АЭС – болашақ энергия көзі

Oinet.kz 15-09-2024 99

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында Атом электр станциясы қажет екенін, оны халықтын талқысынан кейін, референдумға салатынын айтты. Ал, референдум 6 қазанға белгіленді. АЭС салу бойынша Халықтық штаб мүшелері мен Amanat партиясының Түркістан облыстық филиалы Сарыағаш ауданындағы Қызылжар ауылдық округінің мәдениет үйінде жиын өткізді. 

Screenshot_15.jpg

Оған Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Amanat партиясы жанындағы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің  Түркістан облысы бойынша кураторы Сағындық Жылқыбаев қатысты. Жиынның мақсат-міндетімен таныстырып өткен Алтынсары Дүйсенбекұлы, Amanat партиясы шын мәніндегі халықтық саяси ұйымға айналғанын айта отырып, сайлаушылардың сұраныстарын тыңдауға басымдық бергенін айтты. 

- Елімізде АЭС салынған жағдайда 10 мыңға жуық жұмыс орны ашылады, ал стансаны пайдалануға бергеннен кейін 2 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Бұл өз мамандарымызды жұмыспен қамтуға себепкер. Ал АЭС-ті бір нұсқа ретінде қарастырып отырған Алматы облысына қарасты Үлкен ауылында салатын болсақ, онда 1 800-ге жуық халық бар. Эксплуатациядан соң ауыл халқы өсе бастайтыны анық, мүмкін шағын ауылдан қалашыққа дейін үлкейер, - дейді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметі бойынша 2050 жылға қарай барлық елдің АЭС-інен өндірілетін электр энергиясы – 792 гегаватқа дейін, яғни 2 есеге өседі деп болжап отыр. Әлемдегі 415 реактордың жалпы қуаты – 373 735 МВт. Ал қазір салынып жатқан 60 реактордан алынатын қуат көзі – 62 637 МВт болмақ. Яғни, әлемнің энергияға, оның ішінде атом стансаларына деген сұранысы артып отыр.

- Жалпы АЭС-тің артықшылықтары мен маңыздылығы туралы сөз қозғағанда мен мына бір жағдайларды басым айтқым келеді. АЭС үлкен көлемде электр энергиясын өндіре алады, әсіресе халық саны көп аймақтар үшін маңызды. Сондай-ақ, атом электр станциялары парниктік газдарды аз шығарады, бұл климаттың өзгеруіне қарсы күресте маңызды рөл атқарады. Тұрақты түрде энергия өндіре алады, бұл жел немесе күн энергиясымен салыстырғанда маңызды артықшылық. Энергетикалық тәуелсіздік: АЭС Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін арттыруға көмектеседі. Қазіргі уақытта елде электр энергиясы негізінен көмірден өндіріледі, ал атом энергиясы бұл саладағы әртараптандыруға ықпал ете алады. Экономикалық тиімділік – ұзақ мерзімді перспективада АЭС арзан әрі тұрақты энергия көзі болуы мүмкін. Бұл ел экономикасының дамуына және өнеркәсіптің өсуіне үлес қосады. Технологиялық даму – АЭС салу жоғары технологиялық саланы дамытуға, ғылым мен техниканың алға жылжуына септігін тигізеді, - дейді Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев.

Бүгінде еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесі өзекті болып тұр. Қазақстанда АЭС салу – жаңа энергетикалық қуат көздерін арттыру ғана емес, бұл біздің энергетикалық тәуелсіздігіміз бен экономикалық тұрақтылығымыздың кепілдігі. Бүгінде әлемде мемлекетті тұрақты әрі сенімді энергиямен қамтамасыз ету дегеніміз – табысты экономикалық өсу мен әрбір азаматтың әл-ауқатының кілті болып отыр. 

Спикер Сағындық Жылқыбаевтың айтуынша, АЭС салу мәселесінің көтерілуі – соңғы 2-3 жылда энергетика саласында біраз өзгерістердің болуымен байланысты болып отыр екен. Соның бірі Екібастұз, Риддер Петропавлда қыстың көзі қырауда жылу жүйелерінде болған апаттар. Бұл апаттар энергетика саласындағы тозу деңгейінің жоғары екенін ашық көрсетті. Еліміз бойынша стансалардың орташа тозу деңгейі – 65 пайыз. Тіпті, кейбір жеке стансалар 85-86 пайызға тозған. Кеңес өкіметінде салынған стансалардың осы уақытқа дейін тозуы да қалыпты нәрсе. Алайда бұл негізінен үлкен қауіп тудырады. 

«Экономикамызбен қатар тұтынушылардың көлемі де, деңгейі де өсіп жатыр. Қарапайым тұтынушылардан бастап, елімізге келіп жатқан инвесторлар, тау-кен, металлургия, мұнай-газ саласында жүзеге асып жатқан жоспар, жобаларға дейін электр энергиясын қажет етеді. Сондықтан бізге генерацияның жаңа түрлері, көздері керек. Ол көмір болсын, су, баламалы энергия, атом болсын. Алайда бүгінде бүкіл әлем көмірден бас тартып, көміртек шығарындыларымен күресіп жатыр. Ал көміртек шығарындыларының едәуір бөлшегі энергетикаға тиесілі. Біз қазір энергетиканың 65 пайызын көмірден алып отырмыз.  Мұны болашақта қалай өзгертеміз деген сұраққа қазірден бастап жауап беруіміз керек. Бұл мәселеде АЭС біріншіден экологиялық таза, екіншіден қалдықтардың аз болуы. Өйткені атом стансасы көмір жақпайды, сәйкесінше ауада көміртек шығарындылары болмайды. Ал үшіншіден атом стансасы базалық генерацияға жатады. Ол энергияны тоқтаусыз береді деген сөз. Бұл қарапайым тұтынушыларға ғана емес, ірі тау-кен, металлургия, мұнай-газ саласына керек дүние. Өйткені олардың технологиялары электр энергиясын тоқтаусыз тұтынуды қажет етеді. Егер электр энергиясы болмаса олар өз өнімдерін шығара алмайды. Сондықтан дәл қазір энергетика мәселесінде Қазақстан тарихи шешім қабылдайтын кезеңде тұр» дейді Сағындық Жылқыбаев.

Жиын соңында штаб мүшелері тыңдаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға да жан-жақты жауап берді.

Халықтық штабтың мүшерелі түлкібастық жұртшылықпен кездесті
Уақыт елде АЭС салуды қажет етіп тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу