АЭС - халық үшін тиімді

Oinet.kz 02-09-2024 38

6 қазанға тағайындалған жалпыұлттық референдум бойынша жиындар еліміздің барлық өңірінде қызу жүргізілуде. Осындай кездесу Түлкібас ауданындағы Түлкібас Кент клубында ауыл ақсақалдарының ортасында «Атом электр станциясының халық үшін тиімді тұстары» атты тақырыб аясында дөңгелек үстел өтті.

Screenshot_2.jpg

Дөңгелек үстелге аудан ардагерлері, әкімшілік мамандары, ауыл мұғалімдері мен жас мамандар қатысты. Жиынды ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Тоғыспаев ашып жүргізіп отыр.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын. Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын» дей келіп, елімізде салынатын АЭС-тің экономикалық тұрғыдан қажеттігін айтты. Президент бұл мәселені халықпен ақылдаса шешкенді жөн көріп отыр. Сондықтан да біз ел назарына, ортасына салынған осы мәселені ой елегінен өткізіп, 6 қазанда өтетін референдумға барып, өз таңдауымызды, азаматтық таңдауымызды жасауға тиіспіз, - деді ақсақалдар төрағасы.

Кент әкімшілігінің бас маманы Г.Бердібекова АЭС-тің халық үшін тиімді тұстары мен қажеттілігі туралы айтып өтті. «Өздеріңіз жақсы білесіздер қазір Еуро Одақта энергияның төрттен бір бөлігі Атом электр станциясында өндіріледі. Қазір Одаққа мүше 27 елдің 13-інде 103 реактор жұмыс істеп тұр. Франция – атом энергетикасы бойынша Еуропаның ғана емес, әлемнің көшбасшысы. Бесінші мемлекет электр қуатының 75 пайызын атом электр станциясынан алып отыр. Мәселен, 1973 жылға дейін Франция электр энергиясының жартысын шетелден импорттап, жартысын мұнайдан алып келді. Сол жылы болған мұнай дағдарысынан кейін ел үкіметі атом энергетикасын қарқынды дамытуға кірісті. Қазір елдегі 19 атом электр станциясында 56 реактор жұмыс істеп тұр. Сол елдің Лилль Католик университетінің профессоры, зерттеуші Оливье Арифон ның сөзінше, Франция өте арзан электр энергия өндіру үшін ядролық энергетиканы дамытып, реакторларды іске қосты. Экономиканы декарбонизациялау үшін мұнай мен газды атом энергиясымен алмастыру қажет. Қазір Франция өзінен артылған қуат көзін Еуропа нарығына саудалап отыр.

Атом электр станциялары өндірген электр энергиясы Францияның өз қажеттілігін толық өтеп отыр. Сондықтан ел үкіметі артылған қуатты Испания, Италия, Швейцария мен Ұлыбританияға экспорттап, жылына 3 миллиард еуро пайда көреді. Реакторларға қажет отын-уранды Франция Қазақстаннан тасымалдайды. Елдің ядролық қауіпсіздік басқармасы ең жоғарғы қауіпсіздік стандартын қолданады.

Ал осы елдің білікті инженер, климат және энергетика мәселелерін зерттеуші-ғалым Жан-Марк Янковичинің айтуынша, «Қазіргі ядролық энергетика, төртінші буын реакторлары жеңіл басқарылады. Қауіпсіздікке алаңдаудың қажеті жоқ. Атом электр станциясы қазбалы отынға қарағанда қоршаған ортаға көмірқышқыл газын шығармайды. Ол – парниктік газдарды азайтуға және климаттың өзгеруімен күреске бағытталған өте тиімді шешім.

2050 жылға қарай Францияда тоқты тұтыну 35 пайызға өседі, - дейді мамандар. Сондықтан ел үкіметі алдағы уақытта тағы 14 атом электр станциясын салуға ниетті. Бұл – электр энергиясының бағасын тежеп, халықтың сатып алу қабілетін арттырады. Ең бастысы, энергетикалық тәуелсіздікке кепілдік, - дейді сарапшы.

Ал адагер ұстаз Мейрамбай Құттыбай ағай АЭС- тің қажеттілігі мен маңыздылығы туралы айтып, халық саулығы мен қоршаған ортаға әсері қалай болар екен деп сауал тастады. Ол сұраққа әкімдік өкілі ғылыми және саяс тұрғыда ғалымдардың сараптамаларын келтіре отырып жауап берді. Осыдан кейін сөз алған жас маман Ф.Дуанабеков АЭС туралы өз ойын ортаға салады. 

- Елімізде Атом электр станциясын салудағы басты мақсат – Қазақстанның негізгі энергия көзі қылып, энергия жүйесінің дамуына тұрақты ықпал ету. Біздің елде энергия көзінің жетіспеушілігі қордаланған мәселе екендігі бәрімізге аян. Иә, шынымен де айдың күннің аманында жарық өшіп қалатын аймақтар аз емес. Ал, қазіргі заманда барлығы да электрлік жүйеге көшкен. Осыдан кейін оны тіршілік көзі демей не дейміз?! Қарапайым мысал: қыста жылу беріп, қалтамыздағы смартфонды қуаттау үшін де энергия көзі ауадай қажет. Былайша айтқанда, қолданатын күнделікті құрал-жабдығымыздың ауасы, һәм жанар-жағармайына айналды десек те болады. Бірақ, бұрыннан келе жатқан ЖЭС-тер ескірген, кей технологиялардың тозығы жеткен. Осының барлығының орнын толтыратын жалғыз жол – АЭС. Қазірдің өзінде энергия көзіне тапшылық қиындық тудырып отыр. Тиісті шаралар қолданбасақ, алдаға уақытта ахуал одан әрі күрделеніп кетуі ғажап емес. Ал, онсыз өнеркәсіпті дамыту мүлдем мүмкін емес. Дәл осы жайттарды ескере отырып, АЭС салу уақыттың еншісінде дегім келеді. Ел Президенті: «Қазақстан әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше, өз жерімізде атом стансасын салуға әбден хақымыз бар» деген еді. Олай болса, бұл шаруаны көп кешікпей қолға алуымыз керек деп есептеймін. Өйткені жарқын болашақ жаңа бастамаларды талап етеді, - дей келіп жас маман ауыл тұрғындарын 6 қазанда республикалық референдумға қатысуға шақырды. 

«Сауынды жылқы» бизнес жобасымен табысқа кенелді
Шардаралықтарды АЭС салу жөніндегі референдумда дұрыс шешім қабылдауға шақырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу