Маскүнемдік дерт пе?

Oinet.kz 01-01-2020 1582

Screenshot_18.jpg

Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы нашақорлық, психиатрия және психотерапияның республикалық ғылыми тәжірибелік орталығының мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі күні еліміздегі нашақорлықты емдеу ұйымдарының диспансерлік және кеңестік есебінде 245 мың 716 адам тіркеуде тұр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша спиртті ішімдіктің кесірінен жыл сайын 2,3 миллион адам көз жұмады. Қазақстанда жыл сайын тіркелетін кісі өлімінің 11 пайызы ішімдіктің салдарынан орын алуда. 

Сарапшылардың елегінен өткен статистикаға сенсек, өлімге бастап апарар аурулардың үшінші кезегінде маскүнемдік тұр. Адамдардың өмірлерімен қош айтысуына жүрек-қан тамырлары аурулары ең көп себепкер болатын болса, екіншісі дауасы толық табылмаған қатерлі дерт – рак екені белгілі. Демек, маскүнемдік біз елеп-ескермегенімізбен, ұлт денсаулығына, ұлттың сапасына әсер ететін басты факторлардың бірі болып саналады екен. Сондықтан да, бұл жеке адамның емес, тұтас қоғамның азғындап-азуына алып келетін ауру болғаны. 

Жалпы, ішімдіктің жекелей адамға ғана емес, тұтас ұлт тағдырына әсер ететін жағдайын тарихтың өзі дәлелдеп қоймап па еді? Еуропа басқыншылары Американы басып алуды армандаған алғашқы кездерде, ол құрлықты миллиондаған үндістер мекендеген болатын. Үндістер – физикалық тұрғыдан мықты, рухы биік халық болғаны әмбеге аян. Мәдениеті көне дәуірден тамыр тартқан, өзіндік өркениеті бар, адамзат тарихында ойып тұрып орын ала алатын мығым, ірі ұлт. Ондай орныққан ұлтты қарумен қорқытып, мылтықпен жоя алмайсың. Ал Еуропа басқыншыларына жаңа мемлекет орнату үшін жер керек. Ол жерді үндістер мекендейді. Демек, қарудан қорықпайтын елді жоюдың өзге жолы болуы тиіс. Сөйтіп үдістердің отанына ішімдік келе бастады. Жылдар өте, үндістердің еркегі де, әйелі де жапай ішкілікке бой алдырды. Екі буын ауысып еді, үнділердің тегі құрып бітті. Тек сыртқы тұрпатын ғана сақтаған, терең тамырынан, тегінен ажыраған ұрпақты бағындыру, өз дегеніңе көндіру өте оңай. Солай болды да. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1980 жылдары КСРО-да 40 млн. маскүнем болған деген ақпарат таратқан. Бұл сол кездегі алып империяның әрбір жетінші тұрғыны ішкілікке салынып кеткен дегенді білдіреді. Педагогикалық ғылымдар академиясы 1980 жылардың алғашқы жартысында КСРО-да туған балалардың 3,5%-нда физикалық және психологиялық дамуында ауытқу бар деп дабыл қаққан. 

Жүйке-неврологиялық және басқа да инфекциялық аурулардың өршуіне әкеп соқтыратын, бауыр циррозы, қатерлі ісіктің түрлері мен мезгілсіз және ерте өлімнің негізгі себебі болып саналатын «ащы судың» өсер ұрпақ үшін  зор зияны бар екені ежелден белгілі болған. Ерте ғасырдағы Рим заңдарында алкоголь ішімдіктерін 30 жасқа толмаған жастарға ішуге рұқсат бермеген. Көне Грекияда да 18 жасқа дейінгілерге спиртті өнімдерді тұтынуға тосқауыл қойған. Франция елінде арақ ішкіш ата-аналардан туған әлсіз балаларға арналған «жексенбі күнгі балалар» немесе «көңілді кештің баласы» деген кекесінді атау бар. 1915 жылы Пироговтық съезде орыстың атақты дәрігерлері «Арақтың адам денесінде зиянды әсер етпейтін мүшесі жоқ, ол барлық ағзадағы нүктелерге дейін улы әсерін тигізеді» деген пікірге тоқтаған. 

Қазір ше? Шығыс Еуропаның кейбір елдерінде әрбір үшінді жас азамат ішімдіктің кесірінен қыршынан қиылу қаупі бар. 4 миллионнан аса халқы бар Ирландия ішімдікпен күреске жылына миллиард доллар жұмсайды. Жапон елінде маскүнемдікпен күрес үшін жыл сайын мелекет қазынасынан 6 триллион иен (55 миллиард доллар) бөледі. Америка халқының 8 пайызға жуығы маскүнемдік дертіне шалдыққан деседі ресми деректер. Мұндай қиын статистикада Қазақстан азаматтарының алар үлесі де қомақты екені баршаға белгілі. 

Ішкіштік кеселге тап болған маскүнем ата-аналардан туған балалардың денсаулықтарында зор кінәраттардың болатынын  көптеген дәрігерлер өз зерттеулерінде дәлелдеп келеді.  Мысалы, француз дәрігері  Доньсе 10 маскүнемдікке салынған отбасының 57 сәбиіне зерттеу жүргізгенде, олардың 25-і қызыл шақа кездерінде шетінеп кеткен, 5 бала тырысқақ ауруымен ауырады екен. Тағы бесеуінде ауыр ми ісіктері кездессе, 12 баланың он екі мүшесінде кемістік байқалғаны дәлелденген.

Иә, маскүнемдіктің қасіретін балалар осылай тартады. Ақымақ, жынды, есерсоқ, әңгүдіктер осылай өмірге келеді. Бұл маскүнемдердің ғана емес, арақ ішіп, темекі шеккенді ұнататын кез-келгенннің басына туатын күн десе де болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының келтірген мәліметтеріне сенсек, о дүниеге аттанған әрбір үшінші адам ішімдіктің құрбаны екен. Ішімдік бұл күні түрлі жолмен адам жанын алуда: ішіп алып қылмыс жасау, яғни кісі өлтіру; ішімдіктің әсерінен жол ережесін сақтамау; мас кезінде өзіне-өзі қол жұмсау; бауырдың іруі; ішімдіктің әсерінен орын алған жүрек-тамыр аурулары... т.с.с. Ішімдіктің ми клеткаларының жұмысын жойып, соның арқасында интелектіні төмендететіні де белгілі. Бүгінде әлемдегі ажырасулардың басты себепші де – ішімдік. Шаңырағы шайқалған отбасылардың 70 пайызы осылай дейді. Францияның денсаулық сақтау министрлігі ішімдіктің тікелей және жанама әсер етуінен жылына 50 мың француз көз жұмады дейді. 

20 ғасырдың басында әр жүз адам маскүнем болса, оның тек біреуі ғана әйел баласы деп көрсетілетін еді. Ал қазір маскүнем әйел мен ер-азаматтың арасалмағы теңесті. Бұл жағдайда ең көп жапа шегетін балалар десе де болады. Бұл маскүнемдік – ұрпақтан ұрпаққа ген арқылы беріледі деген сөз емес, үлкеннен үлгі алған бала ата-анасының істегенін қайталаудан шығатынын білдіргіміз келген. 

Демек, біз әлеуметтік-психологиялық дерт деп санағанымызбен, маскүнемдік – медицина мамандарының араласуын қажет ететін ауру түрі. Маскүнемдік те емдеуді, емдеу кезеңінде дәрігерлердің ұдайы қадағалауын, дәрігерлік тексерудің тұрақты жүруін қажет ететін ауру. Бұл жайында дәрігерлердің өздері не дейді? 


Шолпан ШАЙЫМОВА,

Алматы қалалық наркологиялық медициналық-әлеуметтік түзету орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

Емдеу – тегін

– Ішкілікке салынған науқастар Алматы қалалық наркологиялық медициналық-әлеуметтік түзету орталығына қандай жағдайда келіп түседі?

– Әдетте, жедел-жәрдем көлігімен түседі. Екінші жағдайда туған-туыстары алып келе алады. Маскүнемдікке немесе нашақорлыққа ұшыраған науқас жолдамамен жоспарлы түрде, емханада жатып емделеді немесе амбулаториялық жағдайда көмек көрсетіледі. Шұғыл медициналық көмек қажет болғанда да, науқасқа бірден ем-шараларын жүргіземіз. Иә, орталыққа өз бетімен, ерікті түрде емделуге келетіндер де бар. Оларды да қабылдаймыз. Өзге медициналық ұйымдардан бізге ауыстырылатын науқастар да біздің орталықта емделе алады.

– Науқастарды қандай әдіс-тәсілдермен емдейді?

–  Жоғары маманданған, арнайы кәсіби дәрігерлер бар. Олар тіркеуге алған жағдайда ем-шараларды ақысыз жүргізеді. Өз саласының мықты мамандары детоксикация, медикаментозды коррекция, сауықтыру (реабилитациялық) емдеу шараларын жүргізеді. 


Мира РАТАЙҚЫЗЫ,

Алматы қалалық №3 аурухананың бөлім меңгерушісі:

Ішімдіктің зардабы бір адаммен шектелмейді 

Маскүнемдік – өз алдына ауру емес, бірақ бара-бара түрлі ұсақ мүгедектік пен қатерлі ауруларды туғызатын қауіпті дерт. Маскүнемдік ең алдымен орталық нерв жүйесін улайды. Араққұмарлардың жасына жетпей ақыл-ойдан алжаса бастауы, ұмытшақ болуы, ұйқыларының бұзылуы, қолдарының қалтырауы, адамгершіліктен жұрдай болуы – осының салдарынан. Ішімдіктің әсерінен адамның ықыласы кеміп, байқампаздығы тежеледі, қимыл-әрекеті бұзылып, мінез-құлқында әдепсіздік, желікпелік, дөрекілік пайда болады. Арақ асқазан жолының кілегейлі қабықшасын зақымдап, қарында, ұлтабар ұшында уытты жара, гастриттің тууына әкеліп соғады. Миға сіңген спирт жүйке клеткаларын уландырады, одан ойлау қабілеті бұзылады. 

Маскүнемдік асқазанның тамақ қорыту қабілетін нашарлатып, ас қорыту процесіне пайдалы сөлдердің бөлінуін тежейді. Адамның асқа деген тәбетін төмендетеді, әр түрлі қауіпті ауруларға ұрындырады (церроз, созылмалы бауыр ауруы, өкпе эсземасы, стенокардия, полиневрит, тағы басқалар). Орыстың ұлы физиологы И.Павлов 20-30 г. арақ немесе бір саптыаяқ сыра 10-40 минут ішінде адамның ойлау қабілетін 16-17 пайыз төмендететінін дәлелдеген болатын. Үнемі ішімдікке салыну ұрпақтың денсаулығына да зиянын тигізеді. Нәресте шала тууы немесе ақыл-ойы кем болып тууы мүмкін. Алкогольдің зиянды зардаптары әйелдерге ерекше байқалады. Маскүнемдікке шалдыққандардың 60-70 пайызының балалары алкогольге бейім болып туады. 

Алкоголь ішімдігін үздіксіз пайдаланатын адамның денсаулығы да күннен күнге нашарлай түседі. Себебі, арақ ағзаны тұтасымен улайды. Зерттеулерге жүгінсек, дүние жүзінде болып жатқан қылмыстарға алкогольдің әсері орасан. Медицина да  арақтың зиян екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп келеді. Ішімдіктің ең қатерлісі – әйел мен еркек бойындағы ұрыққа зиянды әсер. 

Денеде жүгірген қанның даусын қалай естуге болады?
Дерматомикоз жұқпалы дерт
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу