Хирург және ұйқы дефициті

Oinet.kz 14-12-2019 1664

Канадалық ғалымдар жуырда арнайы жүргізілген зерттеудің нәтижелерімен бөлісіп, жұртшылықты таңқалдырды. Олардың пайымдауынша, хирургтың түнімен ұйықтамауы оның ертеңгі күнгі жұмысының сапасына ешқандай да нұқсан келтірмейді екен.  Бұған дейінгі зерттеулерге сәйкес ұйқысы қанбаған дәрігердің қателіктерге бой алдыру қаупі үш есе арта түседі деген түсінік қалыптасқан. Зерттеулерді былай қойғанда, қарапайым логиканың өзі осыны растайтын. Алайда...

Screenshot_32.jpg

Канадалық ғалымдар 147 ауруханада жұмыс істейтін 1448 хирургтың қызметін талдаудан өткізіп, 5 жылда жасалған 39 мыңға жуық операцияның нәтижелерін саралады. Анықталғаны, ұйқысы қанған дәрігерлер жүргізген операциялардың барысында пациенттерде асқынулардың даму қаупі ұйқысы қанбаған мамандардың көрсеткіштерімен шамалас болып шықты. Дәлірегі, мұндай көрсеткіш сәйкесінше 22,4 пайыз және 22,2 пайызды құраған. Ал өлім және қайта госпитальдау қатері көрсеткіштерінің де айырмашылығы болмады. 

Зерттеушілердің бірі Нэнси Бакстер мұндай таңқаларлық нәтижені хирургтердің мықтылығымен түсіндіреді. «Хирургтар – физикалық және моральдық тұрғыдан тұрақты адамдар, сондықтан ұйқысы қанбаған жағдайда да жұмыс сапасының нашарлауына жол бермейді.  Жалпы, операцияның алдында пациенттерге хирургтың түнімен ұйықтамағанын айтудың қажеті жоқ деп есептеймін», дейді Н.Бакстер.

Бұл зерттеудің нәтижелері бүкіл әлем бойынша үлкен қызығушылық тудырды. Бұған әсіресе емдеу мекемелерінің басшылары қатты қуаныпты. Осы зерттеуге сүйене отырып, олар дәрігерлерді шағымдана бермеуге, ал пациенттерді ұйқысы қанбаған дәрігерлерден қорықпауға шақырды. 

Есесіне хирургтердің өздері мұндай тұжырымға үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Дәрігерлер еңбек гигиенасы ережелерінің қатаң түрде сақталу қажеттігін алға тартуда. Пікір білдірген хирургтер ұйқының қанбауының салдарынан талай рет қауіпті дәрігерлік қателіктерді жіберуге сәл-ақ қалғандарын айтады. Медиктердің айтуынша, соңғы жылдарда әлемдегі үрдіске сәйкес кәсіби көлік жүргізушілері, авиадиспетчерлер мен пилоттардың еңбек жағдайлары айтарлықтай жеңілдегенімен, медициналық персонал үшін мұндай жағдай жасалмай отыр.   

Жалпы, ұйқының қанбауы адамның жұмыс қабілетіне қалай әсер ететініне кеңірек тоқталайық. Шынында да, бір түн ұйықтамау адамның психомоторлық функцияларының күрт өзгеруіне әсер етпейтінін арнайы зерттеулер дәлелдеген. Мұндайда тек бірсарынды жұмыс иелерінде бірқатар проблема байқалады. Мұндай мамандықтардың қатарына жүйелерді бақылайтын операторлар, алысқа қатынайтын жүргізушілер жатады. Хирургтың жұмысын бірсарынды деп айтуға келмейді, себебі операция жүргізудің күрделілігі мен жауапкершілігі ағзаның резервті мүмкіндіктерін  шоғырландырып, маңызды міндеттерді орындауға жұмылдыра түседі.   

Әйткенмен, бұл бір түн ұйықтамаудағы жағдай. Ал түнгі кезекшілікке байланысты ұйқының қанбауы - медиктер арасында жиі орын алатын жағдай.  Жылдар бойы осындай режимде жұмыс істеу адамға қалай әсер етеді? 

Кейде кадрлар тапшылығына байланысты хирургтың айына 10-15 түнгі ауысымда жұмыс істеуіне тура келеді. Әлбетте, бұл жиі қайталанып тұратын жағдайда адамның еңбекке қабілеттілігі төмендей береді. Екі тәулік бойы ұйықтамаған дәрігердің де жұмыс сапасы анағұрлым нашарлайды. Бұған көптеген елдерде жол бермеуге тырысады. Мәселен, Нью-Йорк қаласында заң жүзінде резидент-хирургтардың аптасына 100 сағаттан астам жұмыс істеуіне тыйым салынды. Яғни, күніне 14 сағаттан артық жұмыс істеуге болмайды. Бұған хирургтардың операциялық үстелде қолына скальпель ұстаған күйі ұйықтап кеткен жайттары әсер еткен.

Ұйқы дефициті 24 сағатқа жеткенде, яғни, қалыпты 8 сағаттық ұйқыға үйренген адам үш түн бойы ұйықтамаса, ол қандай да әрекетке қабілетсіз болып қалады. Жұмыс жасамақ түгілі тамақтану немесе әңгімелесу кезінде-ақ ұйқыға кетіп қалады.  

Ұйқыны қандырмау – кейбір адамдар өмірінің бір бөлігіне айналып кеткені де рас. Жылдар бойы дұрыстап ұйықтамай жұмыс істеп жүрген дәрігерлердің уақыт өте келе денсаулығы нашарлай бастайды. Ұйқының жоқтығы семіздікке, қант диабетіне, жүрек-қан тамырлары ауруларына, депрессия мен қатерлі ісіктің кейбір түрлеріне ұласуы мүмкін. Халықаралық сараптама бойынша, ұйқысы бұзылған адамдар асқорыту органдары аурулары бойынша қатерлі топқа енеді. 

Сонымен қатар, ауысымдық графикпен 5 жыл бойы жұмыс істеген адамда ұйқысыздық та 5 есе артатыны дәлелденді. Яғни, онсыз да ұйқыға жарымай жүрген дәрігерді енді ұйқысыздық та мазалай бастайды. 

Әрине, бір ғана  зерттеудің аясында үзілді-кесілді тұжырым жасауға болмайды. Каданалық ғалымдарға дейін ұйқысыздықтың жұмыс қабілетіне қатысын өзге елдердің де ғалымдары талай рет зерттеген. Олардың барлығында да түнде ұйықтамаған адамның ертеңгі күнгі жұмысының сапасы төмен болатыны айтылған. Қалай болғанда да, анық нәрсе біреу – хирургтар, сонымен қатар анестезиологтар, жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейтіндер мен өзге де дәрігерлер – рухы мықты, түрлі ауыртпаықтарға төзе білетін азаматтар. Әйткенмен, денсаулықты да ойлау керек.  

Пластикалық ота. Зияны қандай?
Бала не үшін көп ауырады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу