Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Келес ауданына қарасты Бірлік ауылдық округіндегі референдум учаскелері жұмысын бастады. Таңертеңнен бастап ауылдың тұрғыны дауыс беруге келіп, белсенділік танытты.
Мұндағы референдум учаскелерінде ерекше бір мерекелік атмосфера орнады. Бұл күн тек саяси маңыздылығымен ғана емес, мәдени-рухани сипатымен де ерекшеленді. Мұндағы учаскелерде халықтың дауыс беру белсенділігі жоғары екені бірден байқалды. Тұрғындар үшін бұл іс-шара нағыз мерекеге айналды.
Мектеп ауласында ұлттық әндер әуелеп, домбырадан күмбірлеген күйлер төгіліп тұрды. Халықтың көңіл-күйін көтеру үшін арнайы ұйымдастырылған мәдени бағдарлама айрықша рөл атқарды. Дәстүрлі әуендердің сүйемелдеуімен дауыс беруге келген тұрғындар қазақ халқының бай музыкалық мұрасына бір сәт үңіліп, рухани нәр алып отырды.
Референдум учаскесіне келіп дауыс берген қарияның бірі Асқар Назаров.
-Бүгінгі референдумның маңызы зор. Бұл – халықтың елдің болашағына қатысты шешімдерді өз қолына алатын сәті. Әрбір дауыс берушінің таңдауы маңызды. Өз таңдауымызбен біз мемлекетіміздің дамуына үлес қосамыз. Мені бүгінгі референдумға азаматтық борышым жетеледі. Біз өз болашағымызға немқұрайлы қарамауымыз керек, – деді ауыл тұрғыны Асқан Назаров.
Аудандық аумақтық референдум комиссия мүшелерінің айтуынша, бүгін Қазақстан халқы республикалық референдумда маңызды шешім қабылдайды. Атом электр станциясын саламыз ба, жоқ па, осы мәселенің нақты жауабын береді. Келес ауданында таңғы 07:00-ден бастап 11 ауылдық округі мен аудан орталығындағы 61 референдум учаскесі өз жұмысын бастады. Атом электр станциясының құрылысына қатысты шешім елдің экономикалық және экологиялық болашағына елеулі әсер ететіндіктен, халық өз таңдауын жасауға асығуда. «Бүгінгі таңда ауданда 70642 дауыс беруші бар. Барлық 61 референдум учаскесінде 58 байқаушы мен мобильді капитандар жұмыс істеуде. Сондай-ақ, 83 ауылдық елді мекенде тұрғындарды тексеру үшін жылжымалы медициналық пункттер жұмыс істеп тұр. Дауыс беру – азаматтардың тұрғылықты жері бойынша референдум учаскелерінде өтеді. Учаскелер 07:00-ден 20:00-ге дейін ашық болады. Азаматтар жеке куәлігін не төлқұжатын көрсету арқылы дауыс бере алады» дейді ұйымдастырушылар.
Дегенмен Бірлік ауылдық округіндегі референдум учаскелері келушілердің көңіл күйі жоғары болды. Ондағы ұлттық киімдер киіп шыққан жастардың шеруі де тұрғындардың назарын аударды. Жастар мерекелік шараның сәнін келтіріп, еліміздің рухани және мәдени құндылықтарын дәріптеді. Олардың жаппай қатысуы – жас буынның өз елінің тағдырына бей-жай қарамайтынын, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтынын айқындап берді.
Мерекелік атмосферада өткен бұл күн тұрғындарға ерекше әсер сыйлады. Референдум учаскесінде дауыс берушілер өз таңдауын жасап қана қоймай, рухани азық алып, қазақтың ұлттық өнері мен мәдениетіне тәнті болды.
Халықтың белсенділігі мен ұлттық дәстүрлердің үйлесім табуы — еліміздің жарқын болашағына сенімділіктің айғағы іспетті.