Халық өз болашағына қатысты шешімді өздері қабылдады

Oinet.kz 06-10-2024 57

Кеше халық нәтижесін асыға күткен Қазақстанда Атом электр стансасын салуға қатысты өткен референдумның алдын ала қорытындысы шықты. Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров «Қазақстанда АЭС салу туралы референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны еліміздің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқандардың 71,12 пайызын немесе 5 миллион 561 мың 937 адамды құрады», деді. 

Screenshot_60.jpg

Оның сөзінше, 7 қазандағы таңғы сағат 8:00-дегі жағдай бойынша еліміздің барлық өңіріндегі және шетелдегі 10 323 референдум учаскесінде дауыстарды санау аяқталған. Референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 миллион 284 мың 487 адам болса солардың 7 миллион 820 мың 204-і дауыс беруге қатысқан. Яғни бұл 63,66 пайызы деген сөз. 

Мінекей, бұл демократиялық түрде өткен халықтың таңдауы жасау қадамында тағы бір үлкен маңызды шешімнің қабылданғанын көрсетеді. Заң бұзушылық болмаған, халықаралық бақылаушылар да жоғары баға берген саяси іс-шара болды. Ең бастысы – халық өз болашағына қатысты шешімді өздері қабылдады. Саяси белсенділік танытып, ел ертеңіне жанашырлықпен, махабатпен қарайтынын көрсетті.

Осыған орай Мәжіліс төрағасы, Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов та пікір білдірген еді. 

- Жаңа саяси жағдайда Тәуелсіздігіміздің 33 жылдық тарихындағы үш референдумның екеуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өтті. Сөз жоқ, жаңа саяси мәдениет дәл осылай қалыптасады. Әр азамат қоғам үшін маңызды мәселелерді шешу ісіне тікелей араласып, ел тағдырына өзінің қатысты екенін сезінеді. Бұл – демократияның іс жүзіндегі көрінісі.

Депутаттар үнемі өңірлерді аралап жүр. Біз қоғамдық сана өзгеріп, жаңа саяси мәдениет қалыптасып келе жатқанын көріп отырмыз. Тұрғындар кез-келген тақырып бойынша өз ұстанымын ашық айтып, оны барлық деңгейде батыл қорғауда. Бұл – Президенттің Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған саяси реформалар бағдарының басты нәтижесі.

Референдум қорытындысы – қоғамдағы көңіл-күйдің нақты көрінісі. Халықтық штаб барлық өңірге барып, мыңдаған кездесу өткізді. Соның барысында жалпы қоғам ел болашағы үшін АЭС салудың маңызын түсініп отырғанына көз жеткізді. Кәсіпкерлер, шаруалар, кеншілер, жұмысшылар, жастар, мұғалімдер, дәрігерлер және басқалар да экономикасы дамыған елде өмір сүргісі келеді. Олардың барлығы мұның кілті энергетикалық тәуелсіздік екенін және бұл үшін АЭС салу қажет екенін жақсы түсінеді.

Бейбіт атом – инновациялық тұрғыда сенімді, қауіпсіз, экологиялық таза энергия көзі. Бұл – ғылымда, техникада, өндірісте, ауыл шаруашылығында және өзге де көптеген салада көкжиегімізді кеңейтетін әлемдік тренд. Осылайша, халық өз таңдауын жасады, - деді Ерлан Қошанов.

Еліміздің болашағы үшін таңдау жасадым
Қоғамдық кеңес мүшелері де өз таңдауларын жасады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу