Сіз кімсіз медициналық ерікті?

Oinet.kz 09-01-2020 1274

Ерікті десе, бірдей киінген топ ойымызға оралады. Олардың нақты қандай қызмет атқаратынын біріміз білсек, екіншіміз білмейміз. Қайырымдылық шараларда, түрлі жиындарда еріктілер атқаратын қызмет түрлері  таныс. Әлеуметтік қызмет  яки экологиялық апаттарда құтқарушыларға көмек көрсетуші топтың образы қалыптасқан. Ал, әр сәті жауапкершілікпен үндес медицинада «ерікті» ұғымы қандай ауқымда?

1YvryfQRh4nI.jpg

Медициналық ерікті- емдеу ісінде көмекші қызметін атқаратын тұлға. Ерікті болу үшін арнаулы оқу орнында оқу қажет емес. Емдеу орындарындағы тазалық, анализ нәтижелерін тиісті орынға жеткізу, құжаттық мәліметтерді базаға енгізу  немесе қан тапсыру орталықтарына тұрақты қолдау білдіру- еріктіге тән іс. Қарбалас әрі өмір мен өлімнің арасындағы елшідей дәрігерлерге ақысыз көмек көрсету ешкімге қызық болмас деп ойладым.  Әрине, жалпы медицина мамандығында оқитын студенттер үйрену үшін ерікті болар, бірақ ел азаматтары ше? «Анау дұрыс емес, мынау дұрыс емес» деп шағым айтушы ағайыннан «Дұрыстайықшы!» деп  біреудің шығуы қиын.  Біздің кейіпкеріміз Арман Қасымов жедел жәрдемде 11 жыл ерікті қызметін атқарған.  Санитарлық қызмет атқарған жігіттің оқиғасын баяндасақ.

                           Қоғамға Арман керек...

Арман Қасымов.png

Арман Қасымовтың негізгі мамандығы - қаржыгер. Ол мұнай саласында вахталық әдіспен жұмыс істейді: бір ай қызметте болса, бір ай демалыста. Бірақ, 2008 жылдан бастап қазақстандық жігіт демалысқа арналған әрбір айын жедел жәрдемде ерікті болып жұмыс істеуге арнайды. Арманның әжесі ауырып жедел жәрдем қызметіне жүгінуге тура келеді. Бірақ «жедел жәрдем» қызметкерлері  бақандай 3 сағат  күттіреді. Ашуға ерік берген Арман  жергілікті 103 бекетіне барып, себебін анықтамақ болады. Сөйтсе, жедел жәрдем қызметкерлері де, техника да тапшы болып шығады. «Халқыма қайтсем пайдалы боламын?» деген ойды пафос ретінде қабылдамаған жігіт мақсат қояды. Ертеңіне арнайы уақыт бөліп бас дәрігердің қабылдауына кіреді. "Мен бас дәрігерге жедел жәрдемшілер істейтін дүниелерді жасай алатынымды айттым. Жуып, тазалап, бірнәрсені жинағанда тұрған не бар? «Бәрін бос уақытымда өзім жасаймын» дегенімде  ол жалақының болмайтынын айтты. Ал мен  ақшаның керек еместігін, өз жалақымның бар екенін, бір ай жұмыс істеп, бір ай демалатынымды түсіндірдім. Менің ҰҚК өкілі емес екенімді түсінген дәрігер келісімін берді", - дейді ерікті  сұхбаттарында.  Жедел жәрдем көлігі түрлі науқастарды ауруханаға жеткізетіндіктен жиі былғанады. Ал көлік аса тазалықты қажет етеді. Арман еш комплекссіз жедел жәрдемде санитарлық қызметті атқарады.  Дәрігер сырқаттың тәнін емдесе, Арман психологиялық көмек көрсетіп жанын емдейді. Бекеттегі фельдшерлердің бәрі Арманмен бірге шақыруға барғанды қалайды. Атырауда ұлты бөлек болса да, медициналық еріктінің құрметіне Арман аталған бүлдіршіндер көп.

                          «Жабық тақырыпты» мінберге шығарады

   Медициналық еріктілер ауру жайлы ақпаратты халыққа жеткізуші алтын көпір бола алады.  Ұяттан қаланған қабырғасы биік қазақ қоғамы үшін «жабық тақырыптар» өте көп. Біздің тәрбиеміздің әсерінен ішкі цензурамыз ашық айтуға жар бермейтін дүниелер тіршілікте кедергі келтіреді. «Ауруын жасырған өледі» десек те, кей науқастар ауруын дыбыстап айтуға жүрексінеді. Жыныстық жолмен берілетін аурулар, отбасын жоспарлау біз үшін тырнақша ішіндегі ұят. Медициналық еріктілер бұл тақырыптарда  халықпен еркін диалог құруға ұмтылады. Ойы азат адамның бойы -сырқаттан азат екенін ұқтыру үшін күш салады.  Еріктілер семинар-тренингтер ұйымдастыру арқылы халықтың сырқат жайлы түсінігін қалыптастырады.  Екпе салдыру арқылы ауруға қарсы иммунитетімізді қалыптастырсақ, ауруды білу арқылы психологиялық иммунитетімізді дайындаймыз.

                         Өзгеге өмір сыйла!

Джеймс Харрисон.jpg

Адамға өмір сыйлаушы картинасы  «ана» образымен қаныққан. Бірақ  жасы 18-ге толған әрбір адам екінші бір адамға өмір сыйлай алады.  Донорлықтың кең тараған типажы-қан тапсыру. Қарапайым болғанымен елімізде қан тапсырушы донорлар аз. Салмағы 50 келіден асатын 18 жасқа толған азаматтардың барлығы донар бола алады. Тек ашық және уақытша қарсы көрсетілімдер болмауы керек.

Австралиялық Джеймс Харрисон 2 миллион бөбекке «өмір сыйлаған». Қария 61 жылда әр 2 апта сайын қан тапсырған.  Джеймсің айтуынша, адамның қаны-өте құнды. «Алтын қанды адам» атанған ол өзінің кеудесіне қан тапсыру арқылы рақат сезім орнайтынын жеткізген . Алғаш 14 жасында операция кезінде көп қан жоғалтқан Джеймс донарлық қан арқылы тірі қалған екен. Бір сәт ойланыңызшы, артерия мен вена тамырыңыздағы қан өзге адамның өмірін  сақтап қала алады. Ракурсты кері бұрсақ, сіз де оқыс жайтқа тап келсеңіз,  мүлде бейтаныс адам  өміріңізді құтқаруға сеп болады.

                          Өмір-өліммен дос болу

Андрей Павленко.jpg

Андрей Павленко-Ресейдің үздік онколог-хирургтарының бірі. Біршама уақыт бұрын ол асқазан обырының агрессивті түрімен ауырғанын біліп, "Такие дела" басылымымен бірге аурудың ағымы туралы сайтты іске қосты. Эндрю  жобасының қанша уақытқа созылатынын білмеді. Медициналық көмек жүйесін өзгерту үшін барлық мүмкіндіктерді жасап көруге бекінді. Ауру қалай анықталды, жақындары қалай қабылдады, қалған өміріне сырқат қалай жоспар құра алатындығын оқырмандарға жеткізуге тырысты.  Ол медициналық ерікті ретінде елдің обыр туралы танымын кеңейтті. Сіздің жақыныңыз сырқат болған жағдайда қалай көмек көрсетеріңізді білмесеңіз, Андрейдің жазбаларын оқысаңыз болады.

Обырға шалдыққанын білген адам не істеуі керек? Көп науқастың жауабы «Ештеме!» бұл пікірдің соңы-өліммен аяқталады. Шарасыз адамды көрсең, жігерің күйрей түседі. Күресуді таңдайтындар ем алады. Әрі аурудың әр сатысына жоспарлар құра бастайды. Екінші типтегі адамдарда тірі қалуға мүмкіндік көп. Андрей Павленко: «Мен дертім жайлы білген соң, екі күн өткізіп жоспар құрдым» ,- дейді. Оның жоспары 4 сатыдан тұрған:

1.   Қызметтік жоспар. 

2.     Өзгелерге пайдалы өмір сүру.

3.    Жақындарға жағымды сәт сыйлау.

 4.    Өмір үшін күресті тоқтатпау керек! 

Андрей  5 қаңтарда көз жұмды. Ол өзінің науқас меңдеген ағзасын өзгерте алмаса да, адамдардың обырға шалдыққан науқаспен  қатынасы жайлы түсінік қалыптастыра білді. Мыңдаған емделушілерге көмек қолын созды. Миллиондарға үміт сыйлады. Ақын Асылзат Арыстанбек айтқандай : "Өмір-өліммен дос болу". Өліммен қастасқанда емес, достасқанда ғана мән сезіну патенциалымыз артады.

P.S.  Медициналық ерікті-альтуристік бағыттағы, өзгелерге жылу сыйлау арқылы жаны жай табатын тұлға. Кешіккен жедел жәрдемге кейістік білдіру, емханадағы ұзын сонар кезекте отандық медицинаға сын айту- оңай. Қиыны-дәрігерлердің жанын ұғу. Мүмкін сіз де ақшамен емес алғыспен бағаланатын медициналық ерікті болып көрерсіз?!

Суреттер ашық дереккөзден алынды

Ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу жолдары
Рак – не приговор
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу