АЭС тұрақты әрі сенімді энергия көзі

Oinet.kz 14-09-2024 34

Шындап келгенде бұл жыл Қазақстан үшін энергетикалық болашақ тұрғысынан шешуші кезең болмақ. Қазір елде атом электр станциясын салу мәселесі қоғамда қызу талқыға түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында 6 қазанда АЭС құрылысы бойынша ұлттық референдум өтетінін хабарлады. 

Screenshot_12.jpg

Бұл референдум – елдің стратегиялық шешімдер қабылдаудағы халықтың пікірін ескеру бағытында жасалған нақты қадам. Алдағы таңдау Қазақстанның энергетикалық болашағын айқындайтын маңызды шешім болары анық.

Бүгінгі күні АЭС салу бойынша үгіт-насихат жұмыстары жандана түскен. Осындай жиын Жетісай ауданының Қазыбек би ауылдық округінде өтті. Оған аудан әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, Amanat партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров және қоғамдық саяси ұйымдардың өкілдері, округ тұрғындары, ауылдың белді кәсіпкерлері мен ақсақалдары қатысты. 

Жиынды аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов ашып, жүргізді. 

«Қазақстанның қазіргі энергетикалық балансы әлі де көмірге тәуелді. Бұл елдің экономикалық дамуына кері әсер етіп қана қоймай, экологиялық тұрғыдан да үлкен қауіп төндіруде. Елдегі электр энергиясының 57 пайызы көмірден, 29 пайызы табиғи газдан өндіріледі, ал жаңартылатын энергия көздеріне небәрі 13 пайыз ғана тиесілі. Мұндай жағдай Қазақстан үшін энергияны әртараптандыру мен экологиялық таза технологияларға көшудің қажеттілігін айқын көрсетеді. Сондықтан да Мемлекет басшысы Жолдауында уақыт создырмай елде АЭС салу туралы мәселені 6 қазанда референдумға шығаруы орынды бастама болды, - дей келіп, мәслихат төрағасы Медет Қасымов сөз кезегін аудан әкіміне берді.

Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық ақуалына тоқталды. Соның ішінде Қазыбек би ауылдық округінде атқарылған жұмыстарға шолу жасап өтті. аудан әкімі жалпы мұнда жыл басынан бері тұрғындар тарапынан көтерілген 10 мәселенің үшеуінің шешімін тапқанын, 7-нің орындалу үстінде екенін айтты. Бүгінде Қазыбек би ауылдық округінің Жамбыл елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 900 метрді құрайтын Атамұра, ұзындығы 1,8 шақырымды құрайтын Бигельдинов, Қалдыбаев, Достық көшелерін орта жөндеу жұмыстарын бастауға тиісті қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу өтіп жатса, Қазыбек би елді мекенінің Жеті жарғы көшесіндегі тесілген ауыз су құбыры «Жетісай су» МКК тарапынан ретке келтірілген. Құрбан ата елді мекенде жаңадан ауыз су жүйесі тартылса, Таубай ата елді мекенінде ауыз су жүйесіне ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Ал, Ә.Оспанов елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 11,3 шақырымды құрайтын 15 көше, Құрбан ата елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 9,6 шақырымды құрайтын 10 көше «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында орта жөндеуден өткен. Одан бөлек, Қазыбек би елді мекеніндегі Райымқұлов, Өмірзақов, Бейбітшілік көшелері, Таубай ата елді мекенідегі Жасұзақ, Абибулла, Егенов, Сапарбек ата көшелерін орта жөндеуден өткізу үшін қаржы бөлінген. Сондай-ақ, аудан бюджеті есебінен Жамбыл елді мекеніндегі Байтоғай көшесіне аяқ жол салу жоспарланып отыр. Осы мәселелерді баяндай келіп, аудан әкімі Серік Мамытов негізгі тақырыпқа ойысты. 

- Қазір кейбіріңіз Қазақстанға «АЭС салу неге қажет?» деген ойда отыруларыңыз мүмкін. Оның қажеттілігі бірнеше негізгі себептерге байланысты. Біріншіден, елдің экономикалық өсуі мен халық санының артуы электр энергиясына деген сұранысты арттырып отыр. Екінші мәселе – елдегі ескірген энергетикалық инфрақұрылымның тозуы. Әсіресе көмірмен жұмыс істейтін станциялар экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып барады. 2023 жылы Қазақстан Ресейден 3,4 миллиард кВт/сағ электр энергиясын импорттап, бұл елдегі электр энергиясының 20 пайызын құрады. Осыған байланысты, АЭС тұрақты әрі сенімді энергия көзі ретінде қарастырылып отыр. Үшіншіден, АЭС-тің құрылысы Қазақстанның көмір мен газға тәуелділігін төмендетіп, атмосфераға бөлінетін көміртегі шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай станциялар экологиялық таза әрі тұрақты энергия көзі ретінде елдің парниктік газдарды азайту бойынша халықаралық міндеттемелерін орындауына көмектеседі. 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына жету Қазақстанның басты экологиялық мақсаттарының бірі, - деді аудан әкімі. 

Жиын барысында Amant партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров, аудандық полиция бөлімінің басшысы Әділбек Сапарбеков, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев пен аудандық мәслихат депутаты Мұрат Құрбанов өз ойларымен бөлісіп, Қазыбек би ауылдық округ тұрғындарын 6 қазан күні өтетін жалпұлттық референдумға қатысуға шақырды. 

АЭС – еліміздің энергетикалық саясатының маңызды бағыты
Ардагерлер жалпыұлттық референдумға қолдау білдірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу