Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
6 қазан күні елімізде АЭС бойынша жалпыхалықтық референдум өтіп, сайлау өз мәресіне жетті. Халық азаматтық ұстанымын білдіріп, өз таңдауын жасады. Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, тізімге енгізілген азаматтардың жалпы санының 63,87 пайызы бюллетень алған. Бұл – жақсы көрсеткіш. Мұнда түркістандықтардың да үлесі зор.
Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиевтің айтуынша, Түркістандықтар мемлекеттік маңызы бар саяси науқанға қатысып, Жаңа Қазақстан құру жолдындағы өз таңдауларын жасаған.
- 6 қазан күні Түркістан облысында референдум сайлау талаптарына сәйкес ешқандай заң бұзушылықтарсыз өтті. Референдумға түркістандықтар белсене қатысып, өздерінің азаматтықтарын танытты. Жалпы өңірдегі екі миллионнан астам тұрғынның сайлаушылардың сайлау тізіміне 1,1 миллионнан астам адам енгізіліп, аймақта 914 референдум учаскесі жұмыс істеді. Референдум қорытындысына сүйенер болсақ, Түркістан өңірінде сайлаушылардың 80,66 пайызы өз таңдауын жасаған. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіш, - дейді Әлібек Кәденұлы.
Жалпы өңірде референдумға дайындық жоғары деңгейде жүргізілді. Облыстық қоғамдық штаб құрылып, халықпен 2864 кездесу өткізілді, оған 288 мыңнан астам тұрғын қамтылған еді. Сонымен бірге Amanat партиясы жанынан құрылған штаб та түсіндіру, үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Ал референдум күні өңірдегі 914 сайлау учаскесінде 6500-ге жуық бақылаушы референдумның әділ өтуін бақылады. Референдум учаскелерінде келеңсіз жағдай орын алмады.
«Бұл референдум халқымыздың ел болашағына бей-жай қарамай, барынша белсенділік танытқанын көрдік. Ең бастысы, референдумда дауыс беру – ашық, таза және әділ өтті. Бұл Мемлекет басшысы ұсынған әділетті Қазақстанның нақты жүзеге асып жатқанына тағы бір дәлел. Осынау маңызды мәселе бойынша Қоғамдық даму институты жүргізген Exit Poll-дың алғашқы қорытындысына қарайтын болсақ, ол бойынша сауалнамаға қатысушылардың 72,3 пайызы Қазақстанда атом электр стансасының құрылысымен келісемін деп жауап берген. Мен ең алдымен ел азаматтарының белсенділік танытқанына қуаныштымын. Бұл – халқымыздың Мемлекет басшысының бағыт-бағдарына сенетінінің, елді, өз болашағын бірлесіп басқаратынын көрсететін маңызды көрсеткіш» дейді комиссия төрағасы.
Референдум – еліміз үшін тарихи сәт болды. Халқымыз атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдумға қатысып, өз дауыстарын берді. Бұл референдум – тікелей демократияның айқын көрінісі. Референдумда қабылданған шешім мемлекеттің болашағына әсер етіп, ел тағдырына ықпал ететін түпкілікті байлам болмақ.
- Сөздің реті келгенде атап өтуге тұрарлық Түркістанда елеулі оқиға болды. Біріншіден, Түркістан жұртшылығы референдум қорытындысы бойынша көш басында тұрса, бала туу көрсеткіші бойынша да Түркістан өңірі көш басында тұр. Мұны айтып тұрғандағы себебім, Түркістан облысында референдум күні 132 бала дүниеге келген. Оның 70-і ер бала, 62-і қыз бала және бір егіз бар. Осылайша республика бойынша жоғары көрсеткішке ие болды. Жалпы өңірде биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 30 мыңнан астам сәби дүние есігін ашқан. Олардың 345-і егіз, 7-і үшем. Ал референдумда дауыс берген халықтың саны да өзге аймақтарға қарағанда көш басында. Бұл Мемлекет басшысының саясатын түркістандықтардың қолдайтындығының бірден-бір дәлелі, - дейді Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев.