Адам неге түшкіреді?
Адам организміндегі бірде-бір функция бекер орындалмайды. Есінеу, ықылық ату, түшкіру – бір қарағанда адамға керексіз әрі әдепсіз іс-әрекеттер болып көрінгенімен олардың да өз атқаратын қызметтері бар. Мәселен бір-бірімізге саулық тілететін түшкірудің ағзамызға пайдасы мол екен. Ендеше, қарапайым әрекеттің қарапайым ережелерін сөз етейік.
Біз неге түшкіреміз?
Адам ағзасы бөтен затты қабылдай бермейді. Сондықтан оны сыртқа шығаруға тырысады. Мәселен организмге түскен микроп пен бактериялар сыртқа дәл осы түшкіру кезінде шығады. Демек, түшкіру бізді түрлі микроптардан қорғайды. Біле білсеңіздер, бір түшкіргенде ағзадан миллиондаған микроптардан құралған он мыңға жуық микроскоптикалық тамшылар ұшып шығады.
Дұрыс түшкіріп үйренейік
Түшкірудің өз міндеті болғандықтан оны дұрыс орындау маңызды. Адам түшкірген кезде дем шығаратын бұлшықеттер жиырылып, өкпедегі ауа күшпен мұрын арқылы әсер еткен затты сыртқа шығарады. Түшкірудің алғашқы ережесі – процесс кезінде ешқашан аузыңызды алақаныңызбен жаппаңыз. Өйткені сыртқа шыққан микроптардың барлығы алақаныңызға қонады. Ал сіз қолыңызбен бір минуттың ішінде бірнеше жерді ұстап үлгересіз. Сол себепті дәрігерлер түшкіргенде бір реттік қағаз сүлгілерді қолдануды ұсынады. Түшкіргеннен кейін оларды қоқысқа лақтырыңыз. Абзалы – түшкіргеннен кейін сақтық үшін қолды жуу. Екінші ережесі – келіп тұрған түшкіруді тежей көрмеңіз. Ағзаның артық заттардан құтылуына бөгет жасамаңыз. Үшінші ережесі – түшкіру кезінде мұрныңызды қыспаңыз. Дем алатын мүшедегі шырышты қабықтарда да микроптар мен бактериялар болады. Егер мұрныңызды жауып қалатын болсаңыз, олар сыртқа шықпайды. Мұрын, құлақ, тамақтың бір-бірімен тығыз байланыста екенін ұмытпаңыз.