Жетісайлықтар референдумға қолдау білдірді

Oinet.kz 06-10-2024 115

Жетісай ауданында «Жетісай» бастауыш партия ұйым мүшелерімен кездескен Халықтық штаб мүшелері аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев 6 қазанда өткен референдум барысын бірге отырып талқылады. 

Screenshot_66.jpg

«Кеше Орталық референдум комиссиясы дауыс берудің алдын ала қорытындысын жариялады. Соған сәйкес, сайлаушылардың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады. Exit poll қорытындысы да осыған жақын нәтиже көрсетті. Жаңа саяси жағдайда Тәуелсіздігіміздің 33 жылдық тарихындағы үш референдумның екеуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өтті. Сөз жоқ, жаңа саяси мәдениет дәл осылай қалыптасады. Әр азамат қоғам үшін маңызды мәселелерді шешу ісіне тікелей араласып, ел тағдырына өзінің қатысты екенін сезінеді. Бұл – демократияның іс жүзіндегі көрінісі. Осылайша, қазақстандықтар өз таңдауын жасап, ел болашағына қатысты стратегиялық шешімді демократиялық жолмен қабылдады», - деді мәслихат төрағасы Медет Қасымов.

Бұл жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан қалыптастыру жолындағы бағдарын халықтың қолдайтынын тағы бір көрсетіп берді. Сондай-ақ референдум «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жасалған кезекті нақты қадамдардың бірі екені сөзсіз. Ал, оған азаматтардың белсенді қатысуы елімізде жаңа саяси мәдениеттің орныға түскенін білдіреді.

- Жалпы, атом электр стансасы – тұрақты және таза қуат көзі. Бұл энергия тапшылығын азайту және экономикалық даму жолында айрықша маңызға ие. Сондықтан осы референдум және халық қабылдаған шешім елімізді жаңа белеске шығарады деп сенеміз. Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз етуге, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға қысқасы, атом электр стансасын салу экономиканың және онымен байланысты барлық саланың дамуына мультипликативті әсер етеді. Ғылым мен білімнің, технологияның дамуына жол ашады. Жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Сондықтан, отандастарымыз бұл жолда өте дұрыс таңдау жасап, болашаққа нық қадам басты деуге келеді. Дегенмен, алда атқарар ауқымды міндет тұр. АЭС құрылысы бір жылдық белес емес. Ол циклдік кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын ұзақмерзімді жоба. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жоба. Ал, оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді. Біз өз тарапымыздан келешек ұрпақтың қамы үшін осы жобаның сәтті іске асуына аянбай үлес қосатын боламыз. Мемлекет басшысы атап өткендей, атом электр стансасын салу үшін әлемдік жеткізушілердің ең үздік технологиялары іріктелетін болады, - деді Медет Қасымов.

Референдум қорытындысы – қоғамдағы көңіл-күйдің нақты көрінісі. Жалпы қоғам ел болашағы үшін АЭС салудың маңызын түсініп отырғанына көз жеткізді. 

«Жалпы, бұл референдум – қоғам мен мемлекеттің дамуындағы аса маңызды кезең. Сондай-ақ мұндай қадам демократияның негізгі принциптерінің бірі және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асырылуының жарқын көрінісі екені анық.

Шын мәнінде, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекетті жаңғырту жолындағы дәйекті саясаты мен жүйелі реформалары – демократиялық жаңғырудың озық үлгісі. Осы тұрғыдан келгенде, стратегиялық шешімді халықпен диалог жүргізіп және азаматтардың пікірін ескере отырып қабылдау жаңа саяси мәдениет қалыптастыруға жол ашатын маңызды тетік екенін атап өткен жөн.

 Сонымен қатар өткен референдум – әр азаматқа мемлекеттің дамуына ықпал ету үшін беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Сондықтан барша қазақстандықтарды ел ертеңіне бей-жай қарамай, дауыс беру орындарына келіп, өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, өз таңдауларын жасады», - деп атап өтті аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев.

Бір атап өтерлігі, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік әрі саяси маңызы бар шешімді қабылдау жолында қазақстандықтар оң таңдау жасады. Референдум сәтті өтті. Бұл отандастарымыздың ортақ іске ұйысып, жұмыла кірісе алатынын көрсетті. 

АЭС құрылысын ұлытаулықтар да қолдайды
Референдумға түркістандықтардың 75,31 пайызы қатысып өз таңдауын жасады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу