«Ақылды ойыншық» баланың ой-өрісін дамыта ма әлде...
Жиырмасыншы ғасырдың балалары ағаштан жасалған ойыншықтармен өссе, бүгінгі күннің ұрпақтары материалы мен атынан жаңылысатын мың бір түрлі ойыншыққа «көмілген». Олардың ішінде ақпараттық технологияға негізделген «ақылды» ойыншықтар да жетерлік. Олар балаларға сөйлеуге, санауға, жазуға, ән айтуға үйретеді. Енді бірі логикалық сұрақтармен бүлдіршіндердің «миын ашытады».
Статистикалық мәліметке қарағанда ата-аналардың басым бөлігі электронды, ақылды ойыншықтардың пайдасына сеніп, сатып алады екен. Алайда психологтардың пікірі бұған қайшы. Мамандардың айтуынша «жансыз ұстаздардың» (үйретуші ойыншықтар) пайдасы мен қатар зияны да бар дейді. Пайдасы – бала әріп, сандардың таңбалануына көз үйретіп, айтуды үйренсе, зияны – баланың мұғалімдермен сөйлесуі қиындай түседі. Сабақта ойын айтуды немесе түсінбеген тақырыбын қайта сұраудан қорқатын болады. Себебі ақылды ойыншық балаға тек бір тақырыпты қайталаумен болады. Көзіне тіке қарап тұрмайтын «мұғалімсымақпен» бала қалағанынша «сөйлесе» алады. Яғни, мұнда тек бала мен ойыншықтың арасында қарым-қатынас орнайды. Ертеңгі күні жиырма-отыз оқушы мен тірі ұстаздың алдында баланың қысылып, еркін сөйлеу алмауы осыдан келіп шығады.
Бұл ретте психологтар ата-аналарға үйреткіш ойыншыққа баланы тым сеніп тапсырмауға кеңес береді. Өзіңіз ұстаздың рөліне еніп, ал әлгі ойыншықты тек көмекші құрал ретінде пайдаланып, балаңыздың сауатын ашуыңызға болады. Көзбе-көз, жанды қарым-қатынасқа не жетсін. Мамандар сауат ашу ойыншықтарын сатып аларда баланың жасына ерекше мән беру керек дейді. Мұндай ойыншықтар бес жастан асқан балаларға тән. Одан кіші баланың миына «электронды ұстаздар» салмақ түсіретін көрінеді.
Жақында Солтүстік Аризона университетінің ғалымдары мынадай қорытындыға келді. Сөйлейтін, жүретін, әуен және басқа да дыбыстар шығаратын электронды ойыншықтар балалардың сөйлеу қабілетінінің дамуын тежейді. Оқу орнының оқымыстылары 10 ай мен 16 ай арасындағы балалары бар 26 отбасыны 3 топқа бөліп, тәжірибеге қатыстырған. Әр отбасының балаларына әртүрлі ойыншықтар берген. Бір топқа сөйлейтін ойыншықтар мен мобильді телефон, екінші топқа ағаш пазлдар, кубиктер мен суреттер берген. Ал үшінші топтағы отбасылар жануарлар, түрлі фигрулар мен гүлдердің суреті бар кітапшалар берілген.
Сол кезде дәл бірінші топтағы балалардың сөйлеуі баяу дамығанын байқаған. Дәстүрлі ойыншықтарға қарағанда электронды ойыншықтар балалардың тілінің дамуына жақсы әсер ететіні өтірік болып шықты. Өйткені мұнда ойыншықтармен ойнайтын балалардың ата-аналары олармен аз сөйлеседі және баланың өзі де сөйлейтін ойыншыққа сөйлеуді артық деп табатын көрінеді. Ал кітап алған отбасыларда ата-аналар кітапты балаға оқып беріп, ата-ана мен бала арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Басқа да дәстүрлі ойыншықтармен ойнаған балалардың тілі ерте дамыған.
Перзентіңіздің ой-өрісі толық дамып, өзіне жауапкершілікпен қарағанға дейін оның қандай ойыншық ойнап, қандай ас ішкені өте маңызды. Балаңызбен көп уақытты бірге өткізіңіз, жиі сөйлесіңіз, оның ойындарына араласыңыз. Ойыншықтың түрі көп екен деп баланың қалағанын алып беруге болмайды. Кез-келген үлкен, кішкентай болсын ойыншықтың ең бастысы экологиялық сапасына назар аударғаныңыз абзал. Себебі ойыншықтың сапасының артында сіздің баланыңыздың денсаулығы тұр. Екіншіден ұл-қызыңыздың жасына сай ойыншық таңдаңыз және психологтардың берер ең маңызды кеңесі баланы электронды дүниеге жолата бермеңіз.
Ресейдің балалар психологтары ата-аналарға көмек ретінде балаға ең пайдалы, денсаулығына зиянсыз ойыншықтардың рейтингісін жасап шығарыпты. Ендеше, көрші елдің мамандарының таңдауына назар аударайық!
0 -ден 12 айлық сәбилерге:
1. Сылдырмақтар – сәбидің көру, есту және қозғалысты қабылдау қабілетін арттырады.
2. Кереует немесе коляскаға асып қоятын ілгек ойыншықтар – нәрестенің көз бұлшық еттерін жаттықтырады және ашық, жарық түстерге көзін үйретеді.
3. Теңселгіш (Большая неваляшка) – сүйкімді қыздың бейнесі бейленген бұл ойыншық баланы алдаусыратуға таптырмас құрал. Сыңғырлаған жағымды үні баланың назарын өзіне аудартады.
1 жастан 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндер үшін:
1. Пирамида – өзін, қоршаған ортаны танып біле бастаған балақайлар үшін классикалық, дәстүрлі ойыншық пішін мен түстерді ажыратуға арналған.
2. Кубиктер – қарапайым болса да баланы құрылысқа үйрететін бірден-бір ойыншық.
3. Транспорттық ойыншықтар (ұлдар үшін) – моториканы дамытып, физикалық белсенділікті арттырады.
4. Қуыршақтар (қыздар үшін) – тілі енді ғана былдырлап шығып келе жатқан қыздың қуыршақ ойнап отырғаны қандай жарасымды. Қуыршақтар қыз баланы адамдармен тіл табысуға, тазалыққа баулиды екен. Мәселен балақай қуыршақтың шашын тарау оны киіндіру, жуындыру арқылы гигиена мектебінің алғашқы іргетасын қалайды.
3 пен 7 жас аралығындағы балалар үшін:
1. Конструктор. Детальдарды бір-бірімен құрастыру – мектепке дайындық деген сөз. Құрастырмалы ойыншықтар ес біліп қалған балаға эксперимент жасауға, қиялын дамытуға шабыт береді.
2. Бірнеше балаға арналған ойыншықтар – кішкентайларды адамдармен еркін сөйлесуге, шешім қабылдауға, жарысуға және өзгелермен ақылдасуға үйретеді.
3. Бейнелі ойыншықтар – жануарлар кейпіндегі ойыншықтар баланы фауна әлемінен көбірек ақпараталуына жәрдемдеседі.
4. Пазлдар – баланың есте сақтау қабілетін арттырып, зеректігін қалыптастырады. Сондай-ақ әртүрлі ертегі кейіпкерлерімен таныса алады.
7 мен 10 жастың арасындағы оқушылар үшін:
1.Персонаждар. Әртүрлі ертегі кейіпкерлер жинағы баланы өздігінен ойын құрастыруға жетелейді. Мәселен, кейіпкердің бірін өзім деп алып оны сөйлетеді, ойын ойнатқызады. Бір сөзбен айтқанда ойыншықты басқарады. Бұл оның қиялын ұштап, сөйлем құрастыра білуіне сеп болады.
2 . Жұп ойыншықтар – (шашка, шахмат, теннис) баланың нағыз өзін көрсетуге жәрдемдесетін құралдар. Мәселен, шахмат ойыны кезінде жас ойыншы өзгенің көмегінсіз жоспар құрып, ойын жинақтайды, жеңіске ұмтылысын еселейді.