Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Бүгінгі күні АЭС салу бойынша Халықтық штаб мүшелері еліміздің түкпір-түкпірінде халықпен кездесулер өткізуде. Сол кездесудің бірі – Солтүстік Қазақстан облысында болды.
Штаб мүшелері ондағы шаруалармен, өңірдегі белсенді азаматтармен, сондай-ақ ғылыми-сараптамалық қоғамдастық өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Онда Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев АЭС салу бойынша ойларымен бөлісіп, халықты 6 қазанда жалпыұлттық референдумға қатысуға шақырды.
Жалпы біздің қоғамда радиофобия бар. Тек біздің емес, әлем елдерінде де сондай. Ол бірінші кезекте Чернобыль және Фукусима сияқты апаттар қайталана ма деген қорқыныш. Әрине әр оқиғаның өз себебі бар. Бірақ, бұл прогресске ұмтылған адамзат баласы үшін теңдесі жоқ сабақ болғаны рас. Тереңірек үңіліп көрсек, Чернобыль атом электр станциясы 1977 жылы, ал Фукусима АЭС 1971 жылы салынған екен. Олар қазіргі атом электр станцияларымен салыстырғанда апат қаупі жоғары боп келетін ескі буын реакторлары болған. Осы тұста, Семей полигонына қатысты да радиофобия барын жоққа шығаруға болмайды, бірақ ол бейбіт атомға қатысы жоқ мүлдем басқа әңгіме.
Тақырыпқа қайта оралсақ, қазіргі АЭС-тердің сыртқы қабығы табиғи апаттарға (торнадо, дауыл, 8 баллға дейінгі жер сілкінісі, су тасқыны), техногендік және антропогендік (жарылыстар, ұшақ апаттары және т.б.) әсерлерге төтеп бере алады. Қазіргі станцияларда ыдыраған өнімдердің сыртқа шығуына жол бермейтін күмбез қолданылады. Егер реактор ерісе немесе зақымдалса, күмбез радиоактивті заттардың бөлінуіне жол бермейді. Бір сөзбен айтқанда радиоактивті заттардың бөліну ықтималдығы нөлге дейін төмендетілген. Соның бірі біз пайдаланғалы отырған ІІІ және III+ буынды реакторлар. Ендеше, радиофобияға біздің жағдайымызда орын жоқ.
Осы мәселенің басын халықпен кездесулерде ашып айтқан Халықтық штаб мүшелері бірқатар серіктестіктердің жұмысшыларымен кездесу барысында сөз етті. Мәселен, Чапаев ауылындағы «Қызылжар сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алаңында Штаб мүшелері өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті. Соңғы 5 жылда Солтүстік Қазақстан Облысында сүт өндірісі 100 мың тоннадан астамға артты. Бүгінде ел аумағында өндірілетін сүттің 10 пайыздан астамы – осы өңірге тиесілі. Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында өңір тұрғындары жалпы 79 миллиард теңгені құрайтын 12,7 мың несие алған. Аталған қаражат мал сатып алуға, шаруа қожалықтарына, жылыжайлар салуға, техниканы жаңартуға және тағы басқаға бағытталған. Бұл жобалар көп мөлшердегі әрі тұрақты электр энергияны қажет етеді. Осы орайда, Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев АЭС – ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуда стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
- Атом реакторлары – тексерілген және сенімді энергия көзі ретінде алдыңғы қатарлы елдердің сеніміне ие. Шын мәнінде, әлемде атом станцияларын барынша ерте әрі көп салу бойынша тартыс жүріп жатыр. Қазақстанда жеке атом өнеркәсібін дамытуға қажет барлық жағдай жасалған. Біз уран қоры бойынша 2-орында және оны өндіру ісінде 1-орында тұрмыз. Қазір апаттық жағдайлар үйреншікті жағдайға айналса, АЭС осы мәселені шешіп, тұрақты энергия көзінің кепілі болмақ. Сондай-ақ, ол ауыл шаруашылығы өндірісінің одан әрі өсуіне жағдай жасайды, – деді ол.
Шаруалар АЭС құрылысына мүдделі екенін атап өтті. Себебі ол кәсіпорындардың жүйелі жұмыс істеуіне қажет тұрақты әрі сенімді энергиямен қамтамасыз етеді. Бұған қоса, агроөнеркәсіп кешенінің одан әрі дамуына лайықты жағдай жасайды.
Бұдан соң Штаб мүшелері М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттерімен және оқытушыларымен кездесті. Іс-шараға 100-ден астам адам қатысты. АЭС құрылысы жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Атап айтқанда, лайықты жалақы төленетін онмыңдаған жаңа жоғары білікті жұмыс орындары құрылады. Осы мақсатта атом энергетикасын дамытудың болашақ мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кадр даярлау жоспары әзірленеді. Соның негізінде жұмысқа қажет мамандар даярланады. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде болашақ ондаған физиктер, химиктер, инженерлер мен энергетиктер білім алады. Штаб мүшелерінің пікірінше, АЭС арқылы олар өздерінің тың идеялары мен озық ғылыми әзірлемелерін жүзеге асыра алады.
Сондай-ақ штаб мүшелері «Raduga K. D. R» ЖШС көпсалалы зауытындағы қағаз өндірілетін цехқа барып, кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті. Әңгімелесу барысында олар АЭС салынған жағдайда еліміздің экономикалық жағдайы қалай өзгеретінін айтты. Атап айтқанда, мұндай станцияның ұзақ уақыт жұмыс істеуі электр энергияның тұрақты тарифін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, штаб мүшелері Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптық бойынша міндеттеме қабылдағанын еске салды. Яғни, көмір технологиясымен өндірілетін барлық тауарға қосымша салық салынады. Осылайша, АЭС құрылысы қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілетін күшейтеді.
Зауыттың бас директоры Дмитрий Шарапаевтың пікірінше, атом энергетикасын дамыту Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, елге озық технологияларды енгізуге және шетелдік инвестицияларды көбірек тартуға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның еңбек ұжымы 6 қазанда өтетін референдумға белсенді қатысуға ниет білдірді.
Жалпы, астықты өңір саналатын Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары энергетикалық проблемаларды шешу және тұрақты дамуды қамтамасыз ету ісіндегі атом энергетикасының маңызын түсініп, АЭС құрылысына толық қолдау білдірді. Олар атом станциясы құрылысына дауыс беруге ниетті.