Атом энергиясын игеру – бұл бағыттағы проблеманы шешудің негізгі жолдарының бірі

Oinet.kz 02-09-2024 35

АЭС салуды қолдау жөніндегі Шардара аудандық Халықтық штаб мүшелері Е.Бекет пен Т.Бердібеков спорт мамандарымен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.  

Screenshot_4.jpg

Басқосуда штаб мүшелері АЭС салудағы ең маңызды мәселе – еліміздің энергетикалық әлеуетін қамтамасыз ету екенін жеткізді. Сондай-ақ, олар бүгінгі күні мемлекетімізде электр қуатының тапшылығы сезіліп жатқанын тілге тиек етіп, ал электр энергиясына деген қажеттілік жылдан-жылға өспесе, кемімейтінін түсіндіріп,  ағымдағы жылдың 6 қазанында өтетін АЭС салу жөніндегі референдумға қатысуға шақырды.  

- Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында энергия тапшылығы бізде ғана емес, әлемде күшейіп бара жатқанын айтып, елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет деді. Сонымен қатар АЭС құрылысы мәселесі жалпыхалықтық референдум арқылы шешілетінін жеткізді. Таңдаудың бұл түрі елімізде дамыған демократиялық қоғамның орныққанын көрсетеді. Қазіргі кезде халық арасында атом электр стансасын салу жөнінде қызу талқылау жүріп жатыр. Әрине, жобаны қолдайтындар да, оны сынап жатқандар да баршылық. Әр адамның пікіріне түсіністікпен және сыйластықпен қарау мәде­ниетін үйреніп, қоғамда осы дәстүрді қалыптастыруымыз керек. Осы орайда, ең алдымен, кең даламызда атом электр стансасын салу бүгінгі күннің талабы екенін толық түсініп алғанымыз жөн. Кейбір сарапшылардың болжамына сүйеніп, еліміздегі газ бен мұнайдың қоры 60-100 жылға жетеді деп есептесек, болашақ ұрпақтың қамын ойлау тұрғысынан да атом энергетикасын дамыту керектігі көрініп тұр, - дейді жиын спикері, штаб мүшесі Е.Бекет.

Бүгінгі күні көпті мазалайтын негізгі сұрақтардың бірі – стансалардың қауіпсіздігі мәселесі. Алайда сарапшылардың айтуынша, саладағы қатерлер, бұрын болған бірлі-жарым апаттардың себебі жан-жақты талданып, тексеріліп, ескеріліп, түрлі көлемдегі, барынша қауіпсіз реактор модельдері ұсынылып отыр. Бұл ретте ерекше көңіл қойып, баса мән беретін бір мәселе – атомнан басқа отын түрлерін (көмір, газ, бензин, мазут, солярка, дизель, т.б.) пайдалану атмосфералық ауаға күкірт қышқылы газын көп шығарып, парниктік әсерді көбейтіп, климаттың жылыну қаупін одан әрі еселейді. Сондықтан БҰҰ адамзаттың, жалпы жер биосферасының болашақ тыныс-тіршілігіне төніп тұрған қауіпті ескеріп, климаттың өзгеруі бойынша негіздемелік конвенцияны қабылдады. Аталған халықаралық құжатқа қосылған әлемнің 197 мемлекетімен қатар біздің еліміз де көміртегі шығарындыларын азайту, баламалы энергия көздерін пайдалануды арттыру жөнінде міндеттеме қабылдады. Былтыр Мемлекет басшысы Жарлығымен көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы бекітілді. Атом энергиясын игеру – бұл бағыттағы проблеманы шешудің негізгі жолдарының бірі.

– Елімізде салынғанына 50-60 жыл болған жылыту электр станциялары әлі жұмыс істейді. Олардың бәрінің тозығы жеткен. Одан бөлінетін улы газдың халық денсаулығына да, қоршаған ортаға да залалы көп. АЭС-тен атмосфераға улы газ бөлінбейді. АЭС – таза, тұрақты энергия көзі. Себебі, технология дамыған, жаңарған, инновациялық шешімдер тоғысқан заман. Сондай-ақ, АЭС 60-80 жылға дейін тиісті жұмысын атқара береді. Ең бастысы, мемлекетті тұрақты энергия көзімен қамтамасыз етіп, энергетикалық қауіпсіздік мәселесін түбегейлі шеше алады. Салыстырмалы түрде айтқанда, АЭС салу қай жағынан болса да, қолайлы, тиімді. Оңтүстік өңірде халық өте тығыз шоғырланғандықтан энергия тапшылығы сезіле бастады. Сол себептен де мемлекет АЭС-ті Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылы маңына салуға тоқталды, - дейді штаб мүшесі Т.Бердібеков. 

Жалпы, атом энергиясы таза энергия түрлерінің бірі, ал оны игеру ел экономикасының қарқындап өсуіне, болашақта электр энергиясының арзандауына жол ашады. Қазір әлемнің 30-дан аса елінде 200-ден аса атом стансасы жұмыс істеп тұр және көптеген мемлекет оларды жаңа технологиялық әдістермен салып жатыр. Бұған ХХІ ғасырда жер жүзінде 90-ға жуық реактор іске қосылып, тағы 50-ден астамы жаңадан салынып жатқанын да дәлел ретінде келтіруге болады. Жалпы, Еуропа одағына кіретін мемлекеттерде энергияның 25 пайызын, ал оның ішіндегі кейбір елдерде 50-60 пайызға дейінгісін атом электр стансалары беріп отырғанын да атап өту қажет. 

Жиын барысында спортшылар тарапынан қойылған сұрақтарға аудандық штаб мүшелері жауап беріп, оларды 6 қазанда өтетін жалпыұлттық референдумға қатысуға шақырды.

Шардаралықтарды АЭС салу жөніндегі референдумда дұрыс шешім қабылдауға шақырды
АЭС құрылысы елдің энергетикалық қуатын арттырудың алғы шарты болмақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу