Сайрамда 30-дан аса сүт фермасы бар

Oinet.kz 15-10-2024 30

image.png

Тамақ өнеркәсібі  ауданның тұрақты  экономикалық  дамуында аса маңызды орын алады.  Азық-түлік өнімдерінің өндірісі өңдеу өнеркәсібінің ең қарқынды дамып отырған секторы болып табылады. Осыны ескерген Сайрам ауданының әкімдігі тамақ өнеркәсібін дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарды. 

Түркістан облысында тауарлы сүт фермалары көбейіп келеді. Бір ғана Сайрам ауданының өзінде осы бағытта  30- дан астам шаруашылық жұмыс істейді. Олар жылына 22 мың тонна сүт өндіреді. Одан бөлек, ірімшік, құрт, май, айран, қаймақ сияқты сүт өнімдерін шығарып, көрші облыстарға жеткізеді. Сонымен қатар жақында ұнтақ сүт шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Манкент ауылдық округіне қарасты Аққала елді мекенінде орналасқан сүт фермасы 2016 жылы ашылған. Қазір мұнда 146 бас сүтті сиыр бар. Оның 66-сы жергілікті тұқым болса, қалған 80-ні шетелден әкелінген. Ферма басшысының айтуынша, жақында мұнда түркиядан сиыр сауатын жаңа технология жеткізілген. Бір мезетте 8 сиыр сауылады. Кәсіпкер алдағы уақытта сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.

Сүт фермасының тағы бір ерекшелігі – мұнда жаңа туған бұзаулар енесін мүлде ембейді. Бірден басқа орынға жайғастырылып, сүт қолдан беріледі. Еркек бұзаулар бордақыланса, аналықтары сүтті сиырлардың қатырын көбейтеді. Мамандар мұнда күніне 4 тоннадан астам сүт өндірілетінін айтады. «Сүт өнімін шығаратын зауыттар оның литрін 250 теңгеден сатып алып кетеді», – дейді.

Сондай-ақ аудандағы Ақсу ауылында құрғақ сүт өнімі шығарыла бастады. Жақында кәсіпорын дайын өнімді мемлекеттік стандартқа өткізіп, сәйкестендіру сертификатын алған. Мұнда жылына құны 468 млн теңге болатын 900 тонна құрғақ сүт өнімі шығарылады. Зауыт алдағы уақытта дайын өнімді Өзбекстан мен Қырғызстанға экспорттауды жоспарлап отыр.

Осындай тамақ өнеркәсібі саласындағы кәсіпорынның бірі сүт өнімдерінің бірнеше түрін өндіретін  2007 жылы іске қосылған «Компания Натур Продукт»  ЖШС-гі.  Кәсіпорын бүгінгі таңда  қарқынды даму үстінде. Өндірісте «Хан» сауда маркасымен  сүт өнімдері: айран, ірімшік, йогурт, құрт, сары май шығарылады. Серіктестік Ақбұлақ ауылында орналасқан. Тәулігіне  20  тонна сүт өңдеуге қауқарлы өндіріс орында 32 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. 2016 жылдың қорытындысымен өндірісте 108,2 млн. теңгенің өнімі өндіріліп,  бюджетке 19,2 млн. теңге салық төлеген. Ал ағымдағы жылдың жеті айында 71 млн. теңгенің өнімі өндірілген.

Кәсіпорынға «Агробизнес 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында  жыл сайын сары май мен ірімшікке  субсидия бөлінеді. Бүгінгі таңда кәсіпорынды кеңейту мақсатында  өндіріс қуаттылығын  арттыру  үшін тәулігіне 70 тонна сүт өңдейтін  құрал-жабдықтар алынып, монтаждау жұмыстары басталған. Қосымша  бес жұмыс орнының ашылуы жоспарланып отыр.

Кәсіпорын басшысы алдағы уақытта өндірісті кеңейту мақсатында Ақсу ауылында  тәулігіне 150 тонна сүт өңдейтін жаңа зауыт құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр.   

Жалпы Түркістан облысында 200-ден астам сүт фермасы мен оны қайта өңдейтін 15 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар жылына өндірілетін 50 мың тонна сүттен 17 мың тонна түрлі сүт өнімдерін шығарады.

Сайрамда жаңартылатын электр энергиясы өндірілмек
Ауданның беткетұтар кәсіпорындары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу