаға шаққанда 8,6-ны құрайды. 2018 жылдың 5 айында 1000 тірі туылған балаға шаққанда 8,1-ді құрап отыр. Облыстық көрсеткіш – 9,3). Туберкулез сырқатымен аурушаңдық соңғы 5 жыл ішінде төмендеу тенденциясы байқалады. Сонымен қатар онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау бойынша іс-шаралар ұдайы жүргізіліп, өз жемісін беруде. Медицина саласын цифрландыру бойынша басқа да бірқатар жұмыстар атқарылған. Ауданның медицина саласы комплексті медициналық ақпараттық жүйесі (КМИС) бойынша қызмет атқарады. Жалпы медициналық мекемелер жыл соңына дейін толық электронды жүйеге көшеді.

Қара базарда адам ағзасы қанша тұрады?
Сурандра Кумар: «Я обращаюсь к пациентам как к своей маме»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу