Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
1. Сіз салауатты өмір салтын ұстанасыз ба?
2. Күнделікті тұтынатын өнімдеріңіздің табиғи немесе өндірістік екеніне қаншалықты мән бересіз? Табиғи өнімді қаншалықты қолданасыз?
3. Спортпен шұғылданасыз ба? Қай түрімен айналысасыз?
4. Сіз айналысатын спорт түрі адам ағзасы үшін қаншалықты пайдалы?
Клара Серікбайқызы, тігінші:
Жаяу жүру де спорт
1. Иә, мен салауатты өмір салтын ұстанамын. Оның адам ағзасына оң әсері өте көп. Денің сау, сергек жүресің. Өз өмірімізге алдымен өзіміз аса жауапкершілікпен қарап, мән беруіміз керек. Жаман әдеттерден аулақ болып, күнделікті өмірде транспортты қолдануды азайтып, жаяу жүруді әдетке айналдырғанмыныз жөн.
2. Мен үшін табиғи өнімдерді тұтыну маңызды. Үйімізде күнделікті асымызға қырыққабат, картоп, сәбіз, жуа, ет өнімдері мен түрлі жеміс-жидектерді көп қолданамыз. Көкөністерді арнайы бақшамызда өзіміз өсіреміз.
3. Мен бос уақытымның тапшылығына байланысты спортпен айналыспаймын. Мен үшін жұмысқа жаяу барып, жаяу қайтудың өзі спорт. Бақша өнімдерін күтіп баптаудың өзі спорттың бір түрі деп түсінемін.
4. Күніне 2-3 километр жүрудің өзі адам ағзасындағы қан тамырларының жұмысын жақсартады. Қан қысымын реттейді. Семіру қаупін азайтады. Тынысың тарылмайдлы. Сондықтан жиірек қимыл қозғалыста болыңыздар.
Әсем Бақытқызы, провизор-фармацевт:
Шамадан тыс дәрі ішпеңіз...
1. Әрине, салауатты өмір салтының барлық талаптарын барынша толық орындауға тырысамын, уақытылы тамақтану, спортпен шұғылдану деген сияқты. Әйтседе, мемлекеттік қызметте болғандықтан белгіленген уақыт бойынша жұмыс атқарамыз. Таңертең жұмыс орныма жаяу жүріп келгеннің өзін спортпен шұғылдану деп есептеймін. Жеке бастың тазалығын сақтау әр адамның өзіне қажетті дүние, әркім өзі үшін жасайды. Ал тамақтану жөніне келетін болсақ, тез дайындалатын тағамдармен асқазанды алдап қоятын болып жүрміз. Мүмкіндік болмаса, тамақтануды ұмытып та кетеміз. Мұның барлығы дұрыс емес, бірақ жағдайға байланысты салауаттылықты бұзып отырамыз.
2. Міндетті түрде. Денсаулыққа пайдалы тағамдарды да талғап жеймін. Мүмкіндігінше газды және тез дайындалатын тағамдарды қолданбаймын. Көкөністер мен жемістерді көп қолдануға тырысамын.
3. Арнайы жаттығу залдарына барып, не болмаса күнделікті айналысамын деп айта алмаймын. Оқушы, студент атанып жүргенде жүзумен, волейбол ойнаумен айналысатынмын. Уақыт тапшылығына байланысты көңіл бөліп жүрген жоқпын. Бірақ күнделікті екі-үш аялдаманы артқа тастап жұмысқа барып келудің өзі спорт...(күлді).
4. Менің ойымша салауатты өмір салтын ұстанып, күнделікті спортпен шұғылданатын адамдар ешқашан ауырмайды. Адамның иммунитеті жоғары, белсенді болады. Маман ретінде дәрілік заттарды шамадан көп пайдалануға кеңес бермеймін. Арнайы диета ұстап, салмақты қалыпты деңгейге жеткізудің өзі дұрыс тыныс алу мен еркін қимылдауға көмектеседі.
Дариға Сарыпбекова, бастауыш сынып мұғалімі:
Отбасымызбен спортпен айналысамыз
1. Салауатты өмір салты – жаман әдеттерден аулақ болып, (шылым шегу, алкагольді ішімдік пайдалану сынды) физикалық қозғалыста жиі болып, табиғи өнімдерді көп тұтыну. Ұстаз ретінде де шәкірттеріме салауатты өмір салтын ұстануға тәлім-тәрбие беремін. Өзімнің отбасы мүшелеріне таза, табиғи өнімдерден ас әзірлеуге тырысамын. Отбасымызбен бірігіп қызығатын спорт түрлерімен айналысамыз. Үйіміздің отағасы футбол спорт түрімен кәсіби түрде шұғылданады. Кенже қызым волейбол спорт түрімен айналысады. Жалпы өз денсаулығымызға аса зор мән беріміз. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейміз.
2. Экологиялық таза, табиғи тағамдарды пайдаланамыз. Қазақстанда жетілдірілген жеміс-жидектер мен картоп, жуа, сәбіз сынды көкеністерді ас мәзірінде көбірек қолданамын. Химиялық қоспаларды мейлінше аз пайдалануға тырысамын. Сүт өнімдерін де мөлшерімен ішіп тұрамыз. Дәрумендерге бай жемістерді де тұтынамыз.
3. Шахмат пен үстел теннисіне қызығамын. Бос уақытымда волейбол да ойнап тұрамын. Күнделікті жұмыс орныма жаяу барып-қайту да бір жаттығудың түрі деп білемін. Жаяу жүру адам ағзасына пайдалы, күніне 3-4 шақырымды еңсерудің өзі адам ағзасындағы қан айналым жүйесін жақсартып, сергек жүргізеді.
4. Демалыс күндері отбасымызбен шахмат, волейбол ойындарын ойнап тұрамыз. Ең алдымен кез-келген тұлға өз-өзіне көңіл бөлуі керек. Немен айналысып, қандай пайдалы өнімдерді тұтынып жатқанын жоспарлы түрде қадағалауы шарт. Спортпен жүйелі айналысқан абзал.
Сауалнаманы жүргізгендер – Толқын Рәбия, Айкен Жақып,
ХҚТУ студенттері.