Атом энергетикасы шетелдік электр энергиясына тәуелділікті азайтуға көмектеседі

Oinet.kz 08-09-2024 14

Экономика электр қуатымен жеткілікті түрде қамтамасыз етілмесе жұмыс істей алмайды, ал АЭС-тің негізгі мақсаты тұрақты және ұзақ мерзімді негізде электр энергиясын өндіру болып табылады. Қазақстанда халық саны өсіп, жаңа өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы нысандары пайда болуда, көлік-коммуникация инфрақұрылымы кеңейіп келеді. 

Screenshot_6.jpg

Мұның барлығы электр энергиясының көп мөлшерін қажет етеді. Қазақстан экономикасының болашақтағы өсуі тұрақты электр энергиясын өндіруді қамтамасыз ете алуымызбен тікелей байланысты, ал АЭС басқа көздермен үйлескенде бұл мақсатқа жетуге көмектеседі. Осы ретте елімізде АЭС салу бойынша халықтық штаб мүшелері түрлі мекеме ұжымдарымен кездесіп, алдағы референдумның маңыздылығын түсіндіруде. 

Атап айтсақ, кеше Түлкібас аудандық қоғамдық штаб мүшелері Аслан Нұранов, Сауранбек Таңатбаев «Түлкібас көрікті ел» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұжымымен кездесіп, АЭС салу бойынша 6 қазан күнгі  өтетін Референдумге байланысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.  

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Референдум тақырыбы қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәненде, бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» деген болатын.

Жалпы АЭС салу үлкен шығындарды талап етеді, бірақ ұзақ мерзімді перспективада бұл шығындардың барлығы өзін ақтайды. Қазіргі АЭС-ның жобалық пайдалану мерзімі 60 жылды құрайды және тағы ондаған жылға ұзартылуы мүмкін. Орташа қуаттағы АЭС жыл бойы жұмыс істеу үшін бірнеше тонна уранды қажет етеді, ал мазут немесе көмір жағатын станциялар қоршаған ортаға зиянын айтпағанда, бір жылда бірнеше миллион тонна отынды тұтынады. АЭС-ның пайдалану шығындары да салыстырмалы түрде төмен, бұл тарифтердің арзан болуына ықпал етеді. Сонымен қатар, атом энергетикасы шетелдік электр энергиясына тәуелділікті азайтуға көмектеседі, бұл да бағаны бақылауда ұстауға көмектеседі, - дейді Аслан Нұранов.

Атом электр станциясы – экология тұрғысынан қауіпсіз, жасыл және таза энергия. Ол жылу электр станциялары сияқты зиянды заттар бөлмейді. Көпшіліктің арасында көмір электр станцияларын салу керек деген пікірлер бар. «Көмірді тасымалдап өндірген электр энергиясы АЭС-те өндірілгеннен қымбатырақ шығады. Оның үстіне дүние жүзіндегі көмір, мұнай және газ қаншалықты тез таусылатыны туралы көптеген болжамдар бар. Бірақ болашаққа арналған болжамдар үшін қалған қорлардың саны емес, олардың қолжетімділігі маңыздырақ. Бірнеше ғасырға жететін мұнай қоры болғанның өзінде оны күрделі кен орындарынан алу мүмкін емес болуы ықтимал. Климаттың өзгеруіне байланысты адамзат күн мен желдің қуатын толыққанды пайдалану мүмкіндігінен айырылып қалуы да ғажап емес. Сондықтан «сақтанғанды сақтайды» деген қағиданы есепке алып, елімізде АЭС және энергияның басқа да қолжетімді түрлерін дамыта беру керек» деп санайды штап мүшесі.

Уақыт өткен сайын энергия тапшылығы және энергияға тәуелділік Қазақстанның өзекті мәселесіне айналатын түрі бар. Мысалы, 2023 жылы Қазақстан Ресейден шамамен 100 миллиард теңгеге 3,4 млрд кВт/сағат электр энергиясын импорттаған. Электр энергиясын сатып алудың орташа көтерме бағасы 1 кВт/сағат үшін шамамен 2 теңгені құрады. Белгіленген жоспардан тыс сатып алу кезінде құн екі есеге артады. Бұл оның қымбаттығына байланысты соңғы тұтынушылары тұрғындар мен бизнеске кері әсерін тигізеді. 

- Атом электр станцияларын салудың заманауи ұсынылып отырған технологиялары халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Әлемдік тәжірибе мен МАГАТЭ ұсынымдарына сүйене отырып, қазақстандық тарап әйгілі француздық Assystem инжирингтік компаниясы бекіткен технологияларды бағалаудың өзіндік жүйесін әзірледі. 13 жоба зерттелді. 4 буын ІІІ+ реакторлары таңдалды. Жалпы, атом электр станциясының құрылысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті қадам ғана емес, сондай-ақ, төмен көміртекті экономикаға жаҺандық көшу жағдайында елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторы болып табылады. Атом электр станциясы Қазақстанға қазіргі энергетикалық мәселелерді шешуге және болашақта тұрақты дамудың негізін жасауға көмектеседі, - дейді Сауранбек Таңатбаев. 

 Жиынға қатысушылармен еркін пікір алмасулар болды, штаб мүшелері азаматтардың сұрақтарына толық  жауап берді.  Жиын соңында аудандық қоғамдық штаб төрағасының орынбасары С.Таңатбаев: «Елдік маңызы бар, келешегі мол жобаға бейжай қарамай, 6 қазан күні референдумға түгел қатысып, өз таңдауларыңызды жасауға шақырамын» деді.

Түркістанда Референдумға дайындық барысы пысықталды
АЭС салуды елде қолдауға шақырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу