Ат үстінде серуендеу – мың бір дертке дауа

Oinet.kz 10-01-2020 1650

1339441460_004.jpg

Кезінде медицинада мүмкін емес жағдайлар бүгінде шындыққа айналып, айықпас дерттер емделіп, күрделі оталардың түр-түрі жасалуда. Дегенмен бұл саланың жамалар жыртығы әлі де көп. Соның ішінде әсіресе, еркелікке тоймай, асыр салып жүрер дәуренінде сал болып, аяқ-қолын қимылдатуға зар болып жүрген қаншама бүлдіршіндер бар әлемде. Өкінішке қарай балалардың церебралды салдығы (БЦС), аутизм, Даун синдромын емдеуде медицина қауқарсыз. 

Мұндай жағдайда перзентінің жазылып кетер деген үмітін арқалап, халық еміне жүгініп жатады. Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан халық емі ішінде қазақ жеті қазынаның біріне балаған жылқы жануарына көп арқа сүйеген. Мінсе көлік, сауса сусын, сойса азық, сырласса дос бола білген арғымақтың көптеген дертке шипа екені белгілі. Әсіресе, ат үстінде серуендеу – мың бір дертке дауа. Қазіргі таңда аталған халық емі ғылыми дәлелін тауып, әлем медицина енгізілген тәжірибе. Жылқымен емдеу тәсілі иппотерапия деп аталады. Жоғарыда аталған балалар арасында кездесетін сал ауруын жылқы терапиясымен емдеу бүгінде елімізде қарқын алып келеді. 

Халық саны және бала туу көрсеткіші жағынан озық тұратын Оңтүстік Қазақстан облысында өкінішке қарай мүгедек балалардың да саны көп. Ел іші қайырымды жандарға толы емес пе? Жарымжан балаларға көмек көрсетіп келе жатқан ұжымның бірі – Шымкенттегі Ұлттық спорт мектебі. Мектеп директоры Ғани Ахметбаевтың айтуынша ұжым төрт түліктің төресі арғымақпен емдеу ісін осындан он шақты жыл бұрын бастаған көрінеді. 

– Жас кезімнен ат үстінде жүргендіктен жылқының адам денсаулығына  пайдасының зор екенін жақсы білемін. Ел ішінде ұл-қызының денсаулығын үшін шырылдап жүрген ата-аналар көп. Олардың жағдайына куә болып жүргесін иппотерапия әдісін қолға алдық. Нұсқауды түсінетін, жуас жылқыларды дайындадық. Қазір екі орталықпен жұмыс істеудеміз. Олар аптасына екі-үш рет науқас балаларды ипподромға әкеліп, жылқыға мінгізеді. Ал жаттықтырушылар мен спортшыларымыз болса ем-шара кезінде балалардың басы-қасында жүріп, мамандарға көмектеседі. Атты жетектеп, балаға түрлі жаттығулар жасатады, – дейді мектеп директоры. 

Расында да БЦС-ға шалдыққан балаға ең керегі де осы – жаттығу. Сәйгүлік – табиғи тренажер. Аттың бір қалыпты жай жүрісінің өзінде оған мінген адамның денесінде 110 түрлі тербеліс туады екен. Дәрігер мамандардың айтуынша, жылқы бұлшық еттерінің қозғалысы массаж жасауға қабілетті көптеген элементтерден тұрады және ағзаны қоздырады. Өйткені, жылқы температурасы адамның дене қызуынан екі градусқа жоғары екен. Атқа отырған сәттен бастап тақымға берілетін жылу қан айналымының жылдамдығын арттырып, бойдағы тараған қан саусақтың ұшына дейін айналып шығады. Атпен желгенде құлап қалмай, дұрыс отыра білу үшін қимыл-қозғалысты бақылап, тепе-теңдікті сақтау қажет. Міне, осындай кезде тірек-қимыл жүйесінің қызметі бұзылған науқастың күнделікті өмірде қимылсыз қалған бұлшық еттері іске қосылады. Иппотерапия әсіресе жұлынға зақым келгенде, миға қан құйылғанда, жабық бас сүйек-ми жарақатын алғанда, мінез-құлық өзгеріске ұшырағанда, көңіл-күй төмендегенде, ұмытшақтық пайда болғанда, шорбуынға және тірек-қимыл аппараты қызметі бұзылғанда, бір сөзбен айтқанда, адамның жүйке жүйесіне қатысты ауруларды емдеуге қолданылады. Тіпті, есту қабілеті мен көздің көруі нашарлағанда да иппотерапияға сүйеніп, ем қабылдауға болады дейді мамандар. Қамбар ата түлігі әйелдердің гинекологиялық ауруларының, ерлерде қуық асты безінің қабынуының да алдын алады. 

Аталған спорт мектебіне ата-ана балаларын аптасына екі-үш мәрте алып келеді. Бұл жұмыстарды ұйымдастырып жүрген – «Жігер» орталығы.

– Орталықтың балаларды иппотерапиямен емдеп жүргеніне алты жылдай уақыт болды. Балалардың диагнозы ауыр болғандықтан, олардың емі де ұзаққа созылады. Дәрі-дәрмек, препарат ішуден шаршаған балаға жылқы жануары нағыз шипа әрі дос бола алады. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын сырқат бүлдіршіндердің көбісі атқа мінгеннен кейін жағдайлары анағұрлым жақсарады. Бүгінде балалар спорт мектебіне келуге асығып тұрады. Жылқымен достасып кеткендері сәбіз, қант секілді азықтарын әкеліп, тамақтандырып жатады. Жаздың күндері терапияны тоқтата тұруға тура келеді. Өйткені күн ыстықта онсызда дімкәс балалар әбіржіп кетеді, оның үстіне аттың да температурасы бар дегендей, – дейді «Жігер» орталығының әлеуметтік қызметкері Надира Құрбаналиева.

Терапияға қатысатын науқастарды атқа мінзігіп, жаттығулар жасататын мектептің жаттықтырушысы, спорт шебері – Шалқар Намазов. Жаттықтырушының айтуынша жылқы мен бала бірін-бірі жатырқамаса, емнің нәтижесі де жақсы болмақ. Сырқат балақайлардың арасында сәйгүлікті жатсынбайтындар көп. Солардың бірі – Даун синдромына шалдыққан Роман. 

– Ұлымның атқа мінгеніне жеті жыл болды. Оның алғаш рет жылқыға мінгені әлі есімде. Қатты қорыққаннан айғайлай берді. Ал екінші айналымда «тағы да мінгім келеді» деп сұранды. Иппотерапиядан кейін үйге көтеріңкі көңіл-күймен қайтамыз. Романның сырқатының емі жоқ. Сонда да үміт үзгіміз келмейді, – дейді Светлана.  

Ал Роза Нұрсейітованың 12 жасар ұлы Ерасылды осында әкелгеніне 3 жыл болыпты. Дәрігерлер Ерасылға дүние есігін ашқаннан БЦС диагнозын қойған. Кейіннен гидроцефалия деп өзгертіпті. Жылқы терапиясымен айналысқаннан бері Ерасылдың денсаулығы мен қатар мінез-құлқында да оң өзгерістер байқалыпты. Төсек тартып жатқан бала өздігінен жүруге көшкен. Баласы үшін шырылдап жүрген анасы Розаның спорт мектебі мен орталықтың мамандарына айтар алғысы шексіз. 

Кішкентай Асылзат та мұндағы жылқылармен достасып кетіпті. Анасы Гүлжанаттың айтуынша бұрын қызының аяқтарының арасы ашылмайтын. Арғымаққа мінгесін аяқтары қозғалып, жетектеуге келіп қалыпты. Ең бастысы Асылзат бойындағы қорқынышын жеңген. 

«Төрт аяқты дәрігердің» науқастарды «мүгедек» деген таңбадан айырғанына мысалдар жеткілікті. Халыққа пайдалы бастаманы қолға алған Ғани Молдабекұлы бізге ауруды жеңген батыр қыз жайлы әңгімелеп берді.  

– Мектебіміз алғаш ашылған жылдары жұмыс кабинетіме бір келіншек келді. Жанары жасқа толы. Өмірін баяндаған әйел бір ұл, бір қызы барын айтты. Тағдырдың жазуымен жол апаты кезінде ұлы қаза тауыпты, ал қызы ауыр жарақат алып, төсек таңып жатып қалған. Дәрігерлер кішкентай қызға қолдан келген барлық емді жасаған. Алайда оның жағдайы әлі нашар екен. Атқа мінудің бала денсаулығына оң әсер ететінін естіген ана осында келіпті. Әлгі қыз сондай нәп-нәзік, кіп-кішкентай. Содан ол атқа мінуді бастады. Бір-екі рет жылқы үстінде жүргесін қызығушылығы оянып, өмірге құштарлығы арта бастады. Жүре алмай келген қыз уақыт өте келе ат жарысына қатысты. Дәрігерлер денсаулығының жақсарғанын байқап,  спортына қатысуға рұқсатын берді. Мектепті де бітірді. Бір күні қайсар қыздың анасы келіп, тағы да көз жасына ерік берді. Әуелі Алла кейін біздің ұжымға алғыс айтқан келіншек қызының бір апта бұрын анализ тапсырғанын айтты. Сенесіздер ме, нәтижесі адам нанғысыз. Басында «адам болмайды» деген қыздан аурудың белгісі де жоқ болып шыққан. Бұл жайтқа сенбеген туыстары анализді қайта тапсырып көріпті. Қорытындысы тап-таза. Айтайын дегенім, ауру қыз атқа мініп толығымен айығып кетті деуден аулақпын. Бұл біріншіден дәрігерлердің ұзақ жылғы еңбегі болса, екіншіден жас қыздың ерік-жігері мен анасының сабырлығында, үшіншіден, әрине,  иппотерапияның арқасы. Қазір қайсар қыз Астанада білікті маман ретінде белгілі мекемеде қызмет істеуде. Сондықтан ат үстінде үздіксіз жүру, жаттығулармен айналысу ертелі кеш өзінің оң нәтижесін көрсетеді, – дейді ол. 

Дәрігерлер жылқы терапиясы эмоционалдық сипатқа ие дейді. Мәселен, өздігінен аяғын баса алмайтын бала, атқа мінгенде өз аяғымен жүргендей, психоэмоционалдық тұрғыдан әсер алады. Бала өзіне назар аударуды сезіне бастайды, ақырындап сөйлеуге тырысады. Мінез-құлқы да өзгеріп, көңіл-күйі көтеріледі, өз-өзіне деген сенімділігі артады. Атқа міну, жылқы жануарын бағындыру – жарымжан бала үшін үлкен жетістік.

– Бізге балалар түгілі дені сау үлкен кісілер де жиі келеді. Олар бір мезгіл атпен шауып, сергиді. «Проблемамды ұмытып, жаным рахаттанып қалды ғой» деп әсерлерін жеткізіп жатады, – дейді ипподром қожайыны. 

Келушілердің проблемасы азайғанымен иппотерапия саласында шешілмеген түйткілдер көп дейді мектеп директоры. 

– Біздің негізгі міндетіміз – жастарды спортқа баулу, спортшыларды тәрбиелеу. Ал иппотерапияны науқас балалар үшін қосымша жүргізіп келеміз. Шынын айтқанда кейде бұл біздің негізгі жұмысымызға кедергі келтіріп жатады. Бізге ат жетіспейді, бұған қарамастан бес-алты жылқымызды науқас балалардың игілігіне береміз. Кейде бір күнде елу, алпыс шақты балалар келеді. Олардың барлығын атқа отырғызуға тырысамыз. Екінші мәселе, науқастармен жұмыс істейтін арнайы мамандар жоқ. Қазір балаларды жылқылармен емдеп жүрген жеке орталықтың инструкторлары мен біздің жаттықтырушылар. Қазақта «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар ғой. Егер балалармен арнайы иппотерапевтер айналысса емнің нәтижесі әлдеқайда жоғары болар еді деген ойдамын, – дейді Ғ.Ахметбаев. 

Ұлттық спорт мектебінің ұжымы осы мәселені көтеріп, әкімдікке бірнеше ат пен мамандар қажет деген ұсыныстарын жолдаған көрінеді. Жақын арада шешілер деген үмітте. Ия, тегін терапияны есітіп, ипподромға науқас балаларын арқалап келіп жатқан тұрғындар көп. Республика бойынша былтыр жылдың «Ең үздік спорт ұйымы» атанған ұжым қызметкерлері келушілердің  барлығына көмек көрсетуге әрқашан әзір. 

Айнұр ОҢҒАРБАЕВА

Ауа райының адам денсаулығына әсері қандай?
Как быстро привести кожу в порядок после зимы минимальными усилиями?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу