Сайрамда жаңартылатын электр энергиясы өндірілмек

Oinet.kz 31-10-2024 185

image.png

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров «Burabai Biogas and Fertilizers Factory» ЖШС компаниясының өкілдерімен кездесті. Жаңартылатын электр энергиясын өндіру және органоминералды тыңайтқыштар шығаратын отандық компанияның басшысы өнімдермен таныстырып, жаңа жобаның мүмкіндіктерді тиімді жүзеге асыру жолдарын ұсынды. Кәсіпорын Сайрам ауданында салынады. Жалпы инвестиция көлемі 47 000 мың АҚШ доллары. Жылына 42 миллион КВт электр энергиясын және 160 000 тонна түйіршіктелген органоминералды тыңайтқыштар шығару жоспарлануда. Бүгінгі таңда облыс елдегі жаңартылатын энергия көздерінің қуаты бойынша көшбасшылар қатарына кіреді. Өңірдегі жалпы қуаттылығы 278 МВт құрайды.

Халықаралық энергетика агенттігінің анықтамасы бойынша жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) – бұл «жаңартылатын көздерден тұрақты түрде өндірілетін энергияның барлық түрлері», соның ішінде «биоэнергия, геотермалдық энергия, су электр энергиясы, мұхит энергиясы, күн энергиясы мен жел энергиясы» және «табиғи үдерістерден алынған» және «тұтынылғаннан тезірек жаңартылатын» ресурстар ретінде анықталады. Бүкіл әлемде жаңартылатын энергияның екі негізгі мақсаты бар: өсіп келе жатқан энергия сұранысын қанағаттандыру және энергиямен қамтамасыз етуді көміртексіздендіру. Орталық Азия елдері тұрақты даму мақсаттары шеңберінде көміртегі шығарындыларын азайту және энергияға деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ЖЭК-ті дамытуға және көбірек пайдалануға мән береді. Бұл саладағы аймақтағы ең белсенді ел – Қазақстан, ал өңірдің басқа елдері де жаңартылатын энергия көздерін көбірек пайдалану мақсатында көптеген стратегиялар мен бағдарламаларды қабылдауда. Қазақстан үкіметі 2035 жылға қарай жел (19,6 млрд кВт/сағ) және күн энергиясының (2,9 миллиард  кВт/сағ) жалпы электр энергиясын өндірудегі (152,4 миллиард кВт/сағ) үлестің 15 пайызға жететінін болжайды. Сонымен қатар, көмір, мұнай және табиғи газдан басқа баламалы энергия көздері аясында 2025 жылы Қазақстандағы жалпы электр энергиясын өндірудегі атом энергиясының үлесі 13 пайызын құрау және 2032 жылға қарай кем дегенде 1 атом электр станциясын құру көзделуде. Осылайша, көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының көрсеткіші 46,3 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Жүйені тұрақты ету үшін ел өз өндірісі мен технологиясын жетілдіруге бағытталған қадамдарды жеделдетіп, жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы ұлттық бағдарламаны кеңейтуі қажет. Қазіргі уақытта мұнай, газ және көмір сияқты қазбалы отындар елдің энергетикалық секторында басым энергия көздері болып табылады. Дегенмен, электр энергиясын өндіруде бұрыннан бері келе жатқан жүйелер ауаның ластануын арттыруда. Сондықтан ЖЭК-ке жылдам көшу экологиялық таза тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге жол ашады.

Сала мамандарының мәліметінше  Сайрам ауданында 2030 жылға дейін 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұл межеге аудандағы өнеркәсіп саласын дамытып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы қол жеткізу көзделіп отыр. Аудан әкімінің айтуынша, Сайрам негізінен сүт, ет шаруашылығына маманданған, тамақ өнеркәсібі дамыған аудандардың бірі және кәсіпкерлік белсенділігі де жоғары. 2025 жылы ауданда құны 6,9 миллиард теңгелік 6 инвестициялық жобаны іске іске қосу жоспарланып отыр. Ашылатын жұмыс орны 360 адам деп күтілуде. 

Жыл басынан бері Сайрамда 4 ауқымды кәсіпорын ашылды
Сайрамда 30-дан аса сүт фермасы бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу