Ашаршылыққа қатысты беймәлім деректер
21-05-2024
Баланың алғаш қадамын көру ата-ана үшін сөз жетпейтін қуаныш. 8 жасқа келіп алғаш қадамын басқан Аружанның ата-анасы да осындай қуанышты бастарынан өткізіп отыр. Аружан алғаш Облыстық балаларды оңалту орталығына 5 жасында келген. 3 жыл дәрігерлердің бақылауында болып, белгіленген ем-домдарды уақытында қабылдауының арқасында ол өздігінен жүруді үйренді.
Аружан дүниеге келгенде оған целебральды паралич диагнозы қойылды. Ол бастапқыда Сарыағаш қаласы Степной аудандық емханасының қарауында болды. 5 жасына толған кезде оны ата-анасы қаладағы облыстық оңалту орталығына алып келеді. Мұнда дәрігерлер арнайы тексерістер жүргізіп науқасқа қажетті ем түрін қолға алады.
- Науқас бізге келген сәтінде мүлде отыра да, тұра да алмайтын. Дегенмен бойындағы талпыныстан біз оның ерте жүретінін аңғардық. Бастапқыда ол тек бір орында жататын, яғни басын тік ұстай алмайтын. Алғаш келгенінде басын тік ұстап үйренді. Екінші келгенінде төрт тағандап тұруды үйреттік. Өзі де жүруге, отыруға сөйлеуге құштар бала. Аружанмен ЕДШ жаттықтырушылары 3 жыл бойы жұмыс жасадық. Ол емханаға жылына бір рет келіп толыққанды ем алып тұрды. Ата-анасы да қыздарының денсаулығы үшін қатты алаңдап, үнемі назарда ұстады. Аружан жаттығуларды тек емханаға келген сәтінде ғана емес, үйде де жақсы орындағанының арқасында оның бұлшықеттері белсенді жұмыс істей бастаған. Ал жақында оның жүргенін көріп, тіптен қуанып қалдық, - дейді маман.
Аружанның алғаш «тәй-тәйін» көрген оның туыстары арнайы Облыстық балалар оңалту орталығына келіп, мекеменің бас дәрігерінің орынбасары Баян Молдаханқызына балаларының тұсауын кестіруді ұйғарыпты. Дүйім мекеме қызметкерлері болып жиылып осы бір қуанышты атап өтті. Аружанның әкесінің әпкесі баланың қадамына гүл бітсін деген ниетпен, шашу шашып, дәрігерлерге ізгі тілегін білдірді.
- Қызымызды аз уақыттың ішінде жүріп кетеді деп ойламаған едік. Алайда ол негізінен өте зерек, көңілшең бала. Бойында жүремін, сөйлеймін деген талпынысы басым. Өзінің жүре алатынына ол да мәз. Мұның бәрі алдымен дәріге лердің, кейіннен Ару қызымыздың өзінің талпынысының арқасында. Үйде жүргенде де ол осындағы жасаған жаттығуларын қайталаумен болды. Сөйтіп жақында өздігінен жүріп бастады. Бәріміз де қатты қуандық, - дейді, Ұлдар апай.
Жалпы, орталықтан жылына 100-ден аса бала оңалып шығады. Баланың айығып кетуі үшін жасалынатын көмектерінің ішінде осы емдік дене шынықтыру жаттығулары мен «Locomat» заманауи медициналық аппараты едәуір көмектеседі. Әрине, бұл жерде психолог, логопед мамандардың ерен еңбегін де атап өтемеске болмас.
Шадай Мақпал.