Ашығу – тән мен жанның тазаруы
Біздің күнделікті тұтынып жүрген тағамдарымыздың барлығы ағзаға пайдалы емес. Оның үстіне жас баладан қарттарға дейін сүйсініп жейтін фаст-фуд өнімдері семіздік, қант диабеті ауруларын тудырып, қан қысымын жоғарылатады. Тамақтану режимін сақтамағандықтан біздің ағзамыз шлак пен токсиндерге тола береді. Ағзаны тазартудың бірден бір жолы – ашығу. Шымкентте дәл осы тәсілмен дертіне дауа іздеген жандарды жиырма жылға жуық емдеп келе жатқан «Халықтық және аштықпен емдеу орталығы» бар.
Республикадағы екі орталықтың бірі саналатын клиникаға тек елімізден ғана емес Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Моңғолия, Ресей, Дағыстан, Қытай, Германиядан да келіп емделушілер көп екен. Орталықтың тыныс-тіршілігімен таныстырған бас дәрігер Шолпан Әбсаматова клиника алғашқыда халықтық емдеу орталығы болып ашылған дейді. 2000 жылы клиникалық статус алған орталыққа екі жылдан кейін Шалқар Әбішұлының есімі берілген.
– Пациенттерді қабылдамас бұрын толықтай тексерістен өткіземіз. Емдік курс кем дегенде 10 күнді құрап, 25 күнге дейін созылады. 10 күннің ішінде 2 рет бауыр мен өтті жуамыз. Массажымыз бар. Бір күндік емдік курстың бағасы – 5000 теңге. Адам бір күн ашықса да, ағза өз-өзін емдейді. Әсіресе, асқазан-ішек жолдарына өте пайдалы. Жалпы ашығу дегеннің өзі тазалану дегенді білдіреді. Мұнда емделушілер мүлдем тамақ ішпейді, тек күніне қанша қаласа да дистиллияцияланған (буландыру әдісімен) су ішеді. Тамақ ішпегеннен кейін ағзадағы токсиндер шыға бастайды. Су сол токсиндерді шайып отырады. Сондай-ақ пациенттер аптасына екі рет моншаға түседі. Осы арқылы іштегі улар тері арқылы да шығады. Он, жиырма күн бойы бір қасық ас ішпей қалай шыдауға болады деген сұрақ көпшілікті мазалайтыны рас. Адам су ішкен кезде ми оны ас ретінде қабылдайды да өз-өзін тоқ сезініп жүреді, – дейді Шолпан Медетқызы.
Аштықпен емдеу профилактикалық құрал ретінде көптеген аурулардың алдын алады. Ағзамыздағы қан айналымының қалыпты жұмыс істеуіне, сондай-ақ, қанның тазарып отыруына бауыр мүшесі ерекше қызмет етеді. Ашқұрсақ жүргенімізде асқазанымыз тынығумен бірге, жасушаларымыз да жаңара түседі. Тек асқазанымыз емес, бауыр, ішек құрылыстары, ас қорыту ферменттері мен өт жолдары, ұйқы безі мүшелеріміз де тынығады. Тіпті, жүректің қан қысымы қалыпты жағдайға түсіп, қан айналымы жақсара түседі. Ас қорыту жүйесінің тынығуымен денеміз токсиндерден, яғни зиянды заттар мен қалдықтардан тазарады.
Ашығумен емделу мынадай нақты науқастарға рұқсат етілген: бронхит, семіздік, II типті қант диабеті, созылмалы жүректің ишемиялық ауруы, артериялды гипертензия, созылмалы гепатит, холецистит, өт-тас ауруы, панкреатит, гастрит, колит, түрлі тері және аллергиялық дерматиттер, жүйке жүйесінің шаршауы, артроз, артит, созылмалы пиелонефрит, бүйректегі құм, простатит. Шолпан Медетқызының айтуынша ашығуды кейбір диагноздар көтере бермейді.
– Бізге кейде туыстары жүйке жүйесімен ауыратын адамдары әкеліп жатады. Қабылдамаймыз. Себебі мұндай науқастардың дерті ашыққан кезде асқынып кетуі мүмкін. Сондай-ақ анемияға шалдыққан адамдарға аш жүруге мүлдем болмайды, керісінше олар құнарлы тағаммен тамақтану қажет. Жұқпалы және онкологиялық аурумен ауыратын жандар да біздің пациент бола алмайды, – дейді бас дәрігер.
Қырық төсек орынға арналған емдеу мекемесінде 14 жастағы балалардан бастап өздігінен жүріп-тұра алатын сексен жасқа дейінгі қариялар да емделе алады. Клиника басшысы қазіргі таңда жасөспірімдердің денсаулығына қатты алаңдаулы. Олардың күнделікті тұтынатын гамбургер, чипсы, газды сусындары ағзаларын улап жатыр дейді. Соның салдарынан мектеп оқушылары арасында семіздік ауруына ұшырағандар көбейген. Орталыққа осындай артық салмақ жинаған балалар көп келеді екен. Ал жалпы клиника пациенттерінің 80 пайызын семіздікпен ауыратын адамдар құрайды. Ашығудың нәтижесінде олар он күнде шамамен 7-8 келіден арылатын көрінеді.
Жалпы аштықпен емделудің тарихы тереңде жатыр. Мәселен осыдан екі мың жыл бұрын көне Рим дәрігері Асклепиад аштық емін қолданған. Х-ХІ ғасырда шығыстың дәрігері Ибн Сина көптеген ауруларды, әсіресе, шешек пен мерезге шалдыққандарды аштықпен емдеген екен. Ертеректе пайғамбарлар да қырық күн ораза ұстағаны осыған дәлел. Шымқаладағы бірегей емхана Ресейдің белгілі профессоры Надежда Семенованың әдісіне сүйенеді екен.
– Аштықпен емделу бағзы заманнан қалған әдіс болса да Қазақстанда мұндай тәсілмен емдейтін орталықтан жоқтың қасы. Ал көрші Ресейде 1932 жылдан бастап ашығуды ем ретінде енгізген. Ол жақтың барлық ауруханалары мен институттарында арнайы ашығу бөлімдері жұмыс істейді. Бір ғана Мәскеудің өзінде 5 мемлекеттік емхана аштықпен емдейді. Әлем бойынша ашығудың түрі өте көп. Көптеген мемлекетте қолға алынған. Себебі аштықпен емделу ол дәрісіз, табиғи тазалану, – дейді әңгімесін түйіндеген дәрігер.
Алдағы ораза мерекесінде мұсылман қауым ауыз бекітіп, отыз күн ораза тұтады. Ораза кезінде адамның тәні мен қатар рухы да тазарады. Аштықпен емделу кезінде де тәніміз бен рухымыз тазарып, өзара үйлесім табады. Бұл ғылыми дәлелденген жәйт. Ендеше, бір сәтке аузымызды тиып, ашығып үйренейік.