Халық азаматтық ұстанымын білдіріп, өз таңдауын жасады

Oinet.kz 06-10-2024 33

АЭС бойынша референдум да өз мәресіне жетті. Халық азаматтық ұстанымын білдіріп, өз таңдауын жасады. Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, тізімге енгізілген азаматтардың жалпы санының 63,87 пайызы бюллетень алған. Маңызды мәселе бойынша Қоғамдық даму институты жүргізген Exit Poll-дың алғашқы қорытындысы да мәлім болды.

Screenshot_53.jpg

Оның нәтижесі бойынша сауалнамаға қатысушылардың 72,3 пайызы Қазақстанда атом электр стансасының құрылысымен келісемін деп жауап берген.

Келес ауданындағы №374 референдум учаскесінің төрағасы Тасбау Полатовтың айтуынша, 6 қазанға белгіленген референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілген. «Референдумда ел азаматтары өздерінің қоғамға деген ықыласын, ел дамуына деген пейілі мен көзқарастарын көрсетті. Халықтың көпшілігі болашақ ұрпағына жол ашты, дұрыс таңдау жасап, келешекте дамыған Әділетті Қазақстанды көргісі келетінін дауыс беру арқылы білдірді. Президент референдум арқылы елдің ойын көрді, туған халқымен – қабырғасымен кеңесті, әңгіменің қысқасы халық пен биліктің арасындағы алшақтықтың арасын жақындатты» дейді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен референдумда қазақстандықтар ұлттық дамудың осы маңызды аспектісіне қатысты өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды. Көпшілік үшін референдумға қатысу маңызды оқиға болды. Бұл – ел болашағын айқындайтын маңызды қоғамдық мәселені шешуге үлес қосу мүмкіндігі.

- Кеше, жексенбі күні сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін АЭС бойынша референдум өткен болатын. Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, сағат 20:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың алдын ала қатысуы 63,87 пайызды құраған. Барлығы 7 820 918 адам дауыс берген. Референдумда қазақстандықтар «Сіз Қазақстанда атом электр стансасын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа жауап беруі керек еді. Жауаптың екі нұсқасы бар: «Иә, келісемін» және «Жоқ, келіспеймін». Референдумда халқымыздың ерекше белсенділік танытуы – отандастарымыздың еліміздің болашағына немқұрайды қарамайтынын білдірді. Бүгінгі таңда мемлекеттің барлық қадамы еліміздің дамуы, халқымыздың тұрмысын жақсартып, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Сондықтан референдумда сайлау учаскелеріне барып, дауыс берген әрбір қазақстандық та еліміздің тұрақты дамуына өзіндік үлестерін қосты десек, артық айтқандық емес, - дейді №374 референдум учаскесінің төрағасы Тасбау Полатов.

Түркістандықтар дауыс беруде де, бала тууда да көш бастап тұр
Референдум «Әділетті Қазақстанның» үлгісі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу