Ауруханадағы бір күн

Oinet.kz 25-03-2018 906

Биыл 1 наурыз бен 1 желтоқсан аралығында қомақты жүлде тағайындап, Оңтүстік Қазақстан облысында денсаулық сақтау қызметкерлерінің арасында «Супер Доктор» байқауын жариялаған «Диагноз» медициналық газеті сәуір айынан бастап оқырман назарына «Бір күн» айдарымен материалдар топтамасын ұсынбақшы. Редакция қызметкерлері бір жұмыс күнін арнап, бірде аурухана қызметкерлерінің жанынан табылса, енді бірде пациент ретінде өзі тіркелген емханаға барып, скринингтік тексерулерден өтуі мүмкін. Сонымен қатар, «жедел жәрдем» көлігімен де түнгі кезекте бірге қызмет атқарып көру жоспарымызда бар. Мұндағы мақсат – кем-кетік іздеу емес. Болса, әрине, бірге түзеу – азаматтық парыз. Бастысы – Қазақстанда ғана емес, жалпы ТМД аумағында тұрғындар басы ауырып, балтыры сыздаса бірінді болып дәрігерлік көмек сұрайтын, сөйте тұра көп шағым түсіретін денсаулық сақтау саласы мамандарына кездесетін әр түрлі қиындықтар мен түрлі жағдайларды бірге бөлісу. Жауапкершілігі мол жұмыстың жүгін сезіну, мың рет естігенше бір рет көзбен көру және көрген-білгенімізді қаз-қалпында оқырман назарына ұсыну...  Осы мақсатта алғашқы журналистік жазбамызды еліміздегі әрбір бесінші сәби өмірге келетін өңірдің орталығындағы №1 Шымкент қалалық балалар ауруханасының бір күндік ұжымдық жұмысына арнадық. 

vlcsnap-2015-02-23-18h23m47s87.jpg

Дүйсенбі. Сағат – 08:00.  

№1 Шымкент қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Гаухар Сапартайқызы бастаған аурухана дәрігерлері жұмыс басталмас бұрын бір мезетте мемлекеттік әнұранды орындады. Анығы – әнұранды хормен айтты. Басқа мекемелерде көріп жүргеніміздей аурухана қызметкерлері әнұран шырқалғанда оң қолын жүрек тұсына қойып, еріндерін болар-болмас жыбырлатып тыңдап тұрмады. Жанды дауыста айтқан да, тыңдаған да әсерлі естіледі екен. Тұла бойыңды мақтаныш кернеп, өзгеше бір күйге енесің... Дегенмен, біздің келетінімізді білген соң ұйымдастырған болар деп ойлағанбыз. Олай болмай шықты. Балалар ауруханасында бұл патриоттық шара күнделікті қайталанатын дәстүрге айналған екен. 

Әнұран орындалып болған соң  сенбі және жексенбі күндері кезекшілікте болған дәрігер Ләззат Жаппарқұлова нәрестелердің денсаулықтарындағы өзгерістер жайлы және аурухананың тыныс-тіршілігін баяндап берді. Талқылаудан кейін ауыр халде ауруханаға жеткізілген Тұрмахан есімді нәрестеге консилиум өткізілді. Консилиумда белгілі болғандай, нәресте өте ауыр халде «геповалимикалық шокпен» ауруханаға жеткізілген, ал  қазір емделушінің жағдайы бір қалыпты екен. 

Сағат – 10:00. 

Бас дәрігердің орынбасары Қаламқас Бабанқызы Даумбаевамен әңгімелесудің өзі бір ғанибет, бар болмысымен өз жұмысын қалтқысыз сүйетін, соған қабілет-қарымын аянбай жұмыс істейтін  жанның білетіні де, айтатыны да көп. №1 Шымкент қалалық балалар ауруханасының жұмыс істеп жатқанына 15 жыл болыпты. Емдеу мекемесі 2015 жылы Асар шағынауданындағы заманауи үлгіде салынған жаңа  кешенді нысанға қоныстанған. Заманауи ғимаратта кардилогия, реанимиция және қарқынды терапия, хирургия,  пульмонолия,  паллиатив, неврология, травматология бөлімдері жұмыс жасайды.  Мекемеде 60 дәрігер жұмыс істейді. 300 орынға арналған төсек-орын  аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат қызмет етеді. Қаламқас Бабанқызының айтуы бойынша ауруханада SOS қызметі жұмыс істейді. Дәлірек айтсақ, ауруханаға ауыр халде жеткізілген бүлдүршінге SOS телефоны арқылы  қажет бөлімдерге хабарласып науқасқа шұғыл түрде ем жүргізіледі.  Сонымен қатар, аурухананың бір ерекшелігі – пульмонология бөлімі. Бұл бөлімде 96 төсек-орын бар. Соның 10-ы аллергиялық, 5-еуі нефро, 25-і педиатрия, 56-ы пульмонологияға арналған. Басқа ауруханаларда бұл бөлім мүлдем жоқ екен. 

Сағат – 11:00. 

Кардиоревматология бөлімі.  Мұнда кішкентай бүлдіршіндердің күліп-ойнап жүргендеріне куә болдым. Ауруханаға келмес бұрын кішкентай бөбектердің жылап, аурып жатқанын көрермін деп бір түрлі сезімде жүрген едім. Керісінше, ауруханада мейрімге толы атмосфера! Ал аурухананың қабырғаларында мультфильм кейіпкерлері және түрлі-түсті реңктерді кездестіресіз. Бұл да баланың көңілді жүруіне сеп болатыны сөзсіз. 

– Біздің бөлім Астана, Алматы қалаларының ғылыми орталықтарымен жұмыс жасайды. Науқас баланың жүрегіне күрделі ота қажет болған жағдайда санавиацияның көмегімен сонда жеткіземіз. Кейін отадан оңалу үшін бізге келіп емін жалғастырады. Бөлімде жүректегі кез-келген ақауды анықтайтын заманауи аппараттар жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар УДЗ аппаратының көмегімен жүректі түсіре аламыз. Тексеру 40 минуттай уақытты алады. Бүлдүршін жылап немесе өзін жайсыз сезінбес үшін мультфильм қойып береміз. Барлығы балалардың қуанышы, денінің сау болуы үшін жасалған,  – дейді кардиоревматология бөлімнің меңгерушісі Шолпан Бауыржанқызы. 

Сағат – 12:00.

Қаламқас Бабанқызының бастауымен бөлімдерді бірінен соң бірін аралауға кірістік. Реанимация бөлімінде арнайы аппараттарда жатқан нәрестелерді көрдік. Олар үздіксіз бақылау үстінде екен. Себебі реанимация бөлімінде ауыр халдегі науқастар ем қабылдайды. Сол жердегі іс-құжаттармен таныстым. Ағылшын тілінде жазылыпты. Зер салып қарасам, аурухана дәрігерлері Германиядағы әріптестерімен бірге жұмыс жасап, тәжірибелерімен бөлеседі екен. Яғни, ауруханаға күрделі диагнозбен түсен науқастың жағдайы турасында хабар беріп, оны әрі қарай қалай емдеуге болатыны турасында пікір алмасады. 

Жер асты жолымен жүріп, лифтпен жоғары көтеріліп едік, асханаға тап болдық. Ақ халат киген аспазшылар түрлі тамақ әзірлеп жатыр екен. Мұнтаздай тап-таза, әуесің келеді.  Барлығы да санитарлық талаптарға сай секілді. 

Аурухананы аралап жүріп Қаламқас Бабанқызынан «соңғы уақытта нәрестелер қандай диагнозбен түседі?» деп сұрадым. Педиатрдың айтуынша бронх-өкпе аурулары көп екен. Тіпті жаңа туылған нәрестелер диетасын бұзған сәтте немесе суық тиген кезде бронх-ентікпесіне ұласып ауруханаға жиі түседі. Биыл 3 айлық нәрестелер бронх-ентікпесімен көп түсіпті. Олар арнайы аппарат арқылы тыныстапты. Сосын неврологиялық аурулар, салмақ жетіспеушілік өте жи кездесетін сырқат түрлері екен. Дәрігердің дерегіне сенсеек, экологияның нашарлауы, ата-ананың дәрігерге бірден көрінбей, дәріханаларға барып өз бетінше ем жүргізуі, табиғи өнімдерді пайдаланбаулары нәрестелердің түрлі ауруларға шалдығуларына себепкер болуда. 

Сағат – 13:25. 

Әшейінде емдеу мекемелеріне кіргенде мұрныңа дәрі-дәрмектің иісі келетін, ал балалар ауруханасында ондай емес. Бейне бір балабақшаның ішін аралап жүргендейсіз. Тек әрбір бөлімге кіргеніңізде үстеріне ақ халаттарын киіп отырған дәрігерлерге  қарап аурухана екені еске түседі. Жақсы ұйымдасқан жұмыс мерзімінде бұрап немесе батереясын ауыстыра қойсаң тықылдап жүріп кететін сағат тәрізді ме осы? Қандай қиын да, күрделі операциялардың жасалып жатқаны, сәт сайын өмір мен өлімнің арасындағы сан түрлі арпалыстың жүріп жатқаны еш сезілмейді. Тоқтаусыз жүрген механизмде абдырамай, болдыртпай, әркім өз орнын, өз жұмысын білікті атқаруымен ың-шыңсыз атқарылып, басты байлық – денсаулыққа қауіп төнгенде қатерден құтқаратын, ертеңгі күнге үміт жалғайтын қасиетті де қадірлі орынға айналып кеткендей. Өйткені мұнда адам өмірі жалғануда, үзілейін деп тұрған үміттің оты маздап, үрей арқалап жеткен жан үйіне дертіне қош айтып отбасына оралады. Үлкен қуаныш қой және жеке адам үшін орасан бақыт! 

Сағат – 14:00. 

«Лекарственный розлив» орталығында болдық. Яғни дәрі-дәрмектерді үнемдеу бөлімі. Мәселен,1 грамм пеницеллинді үш науқасқа бөліп салуға мүмкіндік береді. Барлығы стерильді санитарлық талапқа сай жасалады дейді мамандар. Бұл орталық та аурухананың бірден-бір еркшелігі. Себебі бұл жүйе көптеген ауруханаларда жоқ. 

Сағат – 15:00. 

Монтессори кабинеті.  «Монтессори технологиясы»  деген сөзді естіп жүрген боларсыз? Ол – Мария Монтессоридің бала тәрбиесі үшін жасаған әдісі. Бұл жүйе негізі баланың өз-өзін қамтамасыз ете алуына, еркіндігіне, психологиялық, физикалық, әлеуметтік кедергісіз дамуына, аяғынан тік тұрып кетиуіне ықпал етеді. 

Монтессори кабинеті баланың емін-еркін қозғалуына, ойының дамуына арналған арнайы құралдармен жабдықталған. 

Сағат – 16:00. 

Хирургия бөлімі. Хирургия бөлімінің меңгерушісі Тәжібай Әбдімомынұлы Қалдыбаевтың өңі шаршаулы көрінді. Оңай болып па, кіп-кішкентай, өмірдің тәтті дәмін татып үлгермеген балдырғандарға ота жасау, олардың ата-аналарының қиналысын күнбе күн көру, жүрегіңмен сезіну...  

– Дәрігердің күнделікті жұмысы өмір мен өлім арасындағы арпалыстан, тынбас тайталастан, күрделі күрестерден тұрады емес пе?! Сондайда егер медицина бұрынғы күйінде болса, ажалдың жеңісімен аяқталар сәттер көп болар ма еді... Хирургия бөлімінде жылына 1700-1800 бала емделеді. Соның ішінде 80 пайызына ота жасалады. Яғни жылына 1400-1500 балаға ота жасаймыз. Соңғы жетістігіміз оталар 80 пайыз лапороскопиялық әдіспен жасалады. Басқа отадан айырмашылығы – науқас тез оңалады және отаның уақыты едәуір қысқарады. Бұл әдіс кез-келген күрделі оталарды жасауға мүмкіндік береді, – дейді  хирургия бөлімінің  меңгерушісі. 

Айтпақшы, былтыр бұл юалалар ауруханасы қаладағы «Ең үздік аурухана» номинациясын жеңіп алған. Сонымен қатар, Ұлттық аккредитациядан өтіп бірнші категорияны иемденген. «Бұл өте жоғарғы көрсеткіш  аурухана қызметкерлерімен қатар денсаулық сақтау қызметінің де жемісі» дейді Қаламқас Бабанқызы.  

Сағат – 17:30. 

Күндізгі бөлімдегі дәрігерлер кешкі кезекшілікте жұмыс істейтін дәрігерлерге жаңа түскен науқастар турасында ақпарат беріп жатыр. Қазір бірер минутта түнде жұмыс істейтін дәрігерлер өз жұмысын жалғастыратын болады... 

Ауруханадаығы істердің барлығын жіпке тізгендей толық жазу мүмкін емес. Оған бір емес, бірнеше мақалалар топтамасын арнасаң да артық етпейтіндей. Ал мен әзірге осында өткізген бір жұмыс күнгі уақытта көз алдымда болып жатқан шеті, шегі жоқ ізгі істерге марқая дәрігерлерге жақсылық тілеп қош айтыстым!

Дана СҮЛЕЙМЕНОВА

Ағзаның жұмысын реттейтін тиімді әдістер
Бауыр мен бүйректі, көз бен тісті де өсіріп шығаруға болады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу