Ел болашағы – әрқайсымыздың қолымызда

Oinet.kz 06-10-2024 35

6 қазан тарихи күн. Себебі еліміздің болашағы үшін маңызды шешім қабылдайтын күн. Осынау маңызды күні таңертең алғашқы болып, өзі тұратын Арыс қаласындағы сайлау учаскесіне келіп дауыс берген жанның бірі – Ақдала ауылының тұрғыны, Республикалық Батагөй қария байқауының жүлдегері Жолдасбек Тұрманбетов. 

Screenshot_38.jpg

Ардагер ұстаз немересімен бірге референдум учаскесіне келіп, елдің болашағы үшін маңызды шешім қабылдау мүмкіндігін пайдаланғанын айтты.

- Бүгін бүкіл Қазақстан бойынша маңызды саяси шара – АЭС құрылысы бойынша референдум өтуде. Арыстықтар да бұл тарихи сәтте белсенділік танытып, өз таңдауын жасап жатыр. Олардың ел болашағына бейжай қарамай, жауапкершілікпен қатысып жатқанын көптеген мысалдардан көруге болады. Дегенмен әр Қазақстан азаматының жасаған таңдауы мемлекет болашағы үшін өте маңызды. Мұны жақсы түсініп отырмыз. Сондықтан Мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін Президент бастамасын қолдап дауыс бердім. Біз, үлкендер, болашақ ұрпақ үшін жауаптымыз. Бұл референдум тек біз үшін емес, немере-шөберелеріміз үшін де маңызды. Мен немеремді ертіп келу арқылы оған азаматтық борышты орындау мен ел тағдырына бейжай қарамауды үйреткім келеді. Ел болашағы – әрқайсымыздың қолымызда, – деді Жолдасбек Тұрманбетов. 

Арыс қаласының тұрғындары өз отбасыларымен бірге сайлау учаскелеріне келіп, референдумға белсене қатысуда. Олар еліміздің энергетикалық болашағына әсер ететін осы шешімнің маңыздылығын түсініп, өз таңдауларын жасап жатыр.

Сондай-ақ сайлау учаскесіне отбасымен келіп дауыс беріп жатқан түрлі салада еңбек етіп жатқан әулеттер де аз емес. Соның бірі – ұстаздар әулеті Назаровтар әулеті саяси науқанға отбасымен келді. Әулет басшысы Нұрбақыт Назаров жұбайы Роза Исакова, ұлдары Айбек Нұрбақытұлымен бірге білім саласында еңбек етеді. Осындай өнегелі отбасының сайлауда төбе көрсетуі де – кейінгі жастарға үлгі. Талай шәкірттің шамшырағына айналған ұлағатты ұстаздар әлі де мұндай маңызды шарадан шет қалмай жастарға өнеге болуда.

– Ел ішінде өте маңызды саяси науқан болып жатқанда өз таңдауыңды жасауға асықпау – азаматтық парызды орындамау деп білемін. Мен осы жасыма дейін елдегі елеулі істерден тыс қалған емеспін. Өйткені мен үшін елдің ертеңі маңызды, – дейді Нұрбақыт Назаров. 

Өз таңдауымды жасадым
Ел болашағы үшін жасалған маңызды қадам
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу