Балық өсір пайдасы оның көл көсір

Oinet.kz 06-10-2024 19

image.png

Қазақстан балық ресурстарына өте бай. Елдің экономикалық дамуында балық шаруашылығы ерекше рөл атқара алады. Соңғы уақытта бұл салада үлкен жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда Үкімет қабылдаған бастамалардың арқасында балық шаруашылығы айтарлықтай сәтті дамуда. Қазақстан өзінің бай және бірегей табиғатының арқасында балық шаруашылығының айтарлықтай қуатты қорына ие. Бұл бағытта  экспорттық әлеуеті де жоғары.  

Қазақстанда жан басына шаққанда балықты аз тұтынады. Айталық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 келіден кем емес балық тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш бір адамға 4 келіден келеді. Өз кезегінде, көршілес Ресейде адам басына 23 келі, Қытайда 45 келі балық тұтынылады. Осылайша, шекара маңындағы аудандарды ескергенде, балық өнімдерінің экспорттық потенциалы 3 млн тоннадан асып түсуі мүмкін.

Кәсіпкерлер балық өсірудің пайдасы көл-көсір екенін түсініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін алға тартқан болатын. Оның ішінде балық шаруашылығына да ерекше мән беруді тапсырған еді.

Бүгінде балық өсіру бойынша елімізде Түркістан облысы көш бастап тұр. Алдағы үш жылда өңірде жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу жоспары бар. 

Түркістан облысында балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 224-ке жеткен. Оның ішінде 147-сі тоғандық балық шаруашылығы болса 97-сі жаңадан ашылған көлдер. Өңірде аталған кәсіпке қызығушылар саны күн санап артып келеді. Тиісінше олардың талап тілектері де назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда Түркстан облысы қоғамдық кеңес мүшелері Сайрам ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауылдық огругі, Тоған ауылындағы  «Көмеш балық» тоғанына барып, қазіргі жағдайымен танысты. 

Қожалықтың жоба құны – 750 миллион теңгені құрайды. Бүгінде қожалықта жасанды түрде шабақ өндіру, тауарлы балық өндіру, қыстау тоғандарында аталық-аналық күтіп баптау қызметтері жүзеге асып жатыр. Онда негізінен карп тұқымдас; сазан, тұқы, дөңмаңдай, ақамур өсіріледі. Шаруашылық шабақты өздері өндіреді. Уылдырық шығаратын екі цехта жылына 1,5 миллион шабақ өндіріледі. Шаруашылық басшысының айтуынша, оның 600 миллионы өздерінде қалса, қалғанын облыстағы басқа шаруашылықтарға сатады.  

«Тағы да шабақтарды өсіретін бос жерлеріміз бар. Ол жерлерге де жаңадан көлдер ашып жатырмыз. Өткен жылы ерте көктемде судактың тұқымдарында шығардық. Шамамен 200 мыңдай шабақ шығардық. Біздер былтыр 650-700 тоннаға дейін балық өндірдік. Биыл мың тоннаға жеткіземіз деп әрекет жасап жатырмыз»,- дейді балық шаруашылығының төрағасы Бақытбек Төрегелдиев.  

      Қоғамдық кеңес мүшелері тоғандарды аралап, қожалықтың қуаттылығына көз жеткізді. 

«Осы шаруашылықта жұмыс істеп келе жатқаныма үш жыл болды. Жалпы жер көлемі 250 гектар. Бұл жерде тауарлы балықтар өндіріледі. Жылдық қуаттылығы 720 тонна.  Балықтарға жылына 2700-2900 тонна жем беріледі. Қазір тоғанда 30-40 граммдық арасында 150 граммдық шабақтар өсіріліп жатыр. Олар тұқы тектес балықтар. Атап айтқанда ақ амур, ақ толстолов, сазан т.б.  Жылдық көлемінде жақсы өнім беріп жатыр. Өндірісімізде 35 адам жұмыспен қамтылған. Оның басым бөлігі осы көлдің басында жүреді. Олардың қатарында балық өсурудің маманы және көлдің жағдайын бақылайтын маман бар. Үкіметтен субсидияны алып отырмыз»,- дейді  «Көмеш балық» ЖШС бас есепшісі Роза Насирова.

  Аталған шаруа қожалығы бүгінде облыстағы ірі балық өсірумен айналысатын кәсіпкерлік нысандардың бірі болып табылады.  

«Бүгін біз міне, қоғамдық кеңестің мүшелерімен аталған  шаруашылыққа келіп, жұмысымен таныстық. Бұл шарушашылық  2016 жылы құрылған. Негізі оған дейін де жұмыс істеген, бірақ күшіне енгені сол 2016 жылы болатын. Жылдық өнімдері 700 тоннаға дейін тауарлы балық өндіреді. Шаруашылыққа тиесілі 17 тоғандары бар. Уылдырықтан бастап, шабаққа айналдырып, одан балыққа дейін өздері өсіріп шығады. Өткен жылы және осы жылы кәсіпкерлік нысан 80 миллион теңге  азықтарының 30 пайызына қайтарымсыз субсидиясын алды. Өндіру қабілеттері өте жоғары. Облыстағы ең ірі балық өндірушілердің бірі болып саналады. Жалпы облыста тауарлы балық шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтьардың саны 245-ке жетті. 2030 жылға дейін облысымызда тауарлы балыық өндіру деңгейін 20 мың тоннаға дейін жеткізу бағдарламасы бекітілген. Сол жоба аясында жұмыс жасап жатырмыз. Балық шаруашылығы экономикалық тұрғыдан өте тиімді сала екенін біздің кәсіпкерлер жақсы түсініп соңғы 3-4 жылдың көлемінде осы салаға деген көңіл бөлулері өте жоғары болды. Балық өсіруші кәсіпкерлердің көтеріп отырған басты мәселесі мемлекеттік қолдауды одан «әрі күшейту, субсидияны ұлғайту. Себебі бұл өздігінен жүріп кететін бизнес емес, еңбегі көп. Шығыны да аз емес. Сондықтан субсидия көлемін ұлғайтса деген сұраныстарын жеткізуде. Әйтсе де біздің оңтүстіктің халқы еңбекқор, кәсіпке жақын жандар. Осы еңбектің арқасында осындай нәтижеге жетіп отырмыз. Тауарлы балық өндіру бойынша біздің облыс республикада көшбасшы болып отырмыз. Жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі тағы да тапсырма берді. Өткен жылға жоспарлаған межеміз 6640 тонна болатын тауарлы балық өндіру бойынша, ал 2024 жылы 10 мың тоннаға жеткізу жүктелді. Соның аясында жұмыс істеп жатырмыз»,- дейді Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану реттеу басқармасының бөлім басшысы Данияр Сейітов.  

2020 жылы Үкімет бекіткен балық шаруашылығын дамытудың 10 жылдық бағдарламасына сәйкес, өңірде 2030 жылға дейін 20 мың тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отыр. Өткен жылы саланы дамытуға жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді.  Ал инвестициялық субсидия ретінде республикалық бюджеттен 226 миллион теңге бөлінген. Одан бөлек балық жемінің 30 пайыз, ал шабағы мен аналығын сатып алуға кеткен шығынның 25 пайызын мемлекет өтейді.   Міне осындай қолдаулардың арқасында Түркістан облысында балық шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп отыр. Оған  «Ауыл аманаты» жобасының да әсері бар. Өткен жылы жаңадан 70 шаруашылық құрылып, тауарлы балық өсірумен айналысатындардың саны 250 жеткен. Оның 30-ы туризм бағытындағы шаруашылық. Әсіресе, өзен-көлдер мен бұлақ басынан бассейн қазып, балық өсіріп жатқандардың саны артқан. 

Сайрам ауданы Ақсукент ауылының тұрғыны Махмут Пірәтов өткен жылы бұлақ басынан 10 сотоқ жер алып, 5 бассейн қаздырыпты. Оған 35 мың фарель балығының шабағын сатып алып жіберген. Қазір су маржандарының алды 800, кішкентайлары 500 грамға дейін салмақ жинаған. Кәсіпкер жақында шабақ өндіретін аппарат сатып алыпты. Енді икрадан шабақты өздері шығармақ. Хан балық – мұздай, әрі таза  суда жүретіндіктен еті дәмді, сұранысқа ие екенін айтады.

«Кафе, ресторан және қарапайым адамдар сатып алады. Әзірге аздап өткізіп жатырмыз. Тағы да бір жер алдық 1,5 гектардай. Сол жерге бассейндерді көбейтіп, өзіміз шығарған шабақтарды саламыз. Қазір шабақ өндіретін цехымыз кішкентай оны үлкейтіп, тағы бір 15 сотоқтай жеріміз бар. Сол жерге инкубациялық цех саламыз»,- дейді балықшы Махмут Пірәтов.

Бассейннің сыйымдылығы 40 мың балыққа арналған. Жылдық қуаттылығы 80 тонна. Кәсіпкер өнімді ішкі нарыққа саудаламақ. Қазір үкімет шабаққа 30 пайыз, ал жеміне кеткен шығынның 25 пайызын субцидиялап береді. Соның нәтижесінде өткен жылы өңірдегі балық шаруашылықтары 10 мың тоннаға жуық өнім өндірді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жаңадан 40 шаруашылық құрылып, 1 миллиард  теңге несие берілді.

«Тағы да биыл «Ауыл аманаты» бағдаралмасы аясында кооперативтер құру арқылы соның санын көбейту, өңделген өніммен қосқанда өнім көлемін 15 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Былтыр 5200 тонна балық экспортқа шығарылды. Биылға да өңдеу жоспарын 6500 тоннаға, өндірілу жоспарын 11-12 мың тоннаға жеткізу мәселесі тұр»,- дейді облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқарамасының басшысы Қайрат Абдуалдиев.

Салаға жауаптылар биыл өңірде 5 балық өңдеу цехы іске қосылатынын айтады. Одан бөлек, бірнеше ауданда аумағы 466 гектар болатын 26 жаңа шаруашылық құрылмақ.

Қазіргі уақытта тауарлы балық шаруашылығын қаржыландыру бойынша негізгі оператор Аграрлық несие корпорациясы болып табылады.

Қарыздар жабдықтарды сатып алуға, құрылыс-монтаждау және іске қосу-жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға беріледі.

Несиелер келесі мақсаттарға берілуі мүмкін:

• көл шаруашылықтары және жайылымдық аквакультура өсіру;

• тоған шаруашылықтарын дамыту;

• торлы шағын шаруашылықтар құру;

• сумен жабдықтаудың тұйық қондырғылары негізінде балық өндіру;

• балықты қайта өңдеу және балық өнімдерінің алуан түрлерін өндіру.

Жабдықтар мен технологияларды қарыз алушылар өздері таңдайды.

Балық шаруашылығын дамытуға несие екі бағдарлама — «Агробизнес» және «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша беріледі. Осы бағдарламалар бойынша қарыз берілетін ең ұзақ мерзім — 10 жылға дейін. 

«Агробизнес» бағдарламасы бойынша сыйақы мөлшерлемесі Ұлттық қор қаражаты есебінен 6%-ды құрайды. Республикалық бюджет қаражаты есебінен берілетін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесі 8% құрайды. Жеңілдікті кезең — 2 жылға дейін.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несие мөлшерлемесі 15%-ды құрайды, ол субсидияланады. Негізгі құралдарды сатып алуға және соңғы қарыз алушы үшін құрылысқа қарыз алған кезде сыйақы мөлшерлемесі 5%-ды құрайды. Айналым қаражатын толықтыруға арналған несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 6% құрайды. Жеңілдікті кезең қарыз мерзімінің үштен бірін құрайды. Қарыздар қарыз алушыға тікелей, сондай-ақ несие серіктестіктері арқылы беріледі.

Кредиттік өнімдер бойынша егжей-тегжейлі консультациялық қызметтер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның республиканың барлық өңірлерінде орналасқан  филиалдарында көрсетіледі.

Жеке инвестициялық жобалар жайы талқыланды
Қарабұлақта өндірістік алаң салынбақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу