Лазермен сүндеттеу баланың денсаулығына зиян ба?
Қайрат Нұртуғанұлы, уролог
– Қайрат аға, қазір «ауыртпайды, тез жазылады» деп ата-аналар балаларын хирургке апарып, лазермен сүндеттетіп жатады. Осы дұрыс па? Шығыс медицина мамандары лазермен сүндеттеудің зиян екенін айтып жүр. Өсе келе бала белсіз болып қалмасына кім кепіл дейді…
Адамдар лазерді радиациялық сәуле сынды қарастырады. Лазер дегеніміз – жоғары толқынды құрылғы. Бірден ашып айтайын, халықтың санасына лазермен сүндеттеу сіңісті болып кеткен. Анығында, Қазақстанда лазермен сүндеттейтін мекемелер санаулы ғана, тіпті жоқтың қасы деуге болады. Ол үшін Денсаулық сақтау ұйымдарының арнайы шешімі керек. Лазерлі құрылғымен кез келген дәрігер жұмыс істей алмайды. Оны арнайы оқып, үйрену керек. Лазермен сүндеттейтін хирургтің арнайы рұқсат қағазы, сертификаты болуы тиіс. Өйткені, лазерді дұрыс қолданбаса, баланың өміріне қауіпті. 1 мм қалт кеткеннің өзінде, лазер біраз жерді кесіп түседі. Алматыда дәрігерлер лазермен емес, электр пышақпен (электронож) сүндеттейміз. Ол лазер емес. Балаларын хирургке апарып сүндетке отырғызса болды, ата-аналар «лазермен кестірдім» деп ойлайды. Адамдардың лазер деп жүргендері сол. Біз электр пышақпен сүндеттейміз дедім ғой, электр пышақ деген – тоқ. Ер бала 2-3 жасқа келгенше жыныс мүшесінің басы ашылмай тұрады, оны «физиологиялық бүрік» деп атайды. Біз сол бүрікті, яғни теріні тоқпен қыздырып, күйдіріп қана алып тастаймыз. Былайша айтқанда, үрпінің басын ашамыз. Сүндеттеу дегеніміз – осы. Бұл үшін арнайы құрал бар. Баланың жыныс мүшесінің басындағы артық тері осы құралмен алынады. Электр пышақпен кесілген жер тігуді де қажет етпейді. Қанамайды да. Өздігінен бітіп кетеді. Мұның ешбір зияны жоқ. 5-10 минут қана уақытты алады.
– Бұл құрал жаппай қолданысқа енгізілмеген кезде дәрігерлер баланы қалай сүндеттейтін едіңіздер?
– Қайшымен кесетінбіз. Сосын дөңгелете тігіп шығатынбыз. Ол кезде сүндеттеу біршама қиын болатын. Жансыздандыратын укол салғанның өзінде, балалар шыдамай жататын. Ал қазір электр пышақ ауыртпайды, қан шығармайды.
– Баласын сүндеттегісі келетін ата-ана немен және қалай сүндеттеуді өзі таңдай ала ма сонда?
– Иә, ата-аналардың көпшілігі «ауыртпайтын лазермен сүндеттеп беріңіз» деп жатады. Лазер деп жүргендері – электр пышақ. Мұны медицинада термокоагуляция деп те атайды. Сүндеттеудің бірнеше әдісі бар. 1. Еркін әдіс: хирургтардың дәрі арқылы жансыздандырып, арнайы аспаппен сүндетке отырғызуы, тамырлардың тігілуі. Бұны «классикалық әдіс» деп те атауға болады. 2. Дәстүрлі әдіс: дін мамандарының өткір ұстарамен кесіп, жараға таза күлді кесемен төңкеріп жасайтын әдісі сынды. Балаға наркоз беріп, жыныс мүшесінің ұшын кесіп сүндеттеу. Бұл сүндеттеудің бұрыннан кең тараған түрі. 3. Наркоз бермей-ақ, жансыздандыратын укол салып, электр пышақ арқылы қанатпай жасалатын сүндеттеу тәсілі.
– Электр пышақпен сүндетке отырғызылған бала неше күнде жүгіріп кете алады?
– Бұл баланың организміне байланысты. Негізінен 7-8 күнде жазылуға тиіс. Сүндеттелгеннен кейін бала бірден жүріп кете алады. Ешбір ауру сезімдері болмайды.
– Сүндетке отырғызылған балаларға қандай күтім жасаған дұрыс?
– Көктем шыққаннан бастап, қара күзге дейінгі уақытты бала сүндеттеу маусымы десе де болады. 7-8 күндей сүндеттелген жерді марганец ерітіндісімен жуып, жараға көк дәрі (зеленка) жағып тұру қажет. Кейде хирургтар арнайы жақпа май да беріп жатамыз.
– Еврейлер баласын туыла сала сүндеттейді екен. Қазақтар баланың беске толғанын күтеміз ғой. Көбіне 3, 5, 7 сынды тақ жастарда сүндеттегенді қолай көреміз. Ал медицинада баланы қанша жаста сүндеттеген дұрыс саналады?
– Әдет-ғұрпымыз бойынша баланың беске келгенін күтеміз. Бұл сүндет тойы баланың есінде қалсын дегеннен туған шығар. Медицинада сүндеттеуді қай жаста жасағанның да айырмашылығы жоқ.
– «Сүндет мұсылмандар мен еврейлерге ғана тән діни міндет. Сүндеттеу гигиена талаптарын сақтау қиынға соғатын ыстық аймақтарда етек алған. Бүгінгідей гигиенаны сақтау мүмкіндіктері жоғары кезде сүндеттеудің аса қажеті жоқ» дейтіндер де бар көрінеді. Дәрігер ретінде бұған не дейсіз?
– Бұл дұрыс емес. Сүндеттеу, біріншіден, тазалық. Екіншіден, көптеген аурулардың алдын алады. Сүндеттелген соң үрпінің басы ашылады. Сүндеттелмеген баланың үрпісінің басы жабық тұрады. Бала күніне 4-5 рет дәретке барады ғой. Дәретке барған сайын жуынуға мүмкіндік бола бермес. Жуынбаса, терінің астына микробтар жиналады. Сүндеттелсе, мұндай қауіп жоқ. Гигиеналық тұрғыдан бактериологиялық, стафилоккок (іріңді микроб), гонорея (жыныстық жіңішке ауруы) микробтарынан таза болу тұрғысынан сүндет жасату керек. Сондай-ақ, сүндет фимоз, баланит, баланопостит секілді кеселдердің алдын алады. Баланит, баланопостит деген аурулар – үрпі басы терісінің қабынуы. Бұл ауру үрпек терісіне микроб жиналуынан және зәрдің ыдырауынан болады. Сүндеттелгендерге қарағанда, сүндеттелмегендерге жыныстық жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупі жоғары.
– Түрлі себептермен бала кезде сүндеттелмей қалғандар да болады екен.Олар есейе келе жанындағы достарынан қысылады, сүндеттелмегенін жасыратын көрінеді. Оннан асып, жиырмаға жеткен жігіттерді сүндеттеу қалай болады осы?
– Мұның еш әбестігі жоқ. Қайта кезінде сүндеттелмеген азаматтар уақыт оздырмай, мұсылмандық парызын жасағаны дұрыс. Орысшалау тәрбиеде өсіп, сүндеттелуді кезінде ерен санамаған жігіттер жетерлік. Мұндай азаматтар әсіресе солтүстік өңірде жиі кезігеді. Біздің орталыққа 20-30 жастағы жігіттер де келіп, сүндеттеліп, жас кезде орындалмаған парызын орындап жатады. Бала кезде сүндеттеу мен үлкейгенде сүндеттелудің ешбір айырмашылығы жоқ. Дегенмен гигиеналық әрі мұсылмандық талапты ертерек орындаған абзал.
Қызық дерек:
Мұсылман елдерінен бөлек, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Англия секілді мемлекеттерде баланы сүндетке отырғызу қалыпты үрдіске айналған. АҚШ-тың педиатрлық академиясының ғалымдары 1999 жылы сүндеттің медициналық тұрғыда пайдалы екенін жариялады. Сонымен бірге сүндеттеудің несеп-қуық жолдарын жұқпалы аурулардан, инфекциядан қорғайтынын мәлімдеді