Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Емханаға есепке тұруға барған жүкті келіншектен қазір ақ халаттылар «бұл жоспарлы бала ма?» деп сұрайды. Алғашқыда мұндай «дөрекі» сұрақтың құлағымызға түрпідей тигені рас. Себебі атам қазақ баланың санын санап, шектеу қойған емес. Аталарымыз көп балалы әке атанып, әжелеріміз алтын құрсақты болып, Алланың берген ұл-қызын тәрбиелеп келді. Ал бүгінгі заманда жұмысты ғана емес баланы да жоспармен дүниеге әкелетін болдық. Медицина мамандары отбасын жоспарлау ұлттың болашағына жағымды әсер етеді дейді. Отбасын жоспарлау жұптардың қабілетін ескере отырып болжап және қажет еткен бала санына жетуін қарастырады. Аталмыш жоспарлау қажетсіз жүктілікті болдырмауға, көптен аңсаған және дені сау балалардың тууына, әр жүктілік арасын реттеп отыруға, әйелдер денсаулығын сақтауға, ата-аналардың жасына қарай, баланың туу уақытын таңдауын бақылауға және отбасындағы балалар санын нақтылауға, өмірлік жоспарын жүзеге асыруға, тұрмыс сапасын жақсартуға көмектеседі.
Отбасы – шағын мемлекет. Сол шағын мемлекеттің саясатын жүргізіп отыратын әрине ерлі-зайыптылар. Олар өмір сүретін ортаны өздері таңдап, матералдық жағдайды түзетіп, болашаққа жоспар құра алады. Ал бала ше? Перзент санын жоспарлау қаншалықты дұрыс? Жалпы бүгінде отбасын жоспарлау саясатына байланысты қоғам арасында екіұшты пікір қалыптасқан.
Жоспарсыз, я жоспарлы ұрпақ деген ұғымды осы күнге дейін қазақ тарихынан, ақын-жазушыларымыздың туындыларынан кездестірмегеніміз шындық. Некесіз баланың болғаны рас. Алайда некесіз баланың өзін ата-бабамыз шеттетіп, өзектен тепкен емес. Осыдан он, жирыма шақты жыл бұрын әрбір қазақ отбасында жеті, сегіз баладан кем болмайтын. Ал бүгінде бір отбасында төрт бала болса, оны көп балалы жанұя қатарына қосып жүрміз. Онсыз да көп балалы ұғымын өткен күннің еншісіне қалдырып бара жатқанда отбасын жоспарлау саясаты қазақтың демографиялық жағдайына кері әсерін тигізеді деп санайтындар көп. Бұл салқын саясатты табиғи процеске араласу деп есептейді.
Алайда мамандар мүлдем басқаша пікірде. Бала тууды жоспарлау бала тууды шектеу деген түсінікті білдірмейді. Отбасын жоспарлау дені сау баланы дүниеге келтіру үшін еркек пен әйел денсаулығын сақтау ғана емес, одан бөлек, әлеуметтік-экономикалық, ең негізгісі психологиялық тұрғыдан дұрыс болып табылады. Психолог мамандар отбасын жоспарлаудың мынадай артықшылықтары бар дейді:
1. Баланы дүниеге әкелетін ана жүктілік, босану кезінде психологиялық үлкен кезеңнен өтеді, жақсы күтім, сана мен сезімнің үйлесімділігі үшін кемінде 2-3 жыл керек. Әйтпесе жүйке аурулары, босанудан кейінгі дипрессия дегенге шалдығуы ықтимал. Мұндай жағдайда тек дәрігер психиатрмен жұмыс жүргізіледі.
2. Әр балаға қажетті көңіл бөлу, оның өсіп дамуына мейілінше назар аудару, мүмкіндігінше бала бойындағы қабілеттерін дамытуына жағдай жасау үшін ата-ананың психологиялық дайындығы болуы шарт. Яғни, әр бала сүйікті, күткен нәресте болуы міндетті.
3. Баланың өсіп дамуы көптеген уақытты, шыдамдылықты қажет етеді. Кейбір жағдайда, сол шыдамдылық пен төзімділік, ата-ана болу мектебінің, тәжірибенің жетіспеуінен отбасы бөлшектеніп жатады. Ол да үлкен әлеуметтік мәселе.
Статистикалық мәліметтер бойынша соңғы жылдары елімізде отбасын жоспарлау тәжірибесін қолдану жиілігі 10 пайыздан 50 пайызға көбейіпті. Бұл – үлкен жетістік дейді мамандар. Себебі ұрпақтың өмірге сау келуі қоғам үшін, ұлт үшін өте маңызды. Өкінішке қарай, елімізде демографиялық өсім байқалғанымен, түрлі аурулармен есепте тұратын науқас балалардың да саны өскен. Мәселен, жүрек ақауымен сондай-ақ церебралды сал ауруымен туылған балалар көп. Мұның барлығы ананың денсаулығында кемшіліктің болуы, яғни жүктілікке дайын болмағандықтан орын алатын қателіктің салдары. Сондықтан ұрпақтың санынан гөрі сапасына мән берген дұрыс.