Шымкент қалалық клиникалық ауруханасы
Дүйсенбі, сағат 08:00. Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының негізі 1935 жылы қаланған, қарап тұрсаңыз бір ғасырға жуық тарихы бар медицианалық мекемеде қаншама пенделердің тағдырлары шешілген. Сан түрлі дәрігерлер қызмет жолдарын осы ауруханада бастау алған ерекше мекеме. Ауруына шипа таппай тарыққан талай жандарды дертінен жазып, жанашыр болып жүрген аурухананың бас дәрігері Мәди Қожаұлының кабинетінде отырмыз. Хирургтың айтуынша кейбір оталар 20 сағатқа дейін жалғасатын көрінеді. «Кейде ота жасап жатып шаршағыныңды ұмытып кетесің, ең маңыздысы ол науқасты аман алып қалу болып табылады. Өзіңнің принциптеріңді ұмытып кетесің. Отбасыңды емес, тағдыры саған байланған науқастың өмірін бірінші кезекке қоясың. Адамның өмірін сақтап қалу ауруханамыздың миссиясына айналған. Бірақ кейбіреулер «дәрігерлерді өлімді жиі көретіндіктен тасжүрекке айналған. Науқастың туысқандарына беті шіміркпестен қайғылы хабарды жеткізеді. Кейде дәрігерлер жұмысына салғырттықпен қарайды» деседі. Әрине кез-келген дәрігердің тәжірибесінде науқастан айырылып қалатын жағдай болатыны белгілі. Өмір ғой. Рас, өлім мен өмірдің арасы бір-ақ қадам. Бірнеше сағат бұрын тірі болған науқастың қимылсыз жатқанын көру, оған көндігу бізге өте қиын... Оның туысқандарына қайғылы хабарды жеткізу де оңайға соқпайды. Осылай бола тұра халықтың басқаша ойлайтыны көңілімізге кірбің түсіреді. Сәтті шыққан отадан ерекше сезіммен шығамыз. Тура бір әлемді құтқарғандай, бала сияқты қуанамыз. Біздің ең үлкен жетістігіміз – ол ауыр халде жатқан науқастың отбасына оралуы!» дейді бас дәрігер.
08:30. Бас дәрігермен бірге аурухана бөлімшелерін бірінен соң бірін аралап жатырмыз. Он сегіз бөлімше бар екен. Бүгінде аурухана күн-түн демей, демалыссыз қызмет көрсетеді. Медицина мамандары күндізгі, түнгі бригада болып ауысыммен жұмыс істейді. Жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы болғандықтан ең бірініші кезекте жан сақтау бөлімшесіне бет бұрдық. Бұл бөлімшеде өте ауыр халдегі инсульт алған немесе жол көлік апатына түскен өмір мен өлімнің арасындағы науқастар жатыр. Осы бөлімшеде Мәди Қожаұлы дәрігерлердің басын қосып консилиум өткізді. Консилиумда бірнеше науқастың емеделу жоспары талқыланды.
09:00. Жиналыс. Бас дәрігер орынбасарлары – Абылай Әбдіжаппарұлы мен медициналық қызмет көрсету сапасын қадағалауға жауапты нейрохирург Сәрсен Махамбетұлының қатысуымен аурухана дәрігерлердің басын қосып, жиналыс өткізілді. Жиында кезекші дәрігер ауруханада сенбі, жексенбі күндері 468 науқас болғанын, оның 49-ы жаңадан түскенін, 93-і науқас ауруханадан шыққанын, 85-і үйіне қайтарылғанын, жүктілікке байланысты қаралған 11 әйелдің үшеуі ауруханаға жатқызылғанын баяндады. Ал қайтыс болған науқас жоқ екен. Сондай-ақ жиында барлық бөлімдегі кезекші дәрігерлер науқастар турасында мәліметтерін бірінен соң бірі баяндады. Кейбір атқарылмаған өзекті мәселелерге тоқталған Абылай Әбдіжаппарұлы дәрігерлерге ескерту жасады.
10:45. «Нейрохиругия» бөлімшесі. «Нейрохирургия жеке ғылым саласы ретінде ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап дамыды. Алғашқы Нейрохирургиялық операция – бас сүйекті ашу көне заманнан белгілі, бұл әсіресе Майя өркениеті кезінде кең дамыған» деп бөлімшенің техникалық базасын аралап көру, науқастардың жалпы жағдайымен танысу барысында Мәди Қожаұлы бұл саланың тарихына тоқталып өтті. Оның айтуынша, жалпы жылына емдеу мекемесіне 60 мың науқас келіп түседі. Оның 20 мыңы диагнозына байланысты белгілі бір уақыт ауруханада жатып ем қабылдайды. Ал қалған 40 мың науқас ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізіліп, қажетті бірінші көмекті алып болған соң түрлі себептермен кететін көренеді. Өкіністісі сол – 60 мың келіп түскен науқастың 300-400-і қайтыс юолады екен. «Бұлсыз болмайды!» дейді бас дәрігер...
12:45. Трансплантология бөлімі. Оңтүстіктегі ағзаны ауыстыратын күрделі оталарды жасайтын жалғыз емдеу мекемесі осы – Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы. Бүгінге дейін мұнда 95 рет бүйрек ауыстыру операциясы іске асыпты. Сонымен қатар, бірнеше рет бауыр ауыстыру бойынша күрделі оталар жасалған. Бұл ауруханада Израильден, Румыниядан, Германиядан науқастар келіп бүйрек, бауырларын ауыстырып жатыр. Бұл емдеу мекемесінің отандық медициналық туризмді дамытуға қосып жатқан үлесі екені даусыз. Шетелдікттердің Шымкентте хирургиялық ем қабылдауға ұмтылатын басты себебі – мұнда медициналық қызмет көрсету сапасы халықаралық стандарттарға толық жауап бере алады. Сосын мұнда отаның бағасы басқа елдерге қарағанда бірнеше есе арзан.
– 2019 жылы трансплантология саласындағы 90 пайызға жуық ота түрлерін жасауды жоспарлап отырмыз. Біздің ауруханада ол үшін барлық жағдай жасалған. Дәрігерлеріміз жыл сайын шет елдерге барып білім алып жаңа технологияларды меңгеріп жатыр. Осында 10 сәуір күні ТМД алғаш рет әйелі күйеуіне жарты бауырын беріп, донор болды. Яғни, бұрын әйелі күйеуіне донор болған жағдайлар тіркелмеген болатын. Бүгінде екеуінің де жағдайлары жақсы, – дейді трансплантолог дәрігер Рақымжан Үмбетжанов. Айтқандай, жарты бауырын күйеуіне сыйлаған Гүлбибі Халықбердиеваға да жолығудың сәті түсті.
– Балаларымның әкесі болғандықтан бір минутта ойланбастан бауырымды беретін болып шештім. Оның бұлай ауырып жүргенін көруге бұдан әрі шыдай алмадым. Тек қана отағасының қалыпты өмірге келгенін көргім келді. 10 сәуір күні бізге ота жасалды. Дәрігерлердің айтуы бойынша 14 сағатқа созылған екен. Қазір жағдайым жақсы. Дәрігерлерге осы мүмкіндікті пайдаланып алғысымды білдіргім келеді. Атап айтсам, Рақымжан Үмбетжановқа және Сәбитхан Байтеміров мырзаларға және басқа да денсаулық сақтау қызметкерлеріне рақмет, – дейді ол.
– 2011 жылы қатты ауырдым. Содан гемодиализдың көмегімен өмір сүріп келдім. Жуырда туған інім бүйрегін беріп донор болды. Бірінші Құдайдың, сосын сол інімнің және дәрігерлердің арқасында тірі қалдым... Ең алдымен гемодиализден құтылғаныма қуаныштымын. Отадан 3 күннен кейін палатаға шықтым. Жалпы операция алты сағат уақытқа созылыпты. Барлық науқастарға мен сияқты жазылып кетуін тілеймін. –дейді бізбен тілдескен тағы бір пациент Абылайхан Сүйінбай.
Ең бастысы – трнасплантация қазастандықтар үшін тегін, шетелдіктерге ақылы.
14.35. Ангиограф. Еліміздің денсаулық сақтау саласы Тәуелсіздігіміздің 26 жылында қай жағынан болсын, салыстыруға да келмейді. Жер мен көктей өзгерді деуге әбден болады. Әсіресе, 1993-1998 жылдары медициналық мекемелердің материалдық базасы, жабдықталуы мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі өте қиын жағдайда еді. Ал бүгін ше?
– Бұрын, Кеңес Одағы тұсында жүрекке операция жасау республикада тек А.Н.Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми орталықта ғана жүзеге асатын. Онда да науқастар сарылып кезек күтіп, асқан қиындықпен қол жеткізетін. Ал қазір біздің ауруханамызда бар ангиограф аппараты арқылы ағзаға санның тамыры арқылы кіріп, миға күрделі оталар жасалынып жатыр. Диагнозды нақты қою инсульт алған науқастардың өмірін жеңілдетті. Осылардың барлығы осы ангиограф арқылы жүзеге асқан, – дейді Сәрсен Махамбетұлы.
16.00. Триаж жүйесі.
Түстен кейін аурухананың қыбылдау бөлімінің жұмыстарымен таныстық. Дәлірек айтсақ, «Триаж» жүйесімен. Аталмыш жүйе стационарда медициналық көмекті ұйымдастыруды жақсартуға, сондай-ақ, медициналық қызметтер сапасын көтеруге бағытталған. Қабылдау бөліміне келіп түскен науқастар үш топқа бөлінеді. Олардың ахуалына байланысты, сәйкесінше қолына қызыл, сары немесе жасыл түсті білезік тағылады. Қызыл аймақта шұғыл түрде медициналық көмек көрсетілуі тиісті науқастар болса, сары аймақта интенсивтік емес дәрігерлік көмек күтіп отырғандар. Ал жасыл аймақта науқасты қабылдап, қызмет көрсетіп, бағыт беруге, қажет болған жағдайда жоспарлы тәртіпке сәйкес ауруханаға жатқызуға арналғандар кезегін күтеді. Іріктеуден кейін науқастар ықшам қол арбалармен жабдықталған қарау аймағына өтеді. Бұл жерде науқастанып келгендердің денсаулығы жан-жақты тексеріледі. Мониторлардағы арнайы бағдарламалық жабдықтама онлайн тәртібінде сырқаттанып түскендерге қызмет көрсету барысын көрсетіп тұрады. Осы жүйенің нәтижесінде мамандарға қаралу үшін кезекке тұру қажет болмайды. Оған өзім де куә болдым...
17:00. Нейрожарақат бөлімі.
– Бұл бөлімге көп жағдайда түнгі клубтардан мас болып келген қарагөз қарындастарымыз бен жігіттеріміз жиі түсіп жатады. Үлкенді сыйлау дегеннен жұрдай. Өте мәдениетсіз сөйлеп адамның еңбегін бағалай бермейді. Осы сияқты келеңсіз жағдайлар да орын алатыны жасырын емес. Кейде күйеуінен таяқ жеген әйелдер немесе зорлық-зомбылыққа ұшыраған науқастар бірден біздің бөлімшеге жіберіледі. Қазір біздің бөлімшеде ауыр халде жатқан 5 науқас бар, – дейді бөлім меңгерушісі Қожабай Сапуанұлы.
Дегенмен, мұнда жеке психологиялық кабинетті кездестіре алмадым. Зорлық-зомбылықтың құрбандары жиі түсетін бөлімшеде маңызды рөл ойнайтын психологиялық кабинеттің жоқтығы негізінде үлкен мәселе. Мүмкін, алдағы уақытта шешімін табатын болса керек.
Үздіксіз жұмыс істейтін бұл мекемеге жылына республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінеді екен. Бұл қаржы 200-ге жуық дәрігердің және 350-дей мейіргердің, басқа да қызметкерлердің айлығына жұмсалады екен. Жалпы алғанда бұл ауруханада жалпы 920 адам жұмыс істейді.
18:00. Күндізгі бөлімдегі дәрігерлер екінші ауысымда жұмыс істейтін әріптестерімен ауысып, бір-біріне келіп түскен науқастар және олардың жағдайлары туралы ақпарат беріп жатыр…
Жалпы ауруханадағы күнделікті болып жатқан істердің барлығын қағазға түсіру мүмкін емес. Бұл бір үздіксіз жалғасып жатқан механизмнің бір бөлігі ғана. Көзімнің жеткені – дәрігер атану оңай емес, ал нағыз дәрігер болу тіптен қиын... Кәсіби маман болу қажырлы еңбекті, адалдықты және шыдамдылықты қажет етеді.
Дана СҮЛЕЙМЕНОВА